«ЫНТЫМАҚ-2» ШАҒЫНАУДАНЫНА МЕКТЕП ҚАЖЕТ

Шүкір, санаулы жылдардың ішінде Шымкент қаласы түбегейлі өзгерді. Қалаішілік тас жолдардың түгелге дерлігіне асфальт төселген. Шаһар тұрғындарының басым бөлігі көгілдір отынға қол жеткізді. Шалғайдағы шағынаудандарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілді. Өзге қалаларда бірнеше тұрғын үйлер тұрғызылғанда, оңтүстік мегаполисте көпқабатты үйлерден тұрат ын қаншама шағынаудандар бой көтерді. Үш ауысымдық білім ордаларының мәселелері толық шешілді.

Дей тұрғанмен, мектебі жоқ бір шағынаудан бар. Ол — «Ынтымақ-2» шағынауданы. Жақында бізге аталмыш шағынауданның бірнеше тұрғыны хабарласып, шақырған еді. Бардық, кездестік, сөйлестік.

Зұлпыбек Сапар, «Ынтымақ-2» шағынауданының тұрғыны

Бүгінде «Ынтымақ-2» шағынауданы іргелі аудан, – деп бастады сөзін Зұлпыбек Сапар. – Бұл ауданда балаларда көп. Сондықтан осында бір мектеп керек. Қайбір жылдары шағынауданның екі жері бірнеше жылға дейін бос тұрды. Сол жерлер келешек мектеп құрылысы түсетін орындар екені тұрғындар арасында жиі айтылды. Егер өтірік болса аталған тұстар бос тұрмас еді. Десек те, бұрынғы жоба өзгерген секілді. Тиісті мамандар жаңа мектептің құрылысы түсетін жерді көрсетіп кетті. Ол жер жұрт «Киров» атап кеткен ауылдың шеті. Егер, сол тұсқа білім ордасы салынса, балалар үшін бәрібір тым алыс. Себебі, «Ынтымақ-2» о шеті бұл шеті бірнеше шақырымға созылып жатқан үлкен шағынаудан. Қысқасы, бізге осы шағынауданның орта тұсынан, жан-жақтан келіп оқитындар үшін ыңғайлы жерден мектеп қажет. Өзім осында білім ордасы жоқ болған соң Заңғар, Сұңқар есімді екі немеремді Павлодар облысы, Железный ауданындағы кіші ұлымның қолына жібердім, – деп сөз тізгінін тартты.

Асанхан Телғозы, «Ынтымақ-2» шағынауданының тұрғыны

Келесі кезекте З.Сапардың көршісі Асанхан Телғозы өз ойын айтты. Ол кісі дәл қазір Тұрландағы мектептің Диас, Мирас, Инабат есімді немерелері үшін тым алыс екеніне, шағынауданға білім ордасы қажет екеніне тоқталды.

Әбдімәлік, «Ынтымақ-2» шағынауданының тұрғыны

Ары қарай оның ауылдасы Әбдімәлік те өзі тұратын шағынауданда білім ордасы жоқ болғандықтан Қарақат, Еркебұлан, Еркеғали есімді ұл-қыздары Арыс ауданындағы Байтоғай ауылындағы мектепте оқып жатқанын тілге тиек етті.

Иә, аталмыш шағынаудан тұрғындарының өтініші орынды. «Ынтымақ-2» шағынауданында жаңа білім ордасының салынатыны жөнінде айтылғанына да аз уақыт болған жоқ. Әйтсе де әлі күнге жаңа мектептің құрылысы басталмады. Тіпті, Абай ауданының бұрынғы әкімі Ғалымжан Төлепов жергілікті тұрғындармен кездесуінде Киров жақты нұсқап білім ордасы салынғалы жатқанын айтқан.

Тағы бір айтар жайт, бұдан 5 жыл бұрын №55 мектептің директоры ата-аналар жиналысында оқушылардың тым көбейіп кеткенін, ал мұғалімдері бірінші сыныптың өзі жетеуге жеткенін құлағдар еткен. Одан бері де «Ынтымақ-2» шағынауданындағы тұрғындар бірнеше еселеп көбейді. Қала берді, бүгінгі таңда №55 мектеп артында 9 қабатты үш тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Егер, ертең сол үйдегі пәтерлер пайдалануға берілсе онсыз да «Тұрлан», «Жаңа Тұрлан», «Ынтымақ-1», «Ынтымақ-2» деп аталатын бірнеше шағынауданның балалары оқып жатқан мектепке оқушылар сыймасы анық. Сондықтан «Ынтымақ-2» шағынауданына ертерек жаңа білім ордасы салынса игі еді.

Содан кейінгі айтар мәселе, егер жаңа мектеп Абай ауданының бұрынғы әкімі Ғалымжан Төлепов айтқан тұстан салынса да мәселе мүлде шешілмейді. Себебі, экс-әкім айтқан тұс Киров ауылының шеті. Ертеңгі күні ол мектепте аталған елді