Мақсатымыз: ИНТЕЛЛЕКТуалды оқушы тәрбиелей отырып, интеллектуалды ұлт ҚАЛЫПТАСТЫРУ
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектептерде «Ақылдым оқуларын» ұйымдастыруды «Қызмет» газетінің ұжымы болып өткен жылы бастағанбыз. Оқушылардың мектепке оралуына бізде тілекші боп, тағатсыздана күттік. Көптің тілегі пандемия, «етек жеңін түріп» кетуге ыңғайланды. Жаңа оқу жылында мектептер «офлайнға» көшті. Бізде Түркістан облыстық «НҰР» интеллектуалды мектебіне бет түзедік. Мақсатымыз белгілі оқушыларды кітап оқуға қызықтыру және жас ақын Дәурен Тілеуханмен кездесу өткізіп, шығармашылығын таныстыру, шығармашылыққа баулу.
Бара жаңа мектептің тыныс –тіршілігіне кіріккіміз келді. Мектеп директорының оқу-ісі жөнінде орынбасары Замира Ағатаевна мектептің алған мақсаты мен бағыттарын атап өтті:
– Түркістан облыстық «НҰР» интеллектуалды мектебі жалпы информатика, жаратылыстану, математика бағыты бойынша жұмысын бастаған, оқу жоспарымыз осы стандартқа сай жасалған болатын. Сабақ кестесінен тыс мектепте робото техника, IT сабақтары жүреді. Біздің жаңалыққа жанымыз құштар. Сондықтан сол жаңалықтардан қалып кетпейік, оқушылардың көзін ашайық, ата-аналармен жұмыс істейік деген мақсатпен ашылған мектеп. Жалпы бастамамыз жаман емес, қазірдің өзінде 400-дей оқушы білім алуда. Барлық сыныпты бірдей жаңартылған техникамен жабдықтап үлгермесек те, мұғалімдеріміздің бәрі жаңартылған бағдарламаны меңгерген, барлығы өз ісінің маманы. Бастауыш сынып мұғалімдері де, магистранттар да жан-жақты, ықтиятты, жауапты, білімді мамандар. Жалпы алған мақсатымыз жаңа технологиялармен оқушыларды жалықтырмай ғылыми болсын, жаратылыстану болсын, гуманитарлық бағыт болсын тереңдетіп білім беру. Бір сөзбен айтқанда – ИНТЕЛЛЕКТуалды оқушы тәрбиелей отырып, интеллектуалды ұлт ҚАЛЫПТАСТЫРУ. Сіздерді де осы жолда білім дереккөздерін ашып көрсетсе, балаларымызға еркін ойлану, мақсатын жүзеге асыруға жөн сілтесе екен деп шақырғанбыз.
«КІТАП ТА АДАМ СИЯҚТЫ»
Сыныптарды араладық, оқушыларды тыңдадық. Аз уақыттың ішінде бір-бірімізге деген сенім орнады, еркін пікір алмасып, ойларымызды бөлістік. Ақын Дәурен Тілеуханмен кездесу өткізгенімізді жоғарыда атап өттік емес пе?…Еркін әңгіме сол кездесуде жалғасты.
Дәурен Тілеухан – ақын. Облыстық, республикалық жыр додаларының құлагері. Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 4 курс студенті.
Оқушылар ақынды ыстық ықыласпен ден қойып тыңдады. Тіпті бастауыш сынып оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Ал, Дәурен ақын жас достарымен өзінің өміріндегі кітаптың орны туралы ойын бөлісті:
– Кітап – адам санасын өзгертуші бірден-бір құрал. Мен 8-сыныпта біраз кітап оқыдым. Жаңа бір оқушы Әуезовтың «Абай жолын» оқып жүргенін айтты. Мысалы, мен «Абай жолын» араға жылдар салып оқып тұрамын. Әр оқыған сайын танымың кеңейіп отырады. 8-сыныпта оқығанда 1-2-томындағы махаббат оқиғалары баяндалған тұстарын жадымда сақтап қалыппын. Сондықтан ба осы алғашқы екі том әлі күнге дейін өзіме қатты әсер етеді.
Өзім мектеп кезінде сәл бұзықтау болдым. Бір орында отыра алмайтын, тынымсыз бала едім. Бірақ, кітап оқыған сайын адам өзгереді,ойы тереңдей түседі екен. Білесіздер ме, кітап та адам сияқты. Өзінің тағдыры бар, бірі бақытты, бірі бақытсыз болуы мүмкін. Менің осы кезге дейінгі оқыған сүйікті кітаптарым өзіне үнемі серік іздеп жүретін сияқты қасына.
Сіздерге айтарым, сүйікті кітабыңызды немесе журналыңызды тапсаңыз, ол сізді, сіз оны зеріктірмейсіз. Солай сіз кітапқа, кітап сізге айналып өмір сүресіз. «Бір кітап – бір өмір» дейді. Егер 100 кітап оқысаңыз, 100 өмір сүрген сияқты күй кешесіз. Әр кейіпкердің тағдырына алаңдап, соның образына еніп, соның шешімдерін қабылдап, сол сияқты ойланып өмір сүре бастайсыз. Осы сіздердің жастарыңызда мен оқыған, есімде қалып кеткен Жоржу Амаду дейтін латын американдық жазушының «Құм жағалаудың капитандары» дейтін кітабы. Кедей отбасында туған, лашықта тұратын 7-8 баланың елде революция жасайтын, күрескер, рухты азаматтар болып ержететіні маған қатты әсер етті. Осыдан кейін менде тауды бұзып, тасты жарып өтердей жалын пайда болды. Кітап оқыған сайын өзіңнің ештеңе білмейтініңді, ақымақ екеніңді түсіне бастайсың. Оқыған сайын, оқи түскің келеді. Дағды, әдетіңе айналдырып алсаң берері көп дүние. Мені тәрбиелеген ең үлкен Ұстаз – кітап болды, деп айта алам.
«АЛПАМЫС» ТҮРЛІ-ТҮРЛІ ҚИЯЛДАРҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН
Осы әңгімеден кейін де оқушылардың бірі Дәуреннен: — Ең сүйікті кітабыңызды атаңызшы,- деп қайта сұрады.
– Оскар Уайльдтің «Дориан Грейдің портреті» деген кітап қатты ұнайды. Сонсоң, жапон жазушыларының шығармашылығы қызықтырады. Акутагава Рюноскэ дейтін жазушының, «Тозақ азабы» атты новелласы мен «Мұғалім Мори» дейтін әңгімесі ұнайды. Өзге де шығармалары бар әрине. Бірақ, бәрібір сүйікті жазушы дегенде Оскар Уайльдті атаймын. «Дориан Грейдің портреті» романы әлі күнге дейін классикалық дүниелердің төрінен түспей келе жатыр. Адамның өз болмысын танытуға әсері күшті. Мен оны 1-курста оқыдым-ау деймін, сіздерден сәл ересектеу кезеңде. Сол, үшін де сіздерге аздап ауырлау болуы мүмкін.
Қазақ классиктерінің біразын мектепте оқытады ғой. Оның бәрі дерлік тарихты танытып, қазақ қоғамның сол кездегі сұрқай кезеңін паш етіп тұратын шығармалар десек болады. Егер маған қазақ жазушыларының ішінен өзіме ұнайтын үштікті ата десе, ең бірінші кезекте Мұхтар Әуезовті атар едім. Екінші: Оралхан Бөкей, үшінші: Әбіш Кекілбаев. Әбіштің 31 жасында жазған «Аңыздың ақыры» деген романын 11-сыныпта оқыдым. Осы шығарманы оқып отырып, тіл байлығына, ойлау жүйесіне, орасан зор парасат-пайымына тәнті боласың. Осындай потенциал бір ғана адамға бұйырады екен-ау, деп таң қалмасыма болмады.
– Ең алғаш оқыған кітабыңыз қандай?
– Ең алғашқы кітап есімде қалмапты. Мағжанның өлеңдерін оқығаным есімде. Сол алғашқылардың бірі болса керек. Қатты еліктейтінмін, тіпті, Мағжан сияқты көріну үшін шашымды бұйралап өсіргім келетін.
– Қандай ертегілерді оқыдыңыз?
– Ертегіден гөрі ауыз әдебиеті туындыларын жақсы көрдім. Мен әжемнің баласы болғам. Өкінішке орай, әжем алты жасымда бақиға аттанып кетті. Әлі күнге дейін еміс-еміс есімде, ауылда ұйықтар алдында, пештің түбінде әжем «Алпамысты» оқып отыратын. Үнемі. Мен жырдың соңын ести алмай ұйықтап қала беретінмін. Соның өзінде «Алпамыс» түрлі-түрлі қиялдарға жетелейтін. Кейінірек ол туралы өлең де жаздым. Кейіпкерлері әлі күнге дейін ыстық. Және жыраулар поэзиясы қатты ұнайды. Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбет. Әсіресе Доспамбеттің жырларын жақсы көремін. Қазақтың ең таза тілі осы жыраулар поэзиясында көрініс табады.
Кеш соңында оқушылар Дәуреннен «Алпамыс» туралы өлеңді неше жаста жазғанын сұрап, оқып беруін қолқалады. Кездесуге барған жас ақын, газет-журнал әлеміне қадам басқан жас журналистер Бақжан Махашов пен Сезім Мергенбай да өлеңдерін оқып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді
Кездесу қорытындысында редакциямыздың басшысы, Нарымбетова Бейсенкүл апай оқушылардың талабына риза болып:
– Ертең сендер де үлкен азамат боласыңдар, Дәурен де үлкен ақын болады, Есенғали Раушанов сынды. Сонда мектепте оқып жүргенімде Дәурен ақынның өлеңін оқып, қолын алғам,- деп айтып жүресіңдер. Ақ жол, алтындарым,- деп ақжарма тілегін арнады.
Осылайша, Түркістанда оқуға құштар оқушылармен, өте әдемі, жарқын кездесу өтті. Біз балалардың белсенділік танытып, шараның соңына дейін тапжылмай тыңдағандарына қарап, алған бағытымыздың дұрыс екенін аңғардық.
Бала – «былғанбаған» болмыс иесі. Олармен жұмыс істеу қиын әрі қызық, ал, аурасы – жаныңа тазалық сыйлайды.
Сезім МЕРГЕНБАЙ
Төменде «Нұр» мектебінде Дәурен Тілеухан оқыған өлеңдер. Жас ақынның өлеңін «Қызмет» газетінің оқырмандары да жаттап алады деген ниетпен жариялап отырмыз.
АУЫЛ. ТҮН
Түн таянып, қымтағанда көрпені,
Әжем жыр мен айтушы еді ертегі:
» Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
… Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты…»
Сезінбестен дүниенің салқынын,
Дәл осылай басталатын әр түнім.
Өмір деген ертегі емес!
Осы ғой—
Жанға батар жалғыз уайым, жалқы мұң…
Тамыр тартып тарихымнан, тегімнен,
Ертегіге еніп келем сеніммен.
Арман етіп Гүлбаршындай аруды,
—Алпамыстай батыр болам! -дедім мен.
Одан кейін жаза да алмай есті жыр,
Керуендей көз ұшында көшті жыл.
Көшпен бірге әжем кетті келмеске,
Қалды жалғыз—елеусіздеу ескі жыр.
Жүрегіңді түсінетін кім бар шын?!
Амалсыздан өткенге қол бұлғарсың.
Бар ғұмырын адалдыққа арнаған,
Қайда, шіркін, Алпамыс пен Гүлбаршын…
Қауыз жарып қиялымның «көнесі»,
Еске түссе жабырқаймын неге осы?
Күңгірттеніп қай кітапта қалды екен,
Менің бала дәуренімнің елесі?!
Қапияда жоғалтқандай қалқамды,
Жырсыз күнім кептіреді аңқамды.
«Алпамысты» айтам десе ақ әжем,
Көз ілмей-ақ атырар ем әр таңды…
…Әттең!
АНТИНОМИЯ
Жазғыра алмас жүрегім кеткен «досты»
Тек аяймын—жанарың төккен жасты.
Бұл қалада бәрі бар—
Тек сен жоқсың…
Тек сен жоқсың…
Құдай-ау, неткен жақсы!..
Сезім бұлқып, ой қалқып алып-ұшқан,
Сағыныштың сен жайлы — бәрі дұшпан!
Көшелерде кептелген көліктердей,
Санам іші—сан күдік сабылысқан…
Бүгін де ұзақ бой жазып жүргім келді,
Еске алармыз ертең-ақ бұл күндерді.
Аңсадың не шаршадың қызықтырмас,
Ақтөбеге—бәрібір!
Білдің бе енді?!
«Жоққа» сіңіп, жұтылған хабарымдай,
Сағыныштың сап-салқын самалындай,
Үмітіңді үгітіп, үркітетін—
Ойладың ба қатал деп қала мұндай?!
Ойламадың…
Ой қамад(ы) дерттен жаман:
Оралуға болмас па өткенге адам?
Бұл қалада бәрі бар—
Тек сен жоқсың…
Тек сен жоқсың…
Құдай-ау, неткен жаман!..
ҚҰЛЫН-ШАҚ
Қайтесің, қу түлкідей құбылса күн?..
Бәрібір бақ-баянсыз, ғұмыр-сағым…
Айласын асыра алмас жалған өмір,
Қайдасың, құмға аунаған құлын-шағым?..
Алғаусыз шаттығымды аңсап небір,
Армансыз тәтті күнді аңсап небір,
Сарғайса сартап болған сағынышым—
Мен енді не істей алам?..
«Сап-сап көңіл!..»
Дәм татып сүйініштен, күйініштен
Біз солай өтеміз бе тынып іштен?..
Жазира жазық қалар жадымызда,
Жаңбырда жалаңаяқ жүгіріскен…
Дауам боп дала-мұңнан емдеп алған—
Түнде де тыным бермес мендегі арман.
Бейітке байлап кеткен орамалдай,
Бөлшегі жүрегімнің сенде қалған!..
Туған жер!
Туған дала, топырағым!
(Қайран жас қайдан білсін опынарын?..)
…Көз алдым күрең тартып, ауылды аңсап,
Бозарып балконда үнсіз отырамын…
Leave a Reply