Зейнетке шығу-өзіңді ұмыту емес. Жұмысбастылық қол байлау болған саулыққа көңіл бөліп, бос уақытыңды ұтымды пайдалануға ашылған жол. Осыны ескерген билік елімізде қарттардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жас шағында үлгере алмаған немесе үйрене алмаған қызығушылықтарына қол жеткізу мақсатында арнайы орталық ашқан болатын. Ол –«белсенді ұзақ өмір» орталығы деп аталды.
Шымкентте де мұндай орталық бар. Қарт адамдарға қолайлы орта құрылған. Қоғамдық өмірге тарту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Белсенділіктерін арттыру мақсатында сан түрлі үйірмелер де ұйымдастырылған. Қазыналы қарттар кез-келген уақытта бас қосып, пікір бөлісе алады. Медициналық, психологиялық және заң концультациясы, ІТ және smart-сауаттылыққа, шет тілдерін оқыту сынды тетіктері де бар.
Оған кітапхана, шахмат ойыны, демалыс, денсаулық залдарын тағы қосыңыз. Қолөнермен шұғылдануға арнайы бөлмелері де қарастырылған.
Соңғы кезде келушілері де көбейген. Сондықтан болар, қала әкімі зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының тағы бір бөлімшесін ашып берді. “Халықаралық қарттар күніне” орай ашылған нысанның ресми салтанатына Мұрат Дүйсенбекұлының өзі қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады.
Қала әкімі құттықтау сөзінде жылы лебізімен қатар, қарттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен көмектің көлемі жыл сайын артып отырғанын және бұл бағыттағы жұмыстар Президент саясатындағы басым рөл атқаратын бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Жаңадан ашылған бөлімше Қаратау ауданы, Жібек жолы көшесі, 22/1 учаскесінде орналасқан. Жартылай стационарлық жағдайда екі ауысым бойынша 140 азаматқа дейін қызмет көрсетеді. Ардагерлер мұнда дәрігерлік тексеруден өтіп қана қоймай, ART терапия, әсемдік жасару терапиясы, караоке зал (ән айту), хореография, йога, еңбек терапиясы, инемен емдеу терапиясы, емдік денешынықтыру сияқты сауықтыру шараларынан өтеді. Сонымен қоса бос уақытты ұйымдастыруға арналған бильярд,теннис, садақ ату, бассейн, массаж, тренажерлық қызмет түрлері де қарастырылған. Жалғызілікті жандарға арналған 8 сағаттық жартылай станционар да жұмыс істейді.
“Белсенді ұзақ өмір”орталығының бөлімшелері қаладағы төрт ауданның үшеуінде Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында ашылған. Абай ауданы бойынша тағы бір бөлімшенің лентасы келесі жылы қиылатын болады.
«Қызмет-ақпараттан» дерек: Қазақстанда 65 жастан асқан шамамен 1,5 млн адам немесе бүкіл халықтың 7,8% тұрады. Бұл көрсеткіш соңғы 6 жылда 1%-ға өсті. Бүгінде белсенді өмір сүру орталықтары Қазақстанның 9 өңірінде: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстарында ашылып, жұмыс істеуде. Қалған өңірлер бойынша ғимараттарды іріктеу және жергілікті бюджеттен қаражат бөлу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Leave a Reply