Мамандардың топшылауына қарағанда Шымкент қаласы еліміздегі ең көне қалалардың бірі саналып, оның тарихы 2200 жыл алдыңғы тереңнен басталады. Бұлайша қала мәдениетінің тамырын тереңнен тарту – Орта Азиядағы ең көне қала Маракандадан (Самарқан) кем түспейтін хронологияны қамтуы тиіс. Шымкент тарихын ғасырлар қойнауына сүңгітетін жәдігерлер көне цитадель аймағы мен қала аумағындағы оба-қорғандар айналасынан табылған заттармен айғақталады. Бұлар – археологиялық ескерткіштер. Ал қала өркениетін көрер көзге ап-анық көрсететін сәулет ескерткіштері жоқтың қасы. Шымкенттегі көне сәулет ескерткіші дегенде, Ескі қаладағы «Жәми мешітін» ғана еске аламыз. Өзге көз сүрінер нысан жоқ. Бар болса, оның өзі берідегі ХХ ғасырға жатады.
tories/00me.jpg» border=»0″ />
Шымкенттің ең көне сәулет ескерткіші – Жәми мешіт дедік. Тұрғындар арасында «Ескі мешіт», «Қошқар ата мешіті», кейінгі кездері «Шыңғысбай Дәуітұлы мешіті» аталып жүрген мешіт қаланың сәулет ескерткіштері тізімінде осылай аталады. Сондықтан, мақаламызда осы дәстүрден жаңылмай, шартты түрде сол атаумен атай бергенді дұрыс санадық. Жалпы, «Жәми мешіт» деген атау не мағына береді десеңіз, мұндай атаумен ортағасырлардағы Орта Азияның үлкен қалаларында жұма намазы мен айт намаздары ұдайы өткізіліп тұратын, діни рәсімдерде үлкен жамағат жиналатын, дін ғұламалары тұрақты ұстап отыратын ірі діни орталықтарды атаған. Яғни, «Жәми» деген – «жамағат» деген сөз. Мұндай атауды кез келген мешіт иелене бермегенін ескерсек, Шымкенттегі бұл мешіт өз заманында осы аймақтағы ең ірі діни орталық қызметін атқарғанын аңғаруға болады.
Мешіт Шымкенттің «Ескі қала» деп аталатын бөлігіндегі Амангелді көшесінің бойында, Қарасу өзені (Қошқар ата өзенінің көне арнасы) жағасында орналасқан. Мешіттің құрылыс формасы ортаазиялық Тәшкен-Ферғана сәулет стиліне жатқызылады. Ә.Дербісәлінің 2009 жылы жарық көрген «Қазақстан мешіттері мен медреселері. Рухани шамшырақтар (ІХ-ХХ ғ.ғ.)» деп аталатын еңбегінің дерегінше, бұл мешіттің құрылысы 1881 жылы басталыпты (1). Құрылымы жағынан қызметтік және діни рәсімдер өткізу ескеріліп салынған ауласы кең. Ауланың өзі мешітте адам саны көбейетін сәт туа қалса, діни салт-жоралғыларды атқара беруге бейімделген. Ертеректе аула ортасында көлеңкелі жүзімдік аспалары, құдық пен кішірек мұнара болса, қазір одан тек мұнара ғана қалған. Мешіт осы ауланың батыс жағында «Г» формасында күйдірілген кірпіштен салынған. Қапталдағы 2 қабатты ағаштан жасалған жабық террасалы айвандар кейіннен тұрғызылған. Сәулетші мамандардың «Тәшкен-Ферғана сәулет стилі айқын көрінеді» дейтін оюлы-ағашты құрылыстар – осылар. Мешіттің ішкі көріністерінен де сол стилдің ерекшеліктерін айқын көреміз. Мешіт – қасбетті композициялық мешіт-айван типіне жатады. Мешіттің ертеректегі құрылымы қысқы зал мен 2 қапталдағы жазғы айваннан тұрған. Басты фасады ортасында жеңіл ғана шығарылған 3 доғалы композициялық портал түрінде шешімін тапқан және бұрыштарында күмбез жабынды 2 кіші мұнарасымен айқындалған. Шатырдың ортасында биіктеу етіп жабылған күмбезі онша үлкен емес барабанның үстіне орналасып, мешіт интерьерінде жабынның ұстынды-күмбезді жүйе (арочно-купольная система), ал айванында жалпақ арқалық түрі пайдаланылған. Қысқы залдың батыс тұсындағы қабырғасының ортасында орналасқан михрабының жиегі әдемі оюлармен бедерленіп, боялып, қабырғалары мен ұстындар жақтауында өсімдік текті өрнектер мен араб қарпінде көркем жазылған жазулар болған (2).
tories/00mewww.jpg» border=»0″ />
Осындай жарқын сәулет ескерткішін салып, бүгінге қалдырған кім болды екен? Ол туралы интернет былай тұрсын, жазба әдебиеттің өзінде дерек жоққа тән. Тіпті, біз сөз етіп отырған Жәми мешіт туралы да бірді-екілі энциклопедиялық еңбектер ғана сараң мәлімет береді. Сол ақпараттарды бір ортаға жинап, жоғын ауызша деректермен толықтырып, бір ортаға топтауды ойладық. Осы ойдың жетегінде аталған мешіттің жауапты қызметкерлерінен сөз сұрасақ деп арнайы бұрылдық. Өзін Талғат Әлі деп таныстырған мешіт қызметкері сәулет ескерткіші туралы бар білгенімен бөлісті. Оның айтуынша, мешіт құрылысын Шыңғысбай қажы Дәуітұлы атты кісі 1881 жылы бастап, 1889 жылы ерте көктемде аяқтаған. Мешіттің сәулетшілері мен ұсталарын Тәшкен шаһарынан алдырып, құрылыстың басы-қасында өзі қадағалап отырыпты. Шыңғысбай қажы 1889 жылы мешіт құрылысын аяқтаған соң, сол жылдың мамыр айында қажылыққа аттанып, қазан айында елге оралады. Қажылықтан келгесін 1890 жылы 78 жасында дүние салады. Қажы қайтыс болғанымен, мешіттің қалыптасуы мен дамуы тоқтамаған секілді. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, одан кейінгі кезеңде ойылған ағаш құрастырмалармен екі қабатты медіресенің құрылысы жүргізілген. Мешіт жамағаты мешітті ұстап тұру үшін қосымша шығындар шығындаған. Мешіт (айналасындағы құрылыстармен қоса) ХХ ғасырдың алғашқы жартысында, Кеңес өкіметі Шымкент қаласына орныққаннан кейінгі тәркілеу заманында үкімет меншігіне тартып алынып, 2-ші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін әскери казарма, комиссариат, милиция ғимараты қызметтерін атқарған. Тек соғыс аяқталып, жылымық жылдар орнағаннан соң 1947 жылы тұрғындарға қайтарылып, мұнда діни рәсімдер өткізуге рұқсат етіліпті. Мешітті қазір де қаланың мұсылман жамағаты құрылымдық кешенімен қоса пайдалануда. 2014 жылы мешіт ауласының оң жақ қапталындағы кейінгі замандарға тиесілі ағаш құрылымды медіресе ғимараты өртеніп кетіп, оның орнына заманауи ғимарат салынған. Қазіргі кезде бұл нысанда мешіт базасында жұмыс істейтін медіресе мен тәліптердің жатын орны орналасқан.
