Апат айтып келмейді, табиғат та тосын сыйларға толы. Көбінде ауа-райының күрт өзгеруінен түрлі жағдайлар орын алып жатады. Мұндай жағдайда арнайы ескертулерден хабардар болған абзал. Қазіргі кезеңде цифрланған технологияға өткен заманда қолдағы ұялы телефонымыз хабар алуға ең тиімді құрал болуды. Осыған орай, төтенше жағдайлар қызметкерлері өңір тұрғындарына арналған «Дәрмен» деп аталатын тегін әрі тиімді мобильдік қосымшасын қосуға кеңес береді.
Төтенше жағдайлар туралы халықты жылдам құлақтандыру үшін 2019 жылдың 15 мамырынан бастап, СМС құлақтандырумен қатар, тегін мобильді «Дәрмен» қосымшасы іске қосылған болатын. Жобаны отандық компания әзірлеген. «Дәрменді» іске қосу үшін Жапония мен АҚШ елдерінің халықты мобильдік қосымша арқылы құлақтандыру тәжірибесі зерделенген.
Аталмыш мобильді қосымша бірнеше секунд ішінде халықты қала аумағындағы төтенше жағдай қаупі мен туындауы мүмкін қолайсыз тосын жайлар туралы жаппай ақпараттандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қосымша дауылды гидрометеорологиялық құбылыстар, қысқы кезеңде автомобиль жолдарының жабылуы, сейсмикалық қауіптілік және т.б. туралы уақтылы хабарлайды.
«Дәрмен» тәжірибелік пайдаланудан өтті және хабарламаларды жедел жеткізуде бұрыннан қолданылып жатқан СМС құлақтандырумен салыстырғанда аса тиімді екенін көрсетті дейді сала мамандары.
Сапа бар жерде сұраныс та бар. «Дәрмен» қосымшасын алғаш естіп жатқан жандарға айта кету керек, қосымшаны телефондар үшін App Store және Plaу Market мобильдік қондырғылар бөлімінде «Darmen» атауын енгізіп, жүктеп алуға болады.
Түрлі орын алуы мүмкін төтенше жағдайдан хабардар болу, бұл – сіздің және жақын жандарыңыздың қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
А. Бейсембаев
Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі
Leave a Reply