Бүгінгі қоғам сан қырлы. Кейде қатігездігі басымдау көрінеді. Тастанды бала, тастанды қария… Бұрынғы қазақ қоғамында болмаған оқиғалар туралы алғаш естігенде жанымыз түршігетін. Қазір ақпараттың ағымымен талқылаймыз да, өмірдің келесі парағын аударып кете барамыз. Себеп-салдары талқыланып жатады. Бірақ ресми сипат алып кеткендіктен бе, нәтижесін бермей өте шығатындай әсер қалдырады. Сөз соның ішінде «Қариясы бар үй-қазына» деген сөз де бар күш-қуатынан айрылып, жалаңаштанып қалғандай көрінеді. Ресми ақпараттар, ресми сөйлемдер…Ресми өмірдің астарында адами қасиеттер арпалысып жатқандай.
tories/11102019-9.jpg» border=»0″ />
Осындай ойлар мазалап жүргенде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековпен ел астанасына барып қалың қазақтың қадірлесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Бүгінде өзіңіз де ардагерсіз, осы ардагердің тұлғалық қасиетіне тоқталып кетсеңіз, осы сөздің мәні кетіп қалған жоқ па, қазір зейнет жасына жеткеннің бәріне ардагер деп қарайтын, қабылдайтын болдық.
– Шынында бүгінде осы сөздің мәніне терең бармай жүрміз. Зейнетке шыққанның бәрі ардагер емес. Ардагер деген еліне, қоғамға еңбегі сіңген, ел ішінде қадірлі, ісі,сөзі халыққа жағымды, атағынан ат үркетіндей, қазақ халқына өнегелі болатындай тұлға. Ардагер қасиетті сөз. Менің ойымда бұған дейін айтылып келген абыз, қария, ақсақал деген сөздердің бәрін біріктіретін осы Ардагер сөзі. Ардагер елдің алақанына салып жүретін адам болуы керек.
– Зейнетке щыққанның бәрі ардагер емес деп отырсыз. Әдемі, орынды қартаюдың өзі – үлкен өнер болып тұр ғой…
– Мына оқиға есіме түсіп отыр. Иранда елші болып жүрген кезім. Елбасы келді. Әңгіме арасында Нұрекең арманым туралы сұрады. Мен: Айнымай, ақылымнан адаспай, абыроймен қартаю дедім.
-60-қа да жеткен жоқсың ғой, деп мән бермеді.
Менің айтқым келгені Жамбылдың қарғаған кәрілігі емес еді. Өйткені, қартаюдың жөні бар. Біреулер қазымыр болып қартаяды, ал, біреу бала құсап қартаяды, кім не айтады деп жалтаңдап отырады, ал, біреу тек қана қате іздеп отырады. Біреулер жақсы, өнегелі қартаяды. Қартаю да өнер, соған ұмтылу керек. Мені алпысқа аяқ басқан шағымда осылар мазалайтын.
– Сол кезде сіздің ойыңызда қандай қарттық тұр еді?
– Үлкен де, кіші де сыйласа, келгеніңде орнынан ұшып тұрып сәлем берсе. Осындай ақсақал болу еді. Ойымда өзім өскен ауылдың ақсақалдары жүрді. Елден алыс жүргендіктен де соларға деген сағыныш болды. Бала кезімізде біз көрген қариялар ақылман еді, мейірбан, мейірімді еді. Ешқайсысы оқымаған. Бірақ ұлы дала университетін бітірген «Даланың академиктері» болатын. Әкемнің айтуымен қариялардың жанында көп жүрдім. Шеттерінен шешен. Ол басқа заман, кітап аз. Менің алғашқы мектебім сол «Дала академиктерінің» мектебі болды. Маған балалар «сен шал сияқтысың» дейтін.
– Сізде үнемі сағыныш сезімі жүретін сияқты. «Асылдарым» атты кітабыңыз да сағынышқа тұнып тұр. «Өзімді керуені қара үзіп, елі көшкен жұртта қалғандай сезінемін. Бәзбірде жан әлемімді айтып болмас мұң кеулейді. Ойласам-ақ, іштен өрт шалған ормандай боламын. Ағыл-тегіл сағыныш сазынан сарғаямын, жүрегім талады. «Қайдасыңдар, асыл ағаларым» дейсіз. Осы кітапты жалғастыру ойыңызда жоқ па, жазсаңыз кімдерді қосар едіңіз?
– Жазып жатсам Ақселеу мен Әбішті қосар едім. Олардың шығармалары өз алдына, әңгімелерінің өзі бір-бір кітап еді. Қай тақырыпта әңгіме айтпасын асыл жібектей таратып айтып беруші еді. Іздейсің, сағынасың. «Асылымның» ішінде айтылмай қалған адамдар да көп.
– Бүгінгінің абызы деп сұрайтын болсақ, кімді айтар едіңіз?
– Сәбит Оразбаев. Ақылдың кені. Анық басып, анық жүретін адам.Бала кезімізде аталарымыз «аспай-саспай, жаман жерді баспай жүріңдер»-дейтін. Осы сөзді құлағына құйып алған, адам. Әртіс десе, көз алдыңа сахнаның адамы келеді, елдің алдында жүргендіктен олардың жаманды-жақсылы қылықтары туралы айтылады. Әртістің ішінде де ғұлама болады. Өнерінен басқа шешендігі де, көсемдігі де бар ТҰЛҒА. Бүгінгінің деп отырсың, осы сөздің өзі жадағай сөз. Мысалы, Абайды бұрынғының адамы дейді. Абай бұрынғының адамы емес, бүгінгінің адамы. Бүгінгінің мәселесін айтады.
– Бұрынғының биі де, болысы да шешен болған. Ал, бүгінгінің атқамінері қағазға қарап сөйлейді. Шешендігі қайсы, көсемдігі қайсы айыра алмайсың…
– Қазақ дүние жүзіндегі шешен халық. Бұл анық. Қағазға қарап сөйлейтін биліктегілерді мен де түсінбеймін. Кейде не айтып отырғанын ұқпайсың. Шешендік мектебін ашпаса болмайын деп тұр. Сөзге тоқтайтын халық едік, оны қойдық. Бұл бүгінгі қоғамның үлкен кемшілігі дер едім. Сөздің қадірі кетті. Мен осы жүрген жерімде айтып жүремін Қазақстанда Абайдың данышпандық мектебі болу керек деп. Ол Астанада болуы керек.
– Бұл үлкен жүйе ғой…
-Сол жүйені жасау керек. Біздің қазақтың бір қасиеті бар «Өз жақсысын өзінен қызғанады». Шетелдің данышпанын танытып жатырмыз ғой. Кітабын аударып жатырмыз. Ол да керек. Бірақ Абай одан да керек. Абайды өзімізден қызғанбайық. Және бұл жүйені жасайтындар да бар. Әр нәрсенің уақыты болады.
– Сөзден басқа қадірі кеткен тағы не бар?
-Шапан мен аттың қадірі кетті. Қазақта ат мінгізіп, шапан жапқаннан артық құрмет болмаған. Ол бір ерекше жағдайларда орын алған. Айыбын жуып шапан кигізген, сөзге тоқтап, ат мінгізген. Қазір ат бір қағазға сыйып кетеді. Шапан қолдан-қолға өтіп жүре беретін болды.
– Жаңа әрнәрсенің уақыты бар дедіңіз. Шәкірт тәрбиеледіңіз, ел басқардыңыз, игі-жақсының жанында жүрдіңіз. Елдік мүдде, ұлттық мүдде хақында айтылып жататын ұсыныстар аз емес. Сондай ұсыныстардың уақы келіп орындалды дегенде қандай мысал келтірер едіңіз?
– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Елбасына ақылмандардың бірегейі Өзбекәлі Жәнібековтен Түркістан қаласындағы жалпы жағдайға талдау жасаған қазақ аз көрінетінін айтып, шаһарды қазақыландыру туралы хат түседі. Жағдаймен танысу үшін Президенттің тапсырмасымен Түркістанға бардым. Көрдім, зерттедім. Шыныда да жағдай жақсартуды керек етеді екен. Келген соң Елбасыға көрші Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысынан жақын аудандарды біріктіріп Түркістан облысын ашу туралы ұсыныс айттық. Елбасы оның да уақыты келеді деді.
Былтыр Түркістан облыс болып өз алдына шаңырағын көтерді. Қуандым, қатты қуандым. Өзбекәлі Жәнібеков көтерген мәселені мойнымда жүрген аманттай сезінуші едім. Сол аманат орындалды.
Түркістанның заманы келді.
Латын әліпбиі туралы мәселені де Әбдуәлі Қайдаров Тәуелсіздік алғаннан кейін көтерген. Оның да уақытын күттік. Міне, келді.
– Сіз мақтауды ең көп есітетін адамсыз. Мақтап жатқанда қандай күйде, сезімде боласыз?
– Мақтағанды кім жек көреді… Мақтаудың да түр-түрі бар. Оны ажырату үшін жалпы мақтауды қабылдау үшін ақыл керек. Халық мақтаумен адамды өшіре де, өсіре де алады. Баланы орнымен мақтап өсірсең ұтылмайсың. Сен жақсысың, сен тектісің деген тәрбиемен өскен баланың өмірде өз орны болады.
– Алпыстағы арманыңызға жеткен адамсыз. Бүгінде қалың қазақтың ҚАДІРЛІСІ атандыңыз. Адам болған соң арман таусылмайды ғой. Ендігі арманыңыз не?
– Арман шексіз ғой. Арманым ел аман, жұрт тыныш болса екен деймін. Кеше Арыс оқиғасын көрдіңіздер. Бейбіт күнде снаряд жауды. Арыс тас-талқан болды. Оның себептері көп. Мен өзім пайымдаған бір ғана себебін айтайын, дүниеқоңыздықтың кесірі. Әкімдер қауіптілік жағдайын ескермей жер бере берген. Оның зардабы туралы ойланған жоқ… Қазақ халқының басына енді бұлт үйірілмесе екен деймін. Қазақ халқы аз жылаған жоқ. Алла енді біздерді жылатпаса екен деймін. Біздің ұрпағымыз әлемдегі, жер бетіндегі тіршілік еткен халықтың ең бақыттысы болса, қазақты түгел атқа қондыратындай жағдай болмаса екен деп армандаймын.
– Күнделік жазатыныңызды білеміз. Әлі де жазып жүрсіз бе?
– Күнделік жазушы едім. Күнделік деген –өмір, шындық. Күнделікке өтірік жаза алмайсың. Күнделік жазуым сиреді. Бірақ қарап отырғаным жоқ.
Бұрынғы жазғандарымды жинақтап «Ұлы дала әдебиеті» деген кітап шығардым. Бұған дейін «Қорқыт ата» кітабының аудармасы шықты. PhD докторы Гүлім Шадиева екеуміз «Қорқыт ата» кітабын түпнұсқадан қазақшалаумен айналыстық. «Қорқыт ата» кітабының екі нұсқасы анықталған: бірі – Ватикан, екіншісі – Дрезден нұсқасы. Сол Дрезден нұсқасы оғыз-қыпшақ тілінде жазылған. Бұл кезінде орыс тіліне, одан бөлек түрік, әзірбайжан, түрікмен тілдеріне аударылды. Ал қазақшаға Әуелбек Қоңыратбаев тәржімалаған. Бірақ ол орыс тіліндегі нұсқадан аударды. Екінші нұсқаны Шәкір Ыбыраевтар түрік тіліндегі нұсқадан тәржімалады. Ал біз түпнұсқадан тікелей аударып бітірдік. Орхон ескерткіштерін аударғаннан кейінгі менің әдебиет тарихындағы ең үлкен еңбегім осы-ау.
– Айтқандай, өзіңіз Ардагерлер кеңесінің мүшесісіз бе?
– Жоқ. Мені ардагер деп есептемейтін болулары керек.
– Әңгімеңізге рақмет, аға!
P.S Мырзатай ағамен әңгіме барысында туған жеріне, өткеніне, жерлестеріне деген ерекше ынтазарлықты байқадық. «Үлкен қызметтерде жүріп туған ауылымның көркеюіне себім тимепті. Әне, өзіне бұрып жатыр деген елдің сөзінен тайсалдым. Енді сол елге барып ата-баба, ата-анама арнап ас берсем бе деп отырмын. Мен дүние жимадым, кітап жидым, байлығым кітаптарым ғой сол асқа арнап арнайы өзім шығарған кітаптарды салатын кітап дорба тіктіріп жатырмын. Аста бұйыртса қоржын-қоржын кітап таратамын» деген ойын бөліскен.
Қыркүйектің 7-сінде Әулиеата жерінде айрықша бір ас өтті. Бұл жолы асқа келгендер кітап арқалап қайтты. Қазақтың тарихында «Сағынайдың асы» деген бар. Енді сол астың қатарына рухани азық — дорба-дорба кітап таратқан қалың қазақтың Қадірлісі атанған Мырзатай Жолдасбеков берген ас қосылатын болар-ау.
Сұхбаттасқан Бейсенкүл НАРЫМБЕТОВА
Leave a Reply