АУҒАН СОҒЫСЫНА АЛҒАШ БОЛЫП АТТАНҒАН

       Ауған соғысының ардагері дегенде ойымызға алдымен Қылыш Сәтпаев оралады. Шардара аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы, қаладағы № 16 колледждің әскери ұйымдастырушы-оқытушысы қызметін атқаратын осы бір қараторы келген жігіт ағасын шардаралықтар жақсы таниды. Жыл сайын 15 ақпан қарсаңында алғаш болып Ауғанстандағы зұлмат соғыс туралы ашық тәрбие сағатын Қылыш ағай өткізеді. Жоғары сынып оқушыларының аудан бойынша өтетін оқу-дала жиынында штаб бастығы болады. Саңқылдаған даусымен Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған әскери шеруді басқарады. Қашан қарасаң тіп-тік қалпынан айнымайтын бұл кісіні әскери киімсіз көзге елестете алмаймыз.

       «24 декабрь, 1979 жыл, түнгі сағат 1. Тревога»
Қылыш аға әскери өмірге бала кезден-ақ бейімделіп өсті. Оның бір себебі – әкесі Сәтпай ақсақал 45 жылын әскери кемеде өткізген теңізші еді. Анасы Оразкүл апамыз осы әскери кемеде аспазшы болып жұмыс істеді. Бұлардың кемесі Әмудария мен Арал теңізін, Қарақұм каналын шарлап жүзетін. Қалекеңнің өзі кеме үстінде өмірге келіп, 7 жасқа дейін сонда өсіпті. Ол жер Түрікменстан Республикасының Чарджоу облысына қарайтын Головное порты деп аталушы еді. Былайғы қарадомалақтар секілді қозы-лақ қуып емес, көк теңізге қарап өскен бозбала Отанның, отбасының қадірін бала кезден санасына сіңірді. Өйткені, 7 жасынан бастап Мары қаласындағы мектеп-интернатта тәрбиеленді. Тәртіп пен тазалық, отансүйгіштік қасиеттер сол интернат қабырғасынан бойына қалыптасты.
       9 сыныпты бітірген соң Ашхабад қаласындағы ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсті. Механик мамандығын алып шыққан соң Захмед елді мекенінде біраз жылдай еңбек етті. 1974-76 жылдары Тбилиси қаласында кіші командирлер даярлайтын әскери мектепке қабылданып, оны үздік бітірді. Одан Шыршықтағы офицерлер дайындайтын курстан өтті. Запастағы офицер дәрежесімен елге кеп, бейбіт өмір кешіп жатқантын. 1979 жылы екі кештің арасында әскери көлікпен екі кісі келді үйге. Қызыл сиямен жазылған «повестка» бар қолдарында. Әскери жиынға шақырту келген екен. Запастағы офицер болғасын бұйрыққа бағынасың. Сөзге келместен үйге шақырып қойған қонақтарымен қысқа ғана қоштасты да, әлгілермен бірге көлікке отырып, жолға шығып кетті.
       Орта Азия әскери округіне қарасты Кушка дивизиясына келіп түсті. Бұл дивизия Түрікменстанға қарайтын Чемен-абид деп аталатын елді мекен еді. Сонымен арнайы жаттығу жұмыстары басталып кетті. Бұрынғы көргендері мұның қасында түк емес екен. Әскерге жаңадан түскен кездегідей бәрін де басынан бастады. Үстіне 40 келілік қару-жарақ пен бронежилеттерді асынып алып, бір күнде таудың басына бірнеше мәрте түсіп-шығады. Даладағы палаткаларда түнеді. Қыркүйек айынан желтоқсанның ақырына дейін арнайы әскери дайындықтан өтіп, «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» жауынгерге айналды. Бірақ, Ауғанстанға бару, дұшпандармен ұрыс жүргізу деген сөзді естіген де жоқ, білген де жоқ. 30-ға тарта қазақ, өзбек, тәжік секілді ұлттардан жасақталған офицерлер тобында жаттығудан өтті. Жігіттер түк сезбеді деуге келе қоймас. Бір үлкен әскери оқиғаға араласатындарын іштей сезіп жүрген. Бірақ, қашан болады, қайда барады – оны ешқайсысы білген жоқ. Желтоқсанның 24-не қараған түні бәрі де басталып сала берді. Сағат тілі түнгі 1-ді көрсеткенде әскери дабыл соғылды. Офицерлер мен сарбаздар дүрк көтерілді. Сақадай сай қаруланған Кушка дивизиясы шекарадан ауған жеріне түн қараңғысында жердің қабырғасын солқылдатып кіріп барды. «Иолатань» деп аталатын танк батальонының құрамында Қылыш ағалар да шекара асты. Сол түнгі оқиғаның куәсі ретінде сарғайып кеткен күнтізбені альбомына сақтап қойыпты. «24 декабрь, 1979 жыл, түнгі сағат 1. Тревога» деген жазуы бар күнтізбе парақша Ауғанстандағы алапат соғыстың басталған күнін ешқашан да есінен шығармайтын ескерткішке айналды.
       АҚШ дайындаған жалдамалылар ең қауіпті жаулар еді
       — Мен ротада саяси командир болдым. Ротада 120 сарбаз болды. Даладағы брезент шатыр – мекеніміз. Күнде көшеміз. Бір таудың баурайына барып орналасамыз да, жағалай окоп қазамыз. Біз басында бейбіт халыққа көмек беру мақсатында бардық. Ауған елінің үкіметі сәуір айындағы төңкерістен соң Кеңес Одағынан көмек сұраған. Екі ел үкіметінің келісім-шартына орай біздер сонда интернационалдық борышымызды атқардық. Ешкімге тиіспейміз, ешкімге оқ атпауымыз керек. Ал, бейбіт халыққа оқ ататын дұшмандарға қарсы ымырасыз күресуіміз керек. Басында бәрі де солай болды да. Бірақ, қарапайым тіршілік кешіп жатқан қышлақтағы адамдарды себепсізден қырып кетіп жатқандарын көргенде қалай ашынбайсың. Тау ішінде жүретін дұшмандардың әскери дайындығы деген бізден де күшті. АҚШ дайындаған жалдамалылар ең қауіпті жаулар еді. Басымызға темір қалпақ, үстімізге оқ өтпейтін бронежилет киіп алып, барлауға шығамыз. Ол жақта ауыз су деген үлкен проблема. Оны БТР машинасымен барып, арнайы құралдың тексеруінен өткізіп барып әкелеміз, — дейді өткен күндерді ой елегінен өткізген Қылыш ағамыз. 
       Осындай ауызсуға шыққан кезекті бір сапарда дұшпандармен бетпе-бет кездесті. Суды алып, мекен-жайға қайтып келе жатқан беті. Таудың бір қалтарысынан бұрыла бергенде төбеден миномет дүрсілдеп қоя берді. Бұларды қорғап келе жатқан БТР машинасын аударып тастады. Қиян-кескі атыс басталып кетті. Басына сәлде ораған сақалдыларды әр жер-әр жерден көздері шалып қалады. Атыс ұзаққа созылып барып басылды. Ауызсуды аман-есен алып келді. Бірақ, сол ұрыста Қылыш Сәтпаев ауыр жарақат алды. «Чинданть» деп аталатын госпитальда жатып ем қабылдады. Госпитальдан шыға қайта ұрыс даласына барды. Ауған жерінің Герат, Миндан, Адрасхан елді мекендерінің тұрғындарын дұшпандардан азат етуге қатысты. Мұның бәрі бүгінде айтуға ғана жеңіл шығар. Ажалмен неше мәрте бетпе-бет келген кездер естен шықпайды. Тікұшақпен тау арасындағы бір нүктеге тастап кетеді. Сол тікұшақтың аман-есен қайтуын тілеп жататын. Белгілі мерзімде келмей қалса, сол жерде күтіп жата бересің. Жол қапшығындағы қатқан нанды талғажау етіп, құтыдағы сумен жан шақырасың. Осындай күндердің қаншамасын бастан өткерді.Әйтеуір туған жермен аман-есен қауышуды жазыпты. 
       Қылыш Сәтпаевтардың отбасы Шардараға 1992 жылы қоныс аударып келді. Содан бері қазіргі еңбек ететін №16 кол-леджде еңбек етіп келеді. Алғашында кәсіптік техникалық учи-лище, кейіннен кәсіптік лицей атанды. Әскери ұйымдастыру-шы-оқытушы бола жүріп, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, ауған соғысындағы кеңестік жауынгерлердің жанқиярлық ерліктерін насихаттауда Қылыш ағайдың еңбегі ұшан-теңіз. 2004 жылдан бастап аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесіне төрағалық жасау міндетін жүктеп алды. Жұмыс бұрынғыдан арта түспесе кеміген жоқ. 
       Ауған соғысы ардагерлеріне арналып ескерткіш ашылады
       — Ауғанстандағы зұлмат соғысқа Шардара ауданынан барлығы 66 азамат аттанып, интернационалдық борыштарын өтеп келді. Солардың ішінде Мұхтар Оразбеков пен Тимирьян Сұлтанғараев есімді боздақтарымыз ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Соғыс салған жарадан тағы да 7 жауынгер жерлесіміз бейбіт өмірде қайтыс болды. Нышанбай Аршабаев, Ескендір Жалғасбаев, Сейсен Балағазиев, Ақылбек Қазыбеков, Нүриддин Өтесінов, Сержан Үрғараев, Ниязбек Қалиев есімді мезгілінен ерте қайтқан қаруластарымызды әрдайым сағынышпен еске аламыз, — дейді Қылыш Сәтпаев.
       Бүгінгі таңда ауданда ғұмыр кешетін 57 ауғандық ардагерлердің мұң-мұқтаждарын тиісті жеріне жеткізіп, қал-қадерінше оларға аудан басшыларымен, елжанды азаматтардың көмектерімен жағдай жасап келеді. «Шардара су электр стансасы» АҚ-ы басқарма төрағасы Талғат Бөкеновтің қолдауымен 8 ауған соғысы ардагеріне айына 150 квт электр қуаты тегін беріледі. Шардарада «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Сапарғали Мырзахметов есімді азамат полиция қызметінде жұмыс істейді. Ауғанстанда ерен ерлік көрсеткен осынау азаматқа ҚР Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы Шәріп Өтегеновтің және аудандық мәслихаттың депутаты Зәкір Талбидиннің араласып, тікелей көмектесуімен аудан орталығынан тұрғын үй берілді. Бұл мәселені де көтеріп, басшылардың назарына ұсынған Қалекең болатын. Қылыш Сәтпаев өзі еңбек ететін колледж директоры З.Талбидиннің жыл сайын дерлік «Ерлікке тағзым» апталығын жоғары деңгейде ұйымдастырып, аудандағы ауғандық ардагерлерге жасап келе жаткан қамқорлығына ризалығын білдіреді. Түрлі сауықтыру орындары мен шипажайларға жолдамалар беріп, еске алу турнилерін өткізіп жүрген және қайтыс болған ардагерлердің отбасыларына демеушілік шараларын ұйымдастыратын аудан басшыларының сауапты тірлігіне де алғысын айтады. Ауғандық ардагерлер кеңесі төрағасының ендігі мақсаты – қала ортасынан бір ескерткіш тұрғызу. Таяуда ғана аудан басшысының алдына арнайы кіріп, ол кісіге өз ойын білдірген болатын. Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктерін мәңгі есте сақтау мақсатында ескерткіш орнату мәселесін аудан әкімі Қамытбек Айтөреев те қолдап отыр. Әкімнің жәрдем беремін деген сөзі Қылыш Сәтпаевқа ерекше күш-жігер беріпті. 
       — Қамытбек Нұржанұлының алдынан қатты қуанып шықтым. Ол кісіге аудандағы ауғандық ардагерлердің тыныс-тіршілігі туралы толықтай баяндап бердім. Оларға қандай көмек көрсету керектігін, басқа да проблемаларды шешу жолдарын қарастырдық. Әсіресе, ескерткіш салу жөніндегі өтінішімді оң шешіп беруге уәде бергеніне ризалығымды білдіремін, — дейді Қылыш Сәтпаев.
       Қылыш Сәтпаевтың еңбегіне лайықты бағалар беріліп келеді. Атап айтар болсақ, интернационалдық борышын адал атқар-ғаны үшін КСРО Қорғаныс министрінің «Алғыс хаты» мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ауған елінің «Интернационалист жауынгер» медалін өңіріне тақты. Ресей Федерациясының «За заслуги» орденімен және «За отваги» медалімен марапатталды. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелегені үшін ҚР Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатын» иеленді. Облыстық мәслихат пен білім басқармасының, Қорғаныс Департаментінің, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттан алған марапаттаулар бір төбе. Басқа да мерекелік медальдар мен төсбелгілер тынымсыз еңбектің өтеуіндей болып Қылыш ағаның омырауында жарқырап тұр.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ Шардара қаласы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика