ШАҢЫРАҚТЫҢ ТӨҢКЕРІЛУІ ЖАҚСЫ ЫРЫМ ЕМЕС

Датым бар!

Түркістан қаласы әкімінің назарына!

 

Түркістанның облыс орталығы болуы – тек ұлтымызға ғана емес, түркі әлеміндегі үлкен оқиғалардың біріне баланды. Түркістанды білмейтіндер жоқ. Себебі, бұл мекен аталған бауырлас халықтардың қара шаңырағы. Шаңырақ сөзі халқымыздың күнделікті тіршілігінде ерекше мәнге ие, ол ұлттық санамызға сіңген қастерлі ұғым ретінде қолданылады. Түркістан қаласында шаңырақты әспеттеген еңселі монумент бар. Атауын әркім әрқалай атайды. Сол монументке қазір барып қарасаңыз, төрт тағанның басын біріктірген төңкерілген-жантайған бірнеше шаңырақ шар тәрізді көрініп, бірден көзге түседі.

tories/18102019-1.jpg» border=»0″ />

Аталған құрылыстың біз білетін тарихы туралы айта кетейік. Бастапқы идеясы – төрт құбылаң тең болсын, шаңырағың шайқалмасын деген ой болатын. Шаңырақты төрт таған көтеріп тұруға тиіс еді. Алайда алып нысанның құрылысы бітпей тоқтап қалды. Араға бірер жыл салып құрылысқа қайта жан бітті.  Бірақ, өзінің алғашқы жобасынан ауытқыды. Жоғарыда айтылғандай, жантайған, төңкерілген, өзінің орнында тұрған шаңырақтар шарды құрап шықты. Оны байқау оңай. Бірақ, сол шардың табанында шаңырағымыз шалқайып тұр.

Шалқайған шаңырақтың халқымызда жақсы ырымға баланбайтыны бесенеден белгілі. Солай бола тұра, бүгінгі күнге дейін осы нысанды түзеу жөнінде нақты қадам жасауға ешкім ыңғай танытпай отыр. Әрине, мұндайда әкімнің жағасына жармасатынымыз заңдылық. Түркістан қаласының тізгінін қолына алғанына көп бола қоймаған Рашид Аюпов мырзаның бұл монументке көзі түсіп жүрген шығар деп ойлаймын.

Түспесе, монументтің жанына келіп қайта бір қарауын ұсынамын. Не көреді екен? Ал, өз басым Түркінің текті төрі – Түркістанның мәртебесі артып, мерейі тасыған шақта төңкерілген шаңырақтың тұруы орынсыз деп санаймын. Бұл жалғыз менің ғана пікірім емес, көпшіліктің жүрек түкпірінде сақталған күпті ойы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақта қара шаңырақ – атадан балаға мирас болып қалған үлкен үй. Сол себепті, қара шаңыраққа иелік етіп отырған мына біздер, басшымыз бен қосшымыз қосылып, бабалар қалдырған қастерлі аманат – Түркістан қаласының бір қышын болса да ұлттық болмысымызға сай етіп қалап, келер ұрпаққа қалатын мұраларымызды өз деңгейінде жеткізуіміз керек. Қарашаңырағымыз шалқаймасын да, шайқалмасын да десек, оның орналасуына мұқият болайық.

Нұрбол Нышанбаев

Түркістан қаласы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика