Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Instagram» желісінде тікелей эфирде халықпен жүздесіп, толғандырған сауалдарына жауап берді.Эфир барысында қала әкімі елдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталып, қала тұрғындарын сақтық шараларын ұмытпай, жауапкершілікті сезінуге шақырды.
— Қазір әлемде жағдай күрделі. Карантиндік талаптар жеңілдегенімен, әлі де сақтық шараларын ұмытпайық. Қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 1-27 қараша аралығында медициналық көмек шақыртулар саны 34270-ті құрады. Тәулігіне шақыртулардың орташа саны — 1318. Жедел медициналық жәрдем шақырушылар санының өсуі жоқ. Мобильді бригадалар санын 70-ке ұлғайттық. Жасанды тыныс алдыру (ИВЛ) аппараттары барлық ауруханаларға жеткізілді. Қазіргі жағдайда ол аппараты қолданып жатқан науқас жоқ. Біздің жоспар бойынша барлық ауруханалар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Басқа аймақтарда, көрші елдерде жағдай күрделене түсуде. Сол себепті, аса қажеттілік болмаса басқа өңірлерге шықпауға шақырамын, — деді қала әкімі.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр аптаның жұма күні сағат 19:00-де «Instagram» желісінде тікелей эфирге шығып, тұрғындар жолдаған сұрақтарға жауап беру дәстүрге айналған. Мұрат Дүйсенбекұлының тікелей эфиріне кез-келген адамның сұрақ жолдауына мүмкіндігі бар.
Бүгінгі эфир барысында тұрғындар тарапынан коммуналды-шаруашылық, денсаулық сақтау, тұрғын үй саласы, азық-түлік бағасының тұрақтылығына қатысты сұрақтар жолданды.Қала әкімі барлық сұрақтарға жауап беріп, тиісті сала бойынша атқарылатын жұмыстардан хабардар етті.
Атап айтқанда, шаhар басшысы коммуналдық-шаруашылық саласында техникалық-сервистік қызмет көрсету мекемелерінің жұмысын жолға қою, коммуналдық дүкен салу жобалары қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Leave a Reply