Шын өнер жайшылықта емес, жан дүниенің қайшылығында туады. Ал дарын- Алланың айрықша мейір- шапағаты түскен пендесіне бұйыртқан қиял-ғажайып нұры. Ана сүті, киелі топырақтың жебеуі, өмір сүрген ортасының демеуі, тірліктің тоқсан тарау иірімі, жаныңа жайлы адамдардың мейірімі сол нұр иесін қайталанбас тұлға қып қалыптастырады. Біздің қазақ елі киелі, ұлы тұлғаларға кем емес. Солардың бірі-жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып, қиялға қанат сермеген қазақтың ару ақыны, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталары мен «Құрмет белгісі», «Парасат»ордендерінің иегері, Мәдени ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған халық жазушысы Фариза Оңғарсынова.
tories/27092019-1.jpg» border=»0″ />
Әркімнің туған жері- тал бесігі. Туған жерге , туған елге деген махаббат әр адамның жүрегіндегі асыл қазынасы. Оған ақындар өлең жазса, сазгерлер ән арнаған. Сол сияқты Фариза да өзінің туған жерге деген ыстық ықыласын өз өлеңдеріне арқау етті.
«Ауыл десе , жайлайды жанымды үміт,
Сонда ғана атардай таңым күліп.
Жасыл шардың бетінде жалғыз ноқат
Мені мәңгі тартатын сағындырып…» деп түп қазығы — туған ауылына деген махаббатын білдіреді.
Фариза өлеңдері оқырмандардың жан азығына айналған қымбат дүние. Көркемсөз майданында ақынға, жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, намысқойлық сияқты адамгершілік — азаматтық қасиеттердің асқар биігінен көрінген ақын. Фариза жырлары кейінгі ұрпақты ар-намысқа, ерлікке, нәзіктікке, ананы, әкені, туған жер, адамзатты сүюге бастап апаратын ақ жол іспетті.
Фаризаның атақты «Өлең» атты өлеңінен ақынның әлденеден мұңайған кезінде, біреудің «пысықтығынан» жүрегі мұздаған кезде, кешегі досының бүгін жерігенін көргенде , Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы поэзиясы болғанын көреміз. Бұл мына өлең-жолдарында анық көрініс тапқан:
Дара күндерімнің,
Нала түндерімнің,
Серігі болғаның үшін,
Сенімі болғаның үшін,
Мен сені аялаймын.
Көңілді, жайлы күнімді,
Азапты, қайғы- мұңымды,
Өзіммен бөліскенің үшін,
Қапам мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О баста көріскенің үшін.
Өлең, мен сені аялап өтем!»
Ақынның тұңғыш кітабы «Сандуғаш» атты өлеңдер жинағы. Кейіннен «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «Асау толқын» «Дауа» т.б өлең кітаптарымен қатар күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы туралы «Алмас қылыш», қазақтың өнерлі қыздары Майра, Сара жайлы «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудің бұлбұлымын» «Қарғыс» сондай-ақ «Дала тағдыры», «Ақбөбек жырлары», «Мүшәйра» т. б. поэмалары жарияланды.
Ф. Оңғарсынова- биік сезімнің ақыны. Оның көңіл-күй ырқына тез берілетіні, жаны тез жараланатыны да осыдан. Бүгінгі адам жанына , сезіміне оқыс әсер ететін жағдайлардың көптігі өлгендердің ғана жанын ауыртпайды. Фариза көңілін жайлаған адалдық, әсемдік, жақсылықты ғана мұрат тұтқан арман-тілек күнделікті өмір қайшылықтарымен үйлесімге келмейді де, ақын сезіміне кері әсер етеді.
Фариза апамыздың өлеңдері әр тыңдаушының жүрегіне терең ой салып шабыттандырады. Қаншама жанды қара өлеңмен жұбатып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген қайталанбас тұлға, поэзия падишасы — ақын Фариза Оңғарсынова адалдық, намысқойлық, жаны да , ары да таза ерлерге лайық биіктерде ғана көрінген ақын.
Фариза ақынның адам жанын бірден баурап алатын нәзік сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудеңді күйсандық сазындай күйге толтырып, ой-санаңды дауылдай сапыратын сипатымен ерекшеленеді. Саңлақ ақынның отты өлеңдері барша қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдауға арналғандығын айтсақ, әрине, қателеспейміз.
Жан дүниемізді байытатын, қиналғанда рухани байлығымызды кеңейтетін халықтың сүйікті ақыны, өмірін өлең деп ұққан, қазақ жырында өзіндік ақындық әлемімен аты шыққан Қазақстанның халық жазушысы Фариза апамыздың дүниеден өткеніне де біршама уақыт болып қалды.Уақыт ағыны еш жүйрікті жеткізбей сағымдай сырғып барады. Десек те, «Таулар алыстаған сайын биіктейді» деген, жауһар жырды жүрегіне жинаған поэзия патшайымының бейнесі алыстаған сайын биіктей түсуде…
Фариза апамыз өзінен кейінгі ақын сіңлілеріне жол көрсетіп, оларға қамқор бола білді. Ақын апаларының жолын жалғастырушы сол сіңілілері, қыздары барда Фариза бұлағы тоқтамақ емес.
Г. Ахпанова
Leave a Reply