Мешіт қызметкерінен осы мешітті салдырған Шыңғысбай қажы атты кісінің шыққан тегі, мешіт салу тарихы, тұлғалық қасиеті, ұрпақтары туралы сұрағанымызда, қажының шөбересі Сейдахан дейтін қария кісіден толық мәлімет ала алатынымызды айтып, жөн сілтеді. Сейдахан ақсақал қазіргі уақытта Төле би ауданындағы Кемеқалған ауыл округінің орталығы Абай ауылында тұрса да, осы мешітке әр жұма сайын жұма намазына келіп тұрады екен. Ал біз «жұманы күтпей ақсақалдың әңгімесін тыңдайық әрі Шыңғысбай қажының жерленген жерін көзбен көріп, басына зиярат етейік» деп Төле би ауданына тарттық.
Арнайы ат басын бұрып, Абай ауылына барғанымызда Сейдахан атай есігінің алдындағы жүзімнің қою көлеңкесінде дем алып отыр екен. Нұр-Сұлтан қаласында қызмет атқаратын баласы отбасымен ауылына келіп, немерелерінің ортасында улап-шулап жатқан үстінен түстік. Өзі бөтенді жатырқамайтын, әңгімешіл кісі екен. Көлеңкеге біз де жайғасып, әңгімесіне құлақ түрдік.
ХІХ ғасырда Шымкент уезіне қарасты аймақта дулаттың шегір руынан тарайтын Аманта аталығынан шыққан, көпке танымал Дәуітбай деген бақуатты кісінің Шыңғысбай, Байымбет, Қасым дейтін үш ұлы болыпты. Шыңғысбай қажы – соның үлкені. Дәуітбай соншалық ірі дәулетті кісі болмаса да, одан тарайтын ұлдары шеттерінен бай-дәулетті болған. Мәселен, Шыңғысбайдың інісі Қасым бай туралы ел аузында көптеген аңызға бермес әңгімелер айтылады. Солардың бірінде Қазығұрт тауының теріскейінен бастау алатын Текесу өзені бойын жайлаған ел Қасым байдың жылқысы суатқа түсер алдын ауыз суларын алып қалуға өзенге жүгіреді екен. Өйткені, байдың жылқысы суатқа құлаған сәтте, Текесу өзені суалып қалады деседі. Жылқысының көптігі туралы бұдан асқан суреттеу бола қоймас. Осыдан-ақ Дәуітбай әулетінің өз заманында дәуірлегенін білуге болатындай. Шыңғысбай қажы 1822 жылы осындай әулетте дүниеге келген. Жастайынан шаруашылық жүргізу мен білім алуға ден қойыпты. Діннен хабары терең болып, мешіт ұстап, имамдық істеген, ілім-білім қонған кісі екен. Шыңғысбайдан 6 бала: бәйбішесінен Өтен, Мәтқұл, Мәулен, Маннан деген 4 ұл, тоқалынан Мамыт пен Мадияр тарайды. Мамыттан Ермаханбет, Түймаханбет, Әбдімомын тармақталса, Түймеден (Түймаханбет) Сейдахан атайдың шаңырағы екен. Сонда бұл кісі – Шыңғысбайдың төртінші ұрпағы, шөбересі болып шығады. «Өтен атамыздың моласы Шымкенттегі ескі автовокзал маңында, қазір «Жамалбек қажы» сауда орталығының орнында еді. Сүйегін сырып алып тастағанда Қасқадағы мұсылман моласына қайта жерлегенбіз» деп ақсақал Шыңғысбайдың Шымкенттегі балаларының соңғы қоныс-ізін еске алды. Ақсақалдың айтуынша, бүгінде Шыңғысбай қажының ұрпағы өсіп-өніп, толықтай дерлік осы ауылда шоғырланған. Бір ауыл елге айналып, 100 түтінге жетіп отыр.
Шыңғысбай қажының дәуірінде қажылыққа барудың өз талап-қиындығы болған деседі. Мекке қаласының шайхысы арнайы жарлық шығарып, қажылыққа келетін кісілердің мұсылмандығы елдеріндегі мешіттің бар-жоқтығымен бағаланыпты. Ал қажылық рәсімі жасалатын Әл-Харам мешітіне мұсылман еместерді кіргізбейтіні белгілі. Көшпелі қазақтың жайлауында мешіті болмағандықтан, біздің елдің қажылықтан үміттілері өзбек пен сарттың қатарында барған. ХІХ ғасырдың соңында қазақ даласынан қажылыққа аттанатын бай-сұлтандар бас қосып ақылдасады да, қазақты мұсылман жұрты санатына жататынын дәлелдемек боп, өз уездерінен мешіт құрылысын бастайды. Абайдың әкесі Құнанбай уезд орталығы болған Қарқаралыда мешіт салуды бастап береді де, барша қазақ даласының түкпір-түкпірінде сол құрылыптас мешіттердің тізбекті құрылыс шеруіне ұласады. Шымкенттегі Жәми мешіттің құрылысы да сол науқанның ықпалымен басталып кеткен. Мешіт құрылысын бітіре салысымен Шыңғысбай қажының Меккеге қажылыққа аттануы бұл сөзді растайтын секілді. Осыған қарағанда, Шымкенттің ортасындағы Жәми мешіт – тек діни рәсім өткізетін қатардағы мешіт қана емес, қазақтың мұсылман жұратына жататынын дәлелдеген символикалық мәні бар нышандардың қатарында болып тұр емес пе?
tories/00mew.jpg» border=»0″ />
Сейдахан атай бастап, Шыңғысбай қажының жерленген жеріне барып, қажы әруағына зиярат еттік. Айналасы көне қорым. 1890 жылы қайтыс болғаннан кейін қазіргі Абай ауылынан оңтүстікке, Қазығұрт тауына қарай 2 шақырымдай қашықтағы жерге жерленіпті. Күнбатыс тұсындағы сайда Текесу (Қошқарата) өзені және тау жақ бетінде кішірек бұлақ ағып жатыр. Мола биыл жаңадан салынған кішірек суқойманың жоғары жағында тұр. Қажының ұрпақтары моланың айналасын қоршап қойыпты. Оған дейін қоршаусыз тұрған сәтінде мал жайылымына айналып, аяқасты таптаурын болған. Сейдахан атай Шыңғысбай қажының басына ертеректе қойылған Самарқанның көктасынан қалған жұрнақты көрсетті. Өзі кішкентай ғана жіңішкелеу тас. Бұрын ол ұзын екен. Мола қоршаусыз болған тұста көктас екіге бөлініп, сынып, кейіннен тастың жазуы бар жағы жоғалып кеткен. Сейдахан ата тас сынығы жоғалардың алдында әлгі тастағы жазуды дін мамандары мен облыстың имамдарына көрсеткенін айтты. Оқи алмапты. Ал қазіргі қалған кішкентай бөлігінде жазу сақталмаған. Атай осы арада бір қызық әңгіменің шетін шығарды. «Менің атам – Мамыт бір күні аяқасты жатқан көктасты сақтап қалу үшін үйге әкеліп қойыпты. Бір күні түнде ұйықтап жатқан сәтінде әкесі түсіне еніп, тасты орнына қоюды бұйырған. Ертесіне таң ата салысымен орнына апарып қойдым – деп отыратын» деп ақсақал көктасты еске алды. Ал тас бетіндегі көне жазу бейнесі тіпті фотосуреттерде де сақталмаған екен.
Кеңес заманындағы кәмпескелеу мен қудалау нәубетінен Шыңғысбай қажы әулеті де шет қалмапты. Шыңғысбайдың інісі Қасым бай Кеңес өкіметі орнағанға дейін Шымкент уезіндегі ең бай қазақ болыпты. Ел аузында ол кісі туралы аңыздар көп. Соның бірінде Сайрамдағы шайханада Шымкент уезінің бай-болыстары бас қосып қалады да, Қасым бай «осы уездегі 6 базардың барлығында тұрған малды нақты ақшаға сатып аламын» деп бәс тіккенде, байлардың ешқайсысы бәске шыдамапты. Кәмпескелеу мен бай-құлақтарды қуғындау заманы келгенде Қасым бай бар малын ауылдағы туысқандарына таратып береді де, бір тайды құдайы атап сойып, сандығындағы қағаз ақшасын өртегенде әлгі тайдың еті пісіпті дейді аңыз. Ол дәуірде де инфляцияға шыдамды жалғыз қор алтын болған. Бар алтын қазынасын бір түнде киіз бен кілемге орап, түйелеріне артып алады да, Түркіменстанның құмына ауып кетіпті. Араға бірнеше жыл уақыт салып Қасымбай туған жеріне оралған. Елді ашаршылық қысып жатқан кез екен, жалғыз өзі жалаңаяқ, тозған киімі жалбырап келеді де, өзінің ескі қазақы қоржынтамына кіріп құлайды. Туған-туысы жиналып, бастан кешкені, қайда барғаны, қазынасы туралы сұрағанда жақ ашпаған. Тек сол оралғаннан көп ұзамай көз жұмарының алдында қайта сұрағанда, «Қаратас…» деп сөзін бастап келе жатқан сәтінде демі үзілген екен. Содан Қасым байдың қазынасы қай жерде жасырылғанын ешкім білмейді. Осы оқиғадан кейін Шыңғысбайдың кіндігінен тарайтын тікелей ұрпақтары да үш әріптің «мешіт салған қажының ұрпағы» деп қуғындауынан қауіптеніп, бір түнде Шымкенттегі мешіт қабырғасында қажының аты-жөні жазылған тас тақтаны таспен ұрып өшіреді. Шыңғысбай қажының мешіт салдырғаны туралы деректің соңғы кезге дейін табылмауының сыры да сол қуғын-сүргін астарында жатыр. Сейдахан атаның айтуынша, ескі мешітті Шыңғысбай қажы салдырғанының дәлелі ретінде тек ұрпағының және тұрғындардың ауызша деректерінен бөлек, мешіт михрабына басылған қажы мөрінің табы болған екен. Ол мөр ізі өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін сырт көзден елеусіз сақталып тұрған, ол туралы тек бірді-екілі кісілер ғана өзара сыбырласып айтқан деседі. Сейдахан ақсақал тағы бір дәлел ретінде мешіттің бұрыштарындағы кіші мұнараларына қаланған кірпіштердің кейбіріне қажының сол мөрі қашалғаны туралы дерек барын айтты. Қазір мешітті зерттеп жүрген кісі болмағандықтан, қабырға кірпіштері аршылып, ол дерек нақтыланбаған. «Шыңғысбай қажының мөрі туралы деректі бір білсе, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары сол мешітте ең бірінші имам болған Ғалымжан деген жігіт біледі. Ол қазір Таразға ауысып, сол жақта имамдық қызмет атқарады. Реті келіп, сол жігітке жолықсам, біраз нәрсе ашылар еді» деп ақсақал ішкі тілегін жеткізді.
«Мешітті Шыңғысбай қажы атына қайтару да оңайға соқпады» дейді ақсақал. Сол мақсатта қажы ұрпақтары ауызбіршілік танытып, қажетті деректерді жинап, 5 жыл сабылып жүріп ат салысады. Кезінде «Қазақстан мұсылмандары» діни басқармасының мүфтиі болған Рәтбек қажы Нысанбайұлының ықпалымен мәселе шешімін табады да, 2000 жылдан бастап көне мешіт аты Шыңғысбай қажы атына қайта беріледі. Оған дейін мешітті сақтап келген, ұстап отырған шымкенттік өзбек бауырларға қажы ұрпақтарының айтар алғысы көп. «Алдағы уақытта мешіт алдынан үлкен тақтайша орнатып, Шыңғысбай қажы туралы мәліметтер жазып қоюды және бір бөлмесін тарихи музейге айналдыруды ойлап отырмыз» дейді көнекөз қария.
Былтыр қажы ұрпақтары қаржы топтастырып, мешіттің тозып кеткен ішкі бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қаржыны жинау, ұйымдастыру мен жөндеу жұмыстарының басы-қасында Сейдахан ақсақалдың өзі жүріпті. Сылап, сырлаған, тіпті, едені мен кілемін де ауыстырған. Бір әттеген-айы, сәулет ескерткішін реставрациялау тәртібін білмеген болып шықты. ХІХ ғасырға тән бояулар жөндеу кезінде осы заманғы сырдың астында қалған. Көне жәдігерді сақтау, оларды жөндеу тәртібі туралы ешкім ескертпеген. Қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру орталығы жөндеу жұмыстарынан хабарсыз болса керек. Мешіттің михрабы, жабыны, ағаш ұстындар мен имам мінберіндегі қайталанбас түрлі-түсті өсімдік текті өрнектер сонымен жойылған. Қазір тек михрабының жиегіндегі бедерлі өрнектер ғана сақталып тұр. Дұрыс пайдаланбаса, жақсы ниеттің де тигізер кесірі болатынының бір көрінісі – осы.
«Қызмет» газетіміздің алдыңғы нөмірлерінің бірінде Шымкент қаласындағы туризм саласына жауапты басқарманың басшысы Т.Ахметовпен сұхбатымызда Ескі қаланың туристік потенциалына тоқталғанбыз. Егер, сол жоба жүзеге асар болса, Жәми мешіттің де екінші тынысы ашылып, туристік әлеуеті арта түседі деген сөз. Көне мешіт қайта салынатын Ескі қаланың нысандарымен қосылып, бірыңғай архитектуралық ансамбль құрайтын кешенге айналмақ. Бәлкім, сол кезде Жәми мешіт Шымкенттің тарихи туристік келбетін арттыратын магниттік ядроларының бірі болу мүмкіндігіне ие болатын шығар. Оны алдағы уақыт көрсетер. Дегенмен, Жәми мешіт ғимараты бүгінгі таңда Шымкент қаласының сәулет ескерткіштері көшін бастап тұрған көне нысан екені анық.
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Тақырыпқа орай…
Дәурен ТАШҚАРАЕВ, Ш.Дәуітұлы мешіт-медіресесінің ұстазы: «Бүгінде мешіттің ауласы да, құрылымы да өзгерген»
tories/00meww.jpg» border=»0″ />
– Мен осы мешіттің жанынан ашылған медіреседе 1990–1994 жылдар аралығында оқып, білім алғанмын. Қазір мұнда тұрақты келіп, медіреседе балаларға сабақ беремін. Бұл мешіт – Шымкент қаласындағы ең ескі мешіт. 1960 жылдары бала кезімізден білеміз. Бүгінде бұл төңірек жаңарды, бұрынғы Ескі қала жоқ. Мешіттің ауласы да, құрылымы да өзгерді. 90-шы жылдары біз оқыған кезде «Қошқар ата мешіті» деп аталатын. Кейіннен архивтерді ақтарып, 2000 жылдан бастап «Шыңғысбай қажы мешіті» деп атала бастады. Мешіттің сәулетшілері мен ұсталары кім болғаны туралы дерек жоқ. Құрылыс келбетіне қарағанда Тәшкеннің ұсталары салған сияқты. Алдыңғы жылдары бұрынғы облыс әкімі А.Мырзахметов мырзаның бастамасымен жаңа медіресе салынса, былтыр мешіттің ішкі бөліктеріне де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жөндеу жұмыстарын Шыңғысбай қажының ұрпақтары өз қаражаттарына істеді. Үш қабатты жаңа медіресенің ішінде асханасы, жатағы, оқу бөлмелері де бар. Демеушілер есебінен медіресеге көмектер жасалып тұрады.
Leave a Reply