Мистикадан мешітке дейін

Тарихы терең Түркістан. Осылай аталатын ақпараттық тур Түркістан облысы бойынша 60 нысанды аралап өтпек.

 

Киелі орындардың орналасу ретіне сәйкес тур үшке бөлініп, рет-ретімен қамтылу көзделген. Бірінші үш күндік турда Кентау және Түркістан қалалары, Отырар және Ордабасы аудандарындағы, екінші бір күндік турда Қазығұрт, Төле би және Сайрам аудандарындағы, ал үшінші екі күндік турда Бәйдібек және Созақ аудандарындағы киелі орындар қамтылады.

Бірінші тур Қарнақтағы Шәммет ишан мешіт-медіресесі, Мыңжылдық тұт ағашы, Үкаша ата құдығы, Жылаған ата сарқырамасы, Сауран қалашығы, Есім хан, Қ.А.Ясауи кесенелері, Күлтөбе (Ясы) қалашығы, Әлқожа ата, Гауһар ана, Арыстан баб кесенелері, Отырар қалашығы, Қажымұқан кесенесі, Ишанбазар мешіті, соңында Ордабасы (Бірлік) монументі бағытымен тізбектеліп атқарылу көзделген. Турдың маршрут реттілігіне орай Қарнақ ауылына келдік. Шәммет ишан мешіт-медіресесінде іс-шараның ресми ашылып, қатысушылар осы ХІХ ғасыр сәулет ескерткіші және ондағы музей экспонаттарымен танысудан бастады. Әсіресе, қатысушыларды Кіші Ақсарайдағы Қылует жерасты ғибадат орны қызықтырды.

tories/67824081_485233948718333_5459424034791882752_n.jpg» border=»0″ />

Қарнақ ауылының батыс шетінде орналасқан Мыңжылдық тұт ағашына келдік. Бұл табиғи ескерткіш «мыңжылдық» деп аталғанымен, оның жасы 1300 жылдан асыпты. Бұл дөңгелек датаны қалай анықтаған дейсіз бе? Өйткені, бұл ағашты ҮІІІ ғасырда араб басқыншылығы дәуірінде әскер қолбасшысы Құтейба инб-Мүслім атын арқандау үшін өз қолымен қазық етіп қағады да, кейіннен ол қазық көгеріп, үлкен ағашқа айналыпты десе-ді. Құтейба әскербасы 715 жылы Орта Азияда біздің ата-бабаларымызбен соғыс кезінде қайтыс болғаны белгілі, Қарнақ жеріне келу ықтималдығы да бар. Демек, аңыз дерегіне сенуге болатындай ықтималдық бар. Осы жердің шырақшысы Әбеке деген кісінің аузынан қызық дерек естіп қалдық. Оның айтуынша Құтейба қолбасшының жерленген жері осы тұт ағашынан алыс емес, басында сағанасы тұрғызылған, ал жергілікті жұрт әулие тұтады екен. Кіндігінен тарайтын ұрпақ та осында десе-ді. Сағана басына бару жоспарда қаралмағандықтан ол жерге бармадық. Дегенмен, бізді таң қалдырғаны – Орта Азияны қан қақсатқан аяусыз әскербасы расында Қарнақ топырағында жерленген бе? Тарихи деректерде Ферғана аңғарында көз жұмғаны айтылады. Сонда қайтыс болғасын денесін Ферғана аңғарынан осында әкеліп жерлеген болып шыға ма? Ақылға сия қоя ма екен? Әй, дегенмен, түркі жұртына ислам таратушы Арыстан бабтың да мазары бірнеше жерде, оның бірі сол Ферғана аңғарында кезігеді емес пе? Ферғана мен Түркістан өңірі бір-бірімен рухани тығыз байланыста болғандықтан, Құтейбаның да моласы бірнеше жерде болуы мүмкін-ау. Тарихшылардан сөз сұрау керек болды. Бұл тақырыпқа арнайы ат басын бұру туралы ойда қалдық.

Ерекше табиғи ескерткіш – Мыңжылдық тұт ағашының кәрі діңі әлдеқашан қурап қалғанына қарамай, тамыры әлде де болса нәрлі секілді. Жыл сайын теріскей беттегі бір бұтағы көгеріп, жеміс салады екен. Сол салған жемісінен жақында көшет өндіріліп, кәрі ағаш жанына қондырылыпты. Сегіз адамның құшағы әрең жететін ағашқа баратын аяқжолды тұрғындар реттеп, айналасын гүлдендіруді қолға алыпты. Осынау табиғи ескерткішті ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы қорғауына алу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқаны туралы мәліметке осы жерде қанықтық. Сондай-ақ, биыл осы Қарнақта Тайқазанның құйылғанына 620 жыл толуына орай 24 тамызда ұлан-асыр ас берілмек екен. Мұны да осы Мыңжылдық тұт ағашының шырақшысынан естідік. Тайқазанды жеті металдан құйған Шарафаддин Тебризидің ұрпағы осы Қарнақта тұрады екен. Сол шебер Тебризидің бір қауым ел болған ұрпағы жиылып ас бермек.

 

Мистикалық ешбір құбылыс байқала қоймады

Қарнақтың орталығына барып, бұған дейінгі нөмірлеріміздегі «Жылаған ата саяхатымызда» атап өткен Көкқасқа деп ат қойып алған КАвЗ автобусымызға ауысып міндік. Ендігі бағыт – Жылаған ата сарқырамасы. Қатпарлы Қаратаудың бұжыр қаратасты шатқалдарын аралай жолға шықтық. Бұл жолдың қызығы мен қиындығы туралы өткен сандарымызда жазып едік. Терезе сыртындағы пейзаж сол кездегіден сарғайып, түсі өзгергені болмаса, сол қалпы. Әдеттегідей Палуантас тұсында Көкқасқаны қалдырып, жүктерді бөлісе көтере төмен түстік. Мұнда бізден бұрын келген бір қауым топ бар екен. Бұлақ басындағы қоныс жанында лезде палаткамызды тігіп, лагерь құрып алдық. Өткендегіден шырақшы ауысып, Мәулен ағаның орнына Асқар аға келіпті. Құран оқып, сарқырай аққан суынан дәм татқасын «Ана жатыры» деп аталатын қауызға шомылып алдық. Кеш батып кетсе де, судан шыққанннан кейін жатар уақытқа дейін жаурай қоймадық. Бұл жерге қатысты айтылатын мистикалық тылсымдар туралы әңгімелер көп. «Бала ерткен ақсақал», «биші бәйтерек», «жуан жылан» деп кете береді. Жолда келе жатқаннан турға қатысушылардың құлағын түріп қойғанымыздан болар, түннің жарымына дейін ұйықтамай күбірлесіп жатқандар да болды. Бірақ мистикалық ешбір құбылыс байқала қоймады. Таңертең Үкаша ата құдығы басындағы ұзын сонар кезекке ілінбей ерте баруды ойлап, ертелеп шығып кеттік.

Үкаша ата құдығы басына 2,5 сағатта жеттік. Біз келгенімізде құдық басында шырақшыдан өзге ешкім жоқ екен. Кезек басталмай тұрып жеткенімізге қуандық. Ерлер және әйелдер тобына бөлініп, кезектесе шелек тастадық. Бірімізге су шықса, келесіміздің шелегі бос қайтты. Араға бір-бір шелек салып су шығуына қарағанда, су шығатын белгілі бір уақыт өлшемі бар ма екен деген ой қылтиды. 13 метрлік сағана басына зияраттап, Қарнаққа қайтар жолға шықтық.

 

Тасбақадан басқаны кезіктірмедік

Қарнаққа қайта оралып, көлік ауыстырдық. Таудың тастақты әрі тік ұиялы жолына арналған жол талғамайтын қуатты Көкқасқамызды осында қаңтардық та, көне Сауран қаласына қарай бұрылдық. Адам түгіл, жануар атаулыдан асықпай қозғалатын тасбақадан өзге жәндік кезіге қоймайтын Сауран сазара күтіп алды. Ақпараттық турға қатысушылар көне қаланың бас қақпасынан еніп, тас төселген көшесімен аралап кетті. Дүрілдеп тұрған өз заманында Орта Азиядағы ең мығым қамалы болған қала сары топырақты көрпесін жамылып, мызғып жатыр. Әлемді тітіреткен Алтын Орда мен Ақ Орданың астанасы қызметін өзгеге өткізгесін шуылдаған базарынан қайтқан саудагер ұқсап бір сәт тынығып алғанды жөн санады ма екен?

Қарияның сиреген азу тісіндей создиған көне Сауранның қамал қабырғасы мойнын соза шығарып салды. Облыс орталығы болғалы ығы-жығы тіршілігі қайнаған Түркістан күні күлімдей қарсы алды. Әзіреті Сұлтан қорық-музейіне кіріп, Шығыс моншасы, Қылует жерасты мешіті, Жұмамешіт, Есім хан, Рабия Сұлтан Бегім, Қ.А.Ясауи кесенелері бағыты тәртібімен танымдық экскурсия жасадық. Қатысушылар кесене ішіндегі Салқам Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Шақшақ Жәнібек, Қаз Дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Жауғаш батыр және басқада ұлы тұлғалардың жерленген жеріне зияраттап, қазақтың атақты тұлғаларына құран бағыштады. Кесенеден шыққасын Күлтөбе (Ясы) қалашығына барып, ондағы ескіден сақталған құрылыс қалдықтарымен танысты. Тұтастай сақталған қала тұрғындары үйлерінің қабырғалары қызықтыра түсті.

tories/67696114_2364341110323278_3573413773819510784_n.jpg» border=»0″ />

Шипагер әулиенің шарапаты

Күлтөбеден кейін аялдаған нысанымыз – Әлқожа ата кесенесі болды. Бұл сәулет ескерткіші туралы қарапайым халайық түгілі, ақпарат саласының мамандары да хабарсыз болып шықты. ХҮІІ-ХІХ ғасыр ескерткіші кейінгі кезеңде реставрацияланып, жаңартылған. Соның өзінде қызықты дүние баршылық екен. Әлқожа әулие А.Ясауидің шәкірті болып, қызы Гауһар анаға үйленген екен. Оның шипагерлігі туралы аңыздар көп. Кесене алдындағы үлкен сандықтасқа әулиенің дұғасы сіңгендіктен емдік шипасы бар делінеді екен. Шипагер әулиенің шарапаты әлі де сол сандықтас арқылы бүгінгі ұрпаққа қызмет етіп келеді деседі.

Гауһар ана кесенесі маңында түнедік. Кесене айналасындағы қалың ағаш пен жасыл-желек көңілді марқайтып тастады. Шипалы құдық суына құйынып, салқындап алдық. Масадан қорғанған топ мүшелерінің бірі жеке шатыр тігіп жатса, енді бірі тапшандағы масахананы паналады. Таңертеңмен бізді ұйқыдан зияратшылардың топ-топ болған ағыны оятты. Тез жинала қойған тобымыз әулиеге зияраттап, Арыстан бабқа қарай жол жалғастырды.

Арыстан баб кесенесі және маңында орналасқан Отырар қалажұртына аялдадық. Одан кейін Қызылкөпірде түстеніп, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Қажымұқан атамыз тыным тапқан кесенеге бардық. Арыс жағасына бір-кем аяқ демалдырып, салқындап алдық та, Аққойлыдағы Ишанбазар мешіті сәулет ескерткішіне соқтық. Қазір бұл жерде музей орналасқан. Ерік Әшірбердиев ағаның фейсбуктегі парақшасынан түрлі тарихи жәдігерлер жинақтап, қызықты экспонаттарын толықтырып отыратынан хабардармыз. Бүгін соның бірі ХІХ ғасыр жәдігері жаңадан табылған қайшыны қолға ұстап көру мүмкіндігі туды. Сапарымызды Ордабасы жотасындағы «Бірлік» монументінде түйіндедік.

 

«Қарын мен «іштің» арасы

Ақпараттық саяхатты Қарнақ ауылынан бастаудың да өз себебі бар. Ауылдың «Қарнақ» және ауыл маңындағы көне қала орнының «Ішкент» деп аталуының бір-біріне қатысты үйлесімі бар екен. Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде «қарын» және «іш» деген сөздер өзара синоним сөздер саналады. Яғни, бұл ауыл сонау ортағасырларда діни және сауда орталығы, Қаратаудың күнгейі мен теріскейін жайлаған елдің кіндігі қызметін атқарып, содан осылай аталса керек. ХІХ ғасырдың өзінде мұнда әр көшеде бір-біреуден 27 мешіт, 5 медіресеге дейін болыпты деседі. Ал ерте ортағасырларда бұл өңір көшпелілердің кенді Қаратау қойнауынан металл айыратын металлургиялық орталығы қызметін атқарған. Сондықтан, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында арнайы тоқталған «Ұлы Даладағы ежелгі металлургия» және металл өңдеу арқылы қалыптасқан «Аң стилі», «Ұлы Жібек жолы» тармақтарына басымдық бергенде Қарнақтың киелі орындар тізіміндегі орнын нақтылай түсетіндей. Ұйымдастырушылар бір ауыл арқылы бірнеше тақырыпты қатар қозғау мүмкіндігін ескергендей көрінді. Ал саяхаттың соңының Қажымұқан мазарынан кейін Ордабасы (Бірлік) монументінде қорытындылануының да себебі анық шығар. Қазақ халқының бірігуіне сеп болған қасиетті орында түйінделуі, сол арқылы бірлікке үндеуден асқан астарлы мағына бар ма? Осылайша ақпараттық турдың үшкүндік бірінші бөлігі аяқталып, әдемі қорытындыланды. Турдың келесі бөлігіне дайындықты бастап жібердік. Ол туралы жолжазбаны кейінірек жариялайтын боламыз.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

 

PS: Ақпараттық турда қамтыған барлық нысанның өзіндік туристік әлеуеті бар. Әрқайсысы өзіне тән ерекше қырларымен қызықтыра алады. Мәселен, Жылаған ата бағытының мистикалық және экстрималдық қасиетін жан-жақты насихаттай алса, Англияның жыл сайын миллиондаған турист тарта алатын елес кезген қорған-қамалдарынан еш кем соқпас еді. Еуропаның қызық қуған қалталы турисінің назарын Қазақ еліне аударатын бір тетік – осы Жылаған ата бағыты бола алады. Ақпараттық турға қатысушылардың жүздеген лайк алған әлеуметтік жазбаларын оқып отырып, осындай ойға келдік. Алғышарт бар. Тек, тиісті орындар назар аударса екен.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика