«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛЫ ТАРИХЫ

tories/001mang-el.jpg» border=»0″ />

Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардан бастау алған ұзына бойы тарихымызда Ұлы далада небір қиындықтарды басымыздан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жортуылдарды өткерген; сан рет қирап, сан рет бой түзеген; тарихтың тағдырлы көші дейтін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген; салтанатты да өмір сүрген,хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре білген елміз. Бірақ түрлі тарихи жағдайларға байланысты Алқакөл-сұламаға ұшырадық. Ресейге бодан болған үш ғасырдың ішінде тарихымыз, ар ожданымыз табанға тапталды. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа душар болды. Зұлматтың құрығына түсті. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқыдық. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батырларымыз әжуаға, мазаққа ұшырады. Тарихымыз саясаттың құралына айналып, теріс оқытылды.

Басымыздан бақ тайған заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін аштық. Н.Ә.Назарбаев: «Алдымызда асу – асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!»- деп айтқандай, біздер, жас ұрпақ, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін жауапты екенімізді аға ұрпақ зор сенім артып отырғанын түсінуіміз керек. Бүгінгі партада отырған оқушы – ертеңгі азамат, ел патриоты. Сол азаматтардың ең бірінші міндеті – өзінің тәуелсіз елдің өркені екенін ұмытпау, екінші міндеті – сол елдің іргетасының берік болуына үлес қосу, тәуелсіз елдің патриоты екенін дәлелдеу.

Ұлттық идея мәселесі бүгінде барлық посткеңестік мемлекеттер үшін маңызды болып отыр. Бүгінде қоғамымызда «мемлекетіміздің болашақ даму бағытына қатысты ұлттық идея мен мемлекеттік идеология қандай болуы тиіс?» деген пікірталас жүріп жатқандығын аңғаруға болады. Бұл туралы ұлт лидері Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы» деген едi. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен.

Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз! Бұл ретте Елбасы: «Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», – деп түйіндейді. Иә, Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың ықылым ғасырлардан бергі асыл арманы екені белгілі. Болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін де, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын да, межелі ұлы мақсаттарға жетелейтін де осы Мәңгілік Ел идеясы екені анық. «Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді.

Мәңгілік Ел идеясы отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. Небәрі жиырма бес жылдың ішінде осы байтақ далада бұрын соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді.Осы Ұлы көшті Н.Ә.Назарбаев бастады.Арғы-бергі заманда осындай ұлан-ғайыр мемлекет орнатып, халқының көңілдегісін тауып,көкейіндегісін істеген Назарбаевтай ұлы тұлғаны Ұлы даланың тарихы білген емес. Тәуелсіздік туының желбірегеніне де, міне, 25 жыл толды. Тоғыз жолдың торабындағы алпауыт елдер қатарындағы алып мемлекетімізді әлем жұртшылығы құрметтейді.

“Мәңгілік ел” идеясы ол біздің бүгініміз бен болашағымыз екені талассыз. Осы мақсатта “Өрлеу”БАҰО АҚ филиалы ПҚБАИ көлемінде де “Мәңгілік ел” идеясын насихаттау мен тарихи негіздерін түсіндіру мақсатында келелі іс-шаралар өткізілуде. Институт қызметкерлері “Мәңгілік ел” идеясын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан түрлі іс шараларға қатысуда. Атап айтқанда өткен оқу жылында “Өрлеу”БАҰО АҚ филиалы Астана қаласы бойынша ПҚБАИ ұйымдастыруымен “Мәңгілік ел” ұлттық идеясы негізінде қоғамдық-гуманитарлық білім беру мазмұнын жаңарту мәселелері”- атты тақырыптағы республикалық ғылыми-тәжірибелік онлаин семинарда “Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру ” кафедрасының ағы оқытушысы Қ.Сағынтаев “Ел мұраты – ел бақыты, гүлденген тәуелсіз Қазақстан”, “Мұғалімдердің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық сүйемелдеу” кафедрасының аға оқытушысы А.Жарылқасынова “Мәңгілік ел” ұлттық идеясын жүзеге асыруда ұлттық психологияның маңызы” атты тақырыптағы баяндамаларын қорғап, қатынасты.

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын насихаттау мақсатында институт қызметкерлері т.ғ.к Б.Байназарова, Л.Күнқожаева, А.Естемирова, Қ.Сағынтаев “Өрлеу”БАҰО АҚ әдістемелік кабинетінің тапсырмасымен “Мәңгілік ел” идеясына байланысты тезис материалдарын дайындады.

Жалпы алғанда “Мәңгілік ел” идеясы мен мақсатын педагог кадрларға түсіндіру мен насихаттау мақсатында институт директоры, п.ғ.д, профессор Л.Искакова мен институт директорының оқу-әдістемелік істер жөніндегі орынбасары, п.ғ.к Ш.Ергешбаевалардың тікелей басшылығымен институт кадрлары тарапынан келелі жұмыстар атқарылуда. Себебі жалпы Қазақстандықтар үшін «Мәңгілік Ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады.

Мәңгілік ел ол біздің ел ретіндегі мерейлі мәртебеміз.Сол жолда еңбек ету барша қазақстандықтардың міндеті деп білемін.

Қайрат Сағынтайұлы

“ӨРЛЕУ” БАҰО АҚ филиалы ОҚО ПҚБАИ,

“Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру” кафедрасының аға оқытушысы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика