tories/001kenzhegul.jpg» border=»0″ />
Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясының тамыры тым тереңде жатыр. Ұлт көшбасшысы осы идея арқылы Қазақстанның болашағын баянды етуді басты мақсат етіп алған. Идеяны тармақ-тармақ етіп таратып талдауға болады. Соның ішінде үш тұғырлы тіл саясаты ана тіліміздің тұғырын төмендетпейді. Керісінше жоғарылатады. Тілдердің үш тұғырлығы саясатының астарында ел азаматтарының мемлекеттік тілді білу ғана емес, өркениетті елдермен тереземіз тең болу үшін басқа тілдерді де меңгеру міндеті тұр ғой. Ал басқа тілді меңгеру ең алдымен тәрбие мен білім ошақтарынан бастау алғаны дұрыс.
Осыны басшылыққа алған Шымкент қаласындағы «Назерке» мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру шағын орталығында жоғары ересектер тобында ағылшын тілінен ашық оқу іс-әрекеті болып өтті. Кенжегүл Сарсенбиева басқаратын аталмыш мекеме еліміздегі білім мен тәрбие саласындағы барлық жаңарулар мен жаңғыртуларды дұрыс қабылдап, өз практикаларына қолданып келе жатқанына да біраз болды.
Ашық оқу іс-әрекетінде білімге, білуге ұмтылған кішкентай балдырғандардың тіл білуге деген құштарлығы көңілімізді қуантты. Шағын орталықтағы балалардың ағылшын тілін меңгеруіне ұстаз Нурила Пернекулова қосып отырған үлес ерекше. Ол бала психологиясын терең меңгерген.
Сабақ ағылшын тіліндегі түстерді ажырата білуге арналды. Түстердің сан алуандығын көрсете білген азғана уақытта балалар білімді екендерін көрсетті. Олар тіл таңдамайды, үш тілде де тең сөйлейді. Оларды әзірге ешқандай пікір, саясат ойландырмайды. Апайлары не үйретіп жатыр, қағып алып өзіне қайта айтып беріп жатыр. Шеттерінен талантты, талапты, ең бастысы білуге құштар.
Әсіресе, олардың еліміздің әнұранын қазақ-ағылшын тілінде еш мүдірмей орындап бергендері өте әсерлі болды.
Осындай білімді бүлдіршіндер тәрбиелеп отырған орталықтың басшысы Кенжегүл Сарсенбиевадан үш тұғырлы тіл жайындағы пікірі мынадай екен:
– Біз зайырлы мемлекет болу үшін еңбек етіп жатқан мемлекетпіз. Болашағымыз жастардың қолында. Ал ертеңгі жастар, мына қазір біздің алдымызда отырған бүлдіршіндер. Сондықтан бұлардың осы Тәуелсіз Қазақстанымыздың білімді де білікті ұрпақтары болып шығуына мына біз, жоғарғы буын мен тәрбие өкілдері жауаптымыз. Балаға нені үйретсең соны қағып алады. Бұлардың санасы, миларының қабылдау жылдамдығы өте жоғары. Бүгінгі жастардың үш тілді еркін меңгерулеріне толық мүмкіндік бар. Мен өзім тіл білуді, тіл үйренуді өте қолдаймын. Бұл дегеніңіз елмен елді байланыстырып, болашақта өзгелермен тереземіз тең дәрежеге жетуімізге керек дүние. Әрине, сан түрлі пікір айтыла береді, дегенмен Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында осыншама жетістікке жеттік. Демек, бұл бағыты да өте дұрыс. Бұдан кейін де еліміз дами түсетініне сенемін.
Расында баланы неге дағдыландырса солай болып шығады, демек үш тұғырлы тілге де дұрыстап дайындасақ болашақ ұрпақ еш қиналмай меңгеріп кетері анық. Қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, тақпақ айтқан бес жасар балалардың ағылшын тілінде де сайрап тұрғанын көріп осындай ой түйдік. Ана тіліміз ана сүтімен енген ерекше дүние. Ол руханият үшін керек. Адамның жан-дүниесінің керегі. Мемлекеттің тілі. Ал, ағылшын тілін білу қажеттіліктен туындап отыр. Орыс тілінің де өзіндік орны бар. Әрбір ата-ана баласының білімді болғанын, қазіргідей заманда бәсекеге қабілетті болғанын қалайды. Егер баласы үш тілді біліп жатса оның мүмкіндігі де жоғары. Қазір қоғамда үш тіл жайлы түрлі пікір бар. Бірақ, сол түрлі-түрлі пікір айтушылардың өзі егер баласы немересі үш тілді біліп жатса қой демейді, мақтанады. Балабақшаға барып біз саясатты емес, тілге деген қарапайым адами қажеттілікті көрдік.
Н. БАЗАРБАЙ.
Leave a Reply