Шымкент – мегаполис. Яғни, Қазақстандағы ірі қалалардың бірі. Көшелерінде көлік ығы-жығы. Десек те, соңғы кезде жол қозғалысын оңайлату мақсатында қалада көптеген жұмыстар атқарылды. Бірнеше көше кеңейтіліп, жаңа жолдардың құрылысына жан бітті. Бұл – Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абай Тұрхановтың еңбегі екені ақиқат. Мұндай іскер басшыны қолдап, ісінің алға басуына қолдау білдіруіміз қажет.
Сондықтан, біз аталған басқарма басшысының назарына қала тұрғыны Бақытжан Жаныстың өтінішін жеткізгенді жөн санадық. Жақында бізге ол кісі: «Қаладағы Әл-Фараби көшесінің ортасында кедергі бар. Қос бағыттағы жолдың дәл ортасында цементоблокпен тұрғызылған шағын нысан тұр. Көлемі тауық қорадай. Оның екі шеті екі жағындағы жолға тым жақын орналасқан. Тіпті, бір жағы жол үстіне аздап шығыңқыраған. Кейде, түнде кейбір жеңіл көліктер әлгі беймәлім нысанға айнасын ұрып, сындырады. Айнасын ұрмасы үшін рөлін оң жаққа бұрған жүргізушілер машинасын өзгенің көлігіне соғып ала жаздайды», – деді.
Біз Бақытжан Жаныс айтқан тауыққорадай нысанды көрдік. Шынында да, бәрі сол кісі айтқандай екен. Айтылған мәселе біреулерге ұсақтау көрінер. Бірақ, көліктердің айнасы арзан емес. Қала берді, кейбіреулер айнасын ұрмас үшін кері бұрып жіберіп, өзге көлікті ұрса, үлкен шығынға батары шындық.
Жалпы, тауық қорадай нысанның не екенін түсінбедік. Цемент плитамен жабылған оны ашып көру де мүмкін емес. Дегенмен, көлік қозғалысына кедергі келтіріп тұрған мұндай мәселені шешу іскер басшы Абай Тұрханов үшін түк емес екені мәлім.
Кәмшат ЕРНҰР
Leave a Reply