Кездесу
tories/25112019-2.jpg» border=»0″ />
«Қазіргі таңда көп адамның басында қалай тез байысам, көп ақшаға қалай ие болсам деген ой жүреді. Әрине, бар адамның бақуатты өмірді қалауында тұрған ештеңе жоқ. Заманында бір қазақ ауылының жағдайын бір бай көтеріп кететін кездер де болған. Байлықтың сырын білемін деп түрлі тренингтен тренинке сабылмас бұрын жаныңда жүрген жандарға мұқият бір қарап алған артық болмайды».
Бұл – Күлия Смайылханқызының пікірі. Шымкент қаласының жастарымен кездесуде айтты. Сол жастың бірі өзіммін. Мәдениет қайраткері Күлия апайымыздың тұшымды әңгімесін тыңдап, ерекше әсерге бөлендім. Перзенттік парыз жайына басқа қырынан үңілдім.
Батыр да, ақын да анадан туады. Халық алдында абыройлы, жат алдында сыйлы болып жүргендері ананың бір ауыз ақ батасынан болса керек дейді Күлия апайымыз. Мұны көру үшін тарихты парақтаудың қажеті жоқ. Өз қасымызда күнде көріп жүрген азаматтар да жетерлік. Осы орайда уақытында бізде Оңтүстікте әкім болған қазіргі Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлымен қызметтес болғанын айта кетті. «Ол кісінің бойында керемет бір қасиет болатын. Анасы Сәбира апаймен де таныс болатынмын. Өте бір текті адам. Асқар Исабекұлының басына қонған бақ анасының разылығының арқасында ма деп ойлаймын. Анасының айтқан сөзі еш есімнен кетпейді. Қай елде, қай жерде жүрмесін қайырлы түн тілемей, Асқар ұйықтамайды дейді. Таңертең «мама, қалайсың?» деп хабарласып, сосын ғана орнынан тұрады екен. Міне, ата-анаға деген ҚҰРМЕТТІҢ ҮЛГІСІ.
Өмірдегі ең өкінішті нәрсе – үлгермей қалу. Көбіне ата-анамыздың қадірін өмірден өтіп кеткен соң ғана түсіне бастаймыз. Бірақ ол кезде бәрі де кеш. Неге сол нәрсенің бәрін көзі тірісінде жасамасқа? Ата-анамыздың бізден күтері көшедегі біреудің қалтасынан жырып алған ақшаға үлкен бір дастархан жасау емес. Біздің ата-анамызға берер ең үлкен сыйымыз ол біздің пейіліміз, жүрегіміз, жақсы сөзіміз.
Әр апта соңында отбасымызбен қауышқанда анамызға барып, «Анашым, сіз өмірдегі ең керемет анасыз!» деп айтсақ аналардың қалай мерейі тасып, мәртебелері көтерілер еді.
Ал әкемізге барып, әке жайлы бір әнді тыңдатып, «Әкешім, мына өлеңді өзім жазбасам да, сізге арналғандай» десеңіз, одан асқан бақытты адам бола ма? Ата-анамызға ақша берудің, көйлек апарудың еш қажеті жоқ. Бір ғана жылы сөз жетіп жатыр. Қазір тірі кезінде, бар кезінде жақсы сөз айтып үйрену керек».
Мына сөздерді тыңдап отырып ерекше ойға қалдым.
«Анаға тағзым», «Әкеге құрмет» секілді бірнеше кітаптың авторы, Күлия апайымыз бала ата-анасымен достық қарым-қатынас орнатуға тырысу керек дегенді айтты. Себебі, Алладан кейін ата-анадан қамқор ешкім жоқ. Жаман болсақ та, жақсы болсақ та, бізден теріс айналмайтын, бірге күйіп-жанатын ол біздің ата-анамыз. Ал біз әйтеуір «әкем естімей-ақ қойса екен, анамның құлағына осы жетпесе екен» деп отырамыз. Біз жасаған бар олқылықты басқа біреуден естіп отырады. Ата-анаға ол қалай ауыр тиеді. Қарап тұрсаңыз, ең бірінші ата-ана білу керек қой . Егер ата-анаңызбен дос бола алмасаңыз, көп нәрсе бекер. Себебі, кімнің әкесі одан разы болса, сол байлыққа кенеледі. Екі дүнием де бақыт пен шаттыққа толсын деген адам алдымен анасының батасын алу керек. «Жәннат – ананың табанының астында» деп бекер айтылмаса керек.
Қазіргі таңда орын алып жатқан көптеген мәселелер жасөспірімдердің ата-анасымен қатынасының бұзылуынан болып жатады. Егер әр ата-ана өзінің баласымен жақын араласып, ересек өмірдің бар қырын ашып түсіндірсе, балалар да өз ата-анасының сөзіне құлақ асса, жауапкершілікті жете сезінер еді…
Өз басым кеш басталғанда сөзін «не айтам» деп бастаған Күлия Смайлханқызының әңгімесінен жастар жағы жүздеген тренинг бере алмайтын ғибрат алды деп сендім. Бір сағатқа деп жоспарланған кездесудің соңы студенттер сұрағымен тағы бір сағатқа жалғасты.
Айжамал Махашова
Leave a Reply