«Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп жазды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. Міне, осындай өскен ауылына деген мызғымас махаббатын жүректерінде құндақтап жүрген атпал азаматтар біздің өңірде де жеткілікті. Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы ауыз толтырып айтарлықтай толағай тірліктер жасады. Бұл олардың шынайы патриот, отансүйгіштік қасиетін паш етсе керек. Бұл жерде «Рухани жаңғыру» облыстық жобалық кеңсесі көптеген игі іске мұрындық болғанын да айта кеткен орынды.
2017 жылы «Демеушілер тарапынан әлеуметтік қолдау» жобасының аясында жергілікті азаматтардың қолдауымен 31467 миллион теңгені құрайтын 577 жоба қолға алынды. Жыл соңында 473 жоба аяқталып, нысандар халық игілігіне берілді. Солардың арасындағы елеулі еңбектерімен, қомақты үлестерімен ерекшеленген жаны ізгі жандардың есімдерін атап өткеніміз абзал. Мәселен, Арыс қаласындағы кәсіпкер Олжас Смайылов 100 миллион теңгеге ауылдастарына аквапарк салып берді. Осы қалаға қарасты Қожатоғай ауылдық округі Байтоғай елді мекеніндегі Мәншүк Мәметова атындағы жалпы орта мектебінің жанынан спорт кешені салынды. Ғимарат кәсіпкер Хадиша Бижанованың демеушілігімен бой көтерді. Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана кесенесі жанынан 340 миллион теңгеге қонақ үй салынып, пайдалануға берілді. Қомақты қаржы ауданның жанашыр азаматтарының демеушіліктерімен жиналды.
Қазығұрт ауданы Шарапхана елді мекені жанындағы жотадан «Жастар» саябағы ашылды. Ташкент–Шымкент тасжолы бойымен автокөліктермен әрі-бері зымыраған жолаушылар саябаққа қызыға көз тастап өтеді. Саябақтың демеушісі – белгілі меценат Бекет Тұрғараев. Құрылыс құны 25 миллион теңге.
Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында мәдениет үйі келушілерге есігін айқара ашты. Құны 70 миллион теңгелік мәдениет үйінің демеушісі – Әшім Ақарыс. Облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі меценат Серікжан Сейітжанов Отырар ауданы Жаңа Шілік ауылында әлем таныған арқалы ақын Мұхтар Шахановқа арнап еңселі мұражай салдырды. Құрылыс құны – 80 миллион теңге. Осы ауданның тұрғыны, кәсіпкер Айтқұлбек Сұлтанов 56 миллион теңгеге ардагерлер саябағын салдыртып, жерлестеріне тарту етті. Ал Бестораңғыл ауылында Алмас Сыздықбековтың демеушілігімен 50 миллион теңгеге «Алаш» этноауылы бой түзеді.
Облыстық мәслихаттың депутаты, танымал кәсіпкер Мұрат Төлтебаев Төлеби ауданы Сарқырама ауылын абат баққа айналдырды. Осы жұмыстарға ол 100 миллион теңгесін жұмсаған. «Отау Строй» ЖШС директоры Қайрат Молдасейітов құны 280 миллион теңгелік коррекциялық балалар бақшасын биылғы маусым айында ашпақ.
Кентау қаласы Ащысай елді мекенінің тұрғыны Абсабыр Кудусов көпір салдырып берсе, ордабасылық кәсіпкер Жазира Үндемесова 25 миллион теңгеге «Ұлытау» спорт кешенін Қажымұқан ауылының спортшыларына тарту еткен. Сарыағаш ауданындағы Қапланбек елді мекенінде де осындай спорт кешені пайдалануға берілді. Демеушісі –Нұрғали Ғаппаров. Сондай-ақ, төлебилік Мұхтар Рысбеков Қожабек ауылынан жобалық құны 33 миллион теңге тұратын бастауыш мектепті жасөспірімдерге сыйға тартты. Түлкібастық Сейдіғаппар Мамадалиев 15 миллион теңгесіне қарттар саябағын ашты. Шардаралық Роман Досмұрат чемпиондар аллеясын қол күрестіруші спортшылар құрметіне арнады.
Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында жанашыр азаматтар жиналып, тұрмысы төмен 4 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етті. Төлеби ауданындағы Новостройка, Сарқырама, Қарақия ауылдарында және Ақсу өзенінің бойында қонақтардың назарын бірден өзіне аударатын ескерткіштер бой тіктеді. Бұларды ауыл жанашырлары жасатып, қойдырды. Қазығұрт ауданы Үшбұлақ елді мекеніндегі орта мектепті осыдан 20 жыл бұрын бітірген түлектер «Бәйтерек» монументін ескерткішке қалдырды.
Өскен өңірін өрге сүйрейтін өршіл өрендер биыл да туған жерлеріне туларың көптеп тігеріне күмән жоқ. Кіндігін туған жермен жалғағандар Атамекенді аспандата, асқақтата бермек.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Leave a Reply