tories/001lat1.jpg» border=»0″ />
Латын әліпбиіне ауысу – еліміз үшін маңызды шешімдердің бірі. Латын әліпбиіне көшудің алғашқы қадамдары бұдан қаншама жыл бұрын жасалып еді.Оған бүкіл ел куә. Бұл бастама бірақ күнде қолға алынған жоқ, елімізде бұл жобаға деген нақты қадамды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп мәлімдеген болатын. Менің ойымша, бұл – дұрыс қадам әрі еліміз үшін үдемелі ілгерілеушіліктің қадамы деп білемін. Міне, осы сәттен бастап кешегі күнге дейін, нақтырақ айтсақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ тілі бекітілген күнге дейін көптеген зерттеулер, зерделеулер іске асты. Осы ауқымды жұмыстың арқасында қазақ тілінің латын әліпбиіне негізделген өз алфавиті қабылданды.
Мемлекет басшысы Қаулыда бекітілген латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшуді бұйырды. Оның орындалуын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі тікелей бақылап, өз қолдарына алғаны белгілі. Бүгінгі таңда қабылданған латын әліпбиінде 32 әріп бар. Қазақтың төл дыбыстары апостроф арқылы белгіленген.
Тарихқа кішкене шегініс жасасақ біздің еліміздің тарихында ХХ ғасырдың бас жақтарында қазақ зиялыларының қолдауымен ортақ түрік тілдес халықтардың әліпбиі негізінде осы латын әліпбиі алынған болатын. 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық кеңес комитеті ІV cессиясында «Латын әрпі негізінде құрылған жаңа қазақ әліпбиі Қазақстанда мемлекет әліпбиі деп саналсын» деген қаулы қабылдады. Осы қаулыдан кейін 1931 жылдың 1 қазанынан әрі қарай барлық мекеме, кооперативтер, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдар істерін жаңа әліпбиге көшіруге тиіс деп табылды. Жаңа әліпбиге көшуге әзірлік жүргізілді. Дегенмен бұл әліпбиді қазақ қоғамы көп уақыт пайдалана алмады. Міне, бұл бізге таңсық дүние емес, сондықтан бүгінгі латын әліпбиіне жасаған қадамымыз өте керекті де, нақты қажетті кезінде қабылданған шешім.
Бүгінгі күнге оралсақ, заман талабы латын әліпбиі. Бүгінгі қоғамдағы кез-келген жас буын өкілдері бұл әріпті таниды. Сондықтан болашақта алып кетулері, үйренулері өте оңай, әрі тез болады. Бұл жағынан қиындық тумауы керек. Себебі, мектеп қабырғасында білім алушылар ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. Сондықтан да, Елбасымыздың бұл бастамасы ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі-ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білемін. Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп және ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.
Бекболат Тілеуханов ағамыз латын әліпбиі жайлы айтқан бір сөзінде: «Латын әліпбиіне көшу Астана салғаннан қиын емес, ағайын, сондықтан бұл қадамнан шошымайық» деген болатын. Расында да аса қиын дүние болмауы керек. Мейлі, кез-келген жаңа бастаманың басында өзіне жарасатын қиындықтар туады ғой, алайда біз, біздің мемлекетіміз оларды шеше алатын деңгейде. Сондықтан болашақта баламыз өзге елдің баласымен білімі мен ұстанымы тең болсын десек, латын әліпбиінен шошымауымыз керек.
Статистикаға сүйенсек жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлде қайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Бұл латын әліпбиіне біздің көршілес Әзірбайжан, Өзбекстан секілді елдер қаншама жыл бұрын ауысып кеткен. Олардың бізден бұрын ауысуының тағы бір пайдасы, олардың тәжірибесінде кездескен кейбір қиындықтардың алдын алып, нақты қадаммен бара аламыз.
Латын әліпбиі қазақ халқының тіл шұрайлылығын бұрынғыдан да паш ете алатын әліпби екеніне күмәнім жоқ. Және біз осы латын графикасы арқылы талай-талай биіктерді бағындырып, өзіміз аңсаған Мәңгілік елге жететініміз анық.
Латын әліпбиі жастарымыз үшін, біздің болашақ ұрпағымыздың әлем елдерінен алатын үлесін көбейту үшін ең керекті дүние. Сондықтан латын әліпбиіне көшу – болашағымыз үшін маңызды. Мүмкіндігінше бұл бастамаға әрқайсысымыз қолдау көрсетіп, ауысу процесінің жеңілдеуіне үлес қосуымыз тиіс.
Кауменова Эльмира Шахабоддиновна,
Е.Молдабаев атындағы ЖОМ,
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі,
Арыс қаласы.
Leave a Reply