ҚАЙДАСЫҢ, ҚАРА ДОМАЛАҚ?

ҚАЙДАСЫҢ, ҚАРА ДОМАЛАҚ?   (Әкім Ысқақ)

 «Әр қазақ- менің жалғызым!»

Сабыр Адай

 

Американдық машиналардың отаны Детройт қаласында қазақтың қара домалақ баласы бар. Ол өзі тынымсыз және жатырқауды білмейді. Біздің танысқанымыздың өзі қызық болды.

1998 жыл еді. «Неке және отбасы» заңына байланысты шетелден балалар асырап алған бір топ аналармен әңгімелесіп отырғанбыз. Ар жақта алаңқайда балалар қызу ойнап жатқан. Кенет сол балдырғандардың ішінен бөлініп шыққан бір бала екпіндеп алға ұмтылып, біздерге қарай тез-тез адымдап жетті. Бірнеше адамның ішінен маған жақындап, жылы жымиып қояды. Содан ентелей келіп, алдыма отырып алды. Тура бір көптен көрмеген ең жақын адамына алыстан аңсап, шаршап жеткендей. Жұрттың бәрі таңдана қарап қалыпты. Мені бұрыннан білетін адамдай біресе шалқайып жатып, біресе маған қарап еркелеп сықылықтап күле түседі. Тап-таза, кінәсіз жәудір көзімен көзіме тіке қарайды. Ара-тұра былдырлап, бірдеңелерді айтып жымияды. Бір кез үнсіз қалып, ойлы қалыпта саусағымен мұртымды сипалады. Өзгелер баланың бұл қылығына күліп жатыр. Менің құшағымнан кеткісі келер емес. Әлгі балдырғанның тәтті қылықтарына сүйсініп:

–Қадірлі, аналар! Мынау кімнің баласы?–деп сұрадым.

–Менің!–деген үн естілді.

Даяна деген келіншек екен. Арғы тегі–грек. Күйеуі Мичиган университетінде профессор. Өзі баламен үйде отыр. Анасы мен баласының ұқсастықтары қара шаштарында.

– Даяна, балаңыз сүйкімді екен. Қай жақтан асырап алдыңыз? Ұлты кім?–дедім.

– Ресейдегі балалар үйінен асырап алдым. Баламның ұлты қазақ–деді мақтанышпен үн қатып.

Тұла бойым ерекше бір күйге бөленді. Шынында, мынау бүлдіршін менің бауырым, менің қаным екен ғой. Оны маған жақындатқан тылсым құдіретке таң қалдым. Бойындағы қаны бір адамға тартылуын енді түсінгендеймін. Құшақтай алып бетінен сүйдім. Қазақтың «Жақынды бала мен ит біледі» деген сөзі бекер емес екен-ау. Анау ойын алаңында алаңсыз ойнап жатқан бала аласұрып келгенде-ақ жұдырықтай жүрегі құрғыр, өз қанын сезген екен ғой. Жүрегі дүрс-дүрс етіп тұр. Мен үшін ол дүрсіл «Мен қазақпын!», «Мен қазақпын!» дегенді жанымен, рухымен, болмысымен айтып тұрғандай сезілді…

Даяна оны Ресейдің Ярославль қаласындағы балалар үйінен асырап алыпты. Әкесі –қазақ, шешесі–орыс. Негізі отбасы Ростовта тұрады екен. Бұл сәби отбасының жетінші баласы. Ол жеті айлығында дүниеге келген. Жеті деген сан қазаққа қасиетті болса да бұл «жоспарланбаған» әрі шала туғандықтан, анасы балалар үйіне қалдыруды жөн деп табады. Өз ата-анасына керек болмаған бала американдықтарға бұйырыпты. Екі айлығында осылай американдық атанады.

Даяна ашық-жарқын, әңгімешіл болып шықты.

 – Баламның бұрынғы аты–Сережа. Бұл есім қазақша қандай мағынаны білдіреді?

– Серік.

– Серик — деп қайталады ол.

– Оның мағынасы қандай?

– Серік болу, жұп болу. Қазақ «Жолға шыққан адамның жүгі болма, жұбы бол» дейді. Яғни, адамға адал дос болу деп өзімше түсіндірдім.

Серік! О-о-о, бұл есімнің мағынасы керемет екен ғой.

Баланың–жасы төртте. Қазір есімі Серік те, Сережа да емес, Джо. Мұнда оның өсіп-өнуіне барлық жағдай жасалған. Асырап алған анасының айтуынша, балада зеректік қасиеті басым екен. Жанары жарқылдаған Серікке қазақ тіліндегі «Саламатсыз ба?», «Қазақстан, Ордабасы» деген сөздерді қайта-қайта айтқыздым. Даянаға да балаға осы сөздерді ұмыттырмай, қадағалап айтқызып отыруын өтіндім. Баласының санасына құйғызуын сұрадым.

Ордабасы басына қиындық түскенде бүкіл қазақтың біріккен, тізе қосқан жері, биік тұғыры, қасиетті тауы екенін түсіндірдім. Азаптанып, шашыраған бүкіл қазаққа дем берген Ордабасы киесі ештеңеден хабары жоқ осынау кішкентай қазақ баласын қолдап жүрсін дегенім еді. Естелік ретінде Серіктің омырауына еліміздің Туы бейнеленген төс белгіні тақтым.

Серік менен ажырағысы келмеді. Мойнымды құшақтаған күйі жіберер емес. Қолын созған Даянаға мән бермей маған қарай тығыла түскен Серікті еріксіз анасына табыс еттім.

– Қа-зақ-стан! Ор-да-ба-сы!

Қаракөз бауырдың қоштасардағы айтқан сөзі еді бұл. Жүрегімді дір еткізіп, шымырлатып жіберді. Серік сол сәт маған бір, омырауына тағылған төс белгідегі тәуелсіз Қазақ елінің көк Туына бір қарады. Ерекше қимастықпен жәутеңдеп, жәудіреген осынау қара домалақ баланың сол кейпі көз алдымнан кетер емес.

Жүрегімді елжіреткен, жан дүниеме қатты әсер еткен сол бір көріністер көңілге қайта-қайта көлбеңдей орала беретіні неліктен екен?

Бұл фәниде ақ көңіл адамдар қымбат қой, шіркін!..

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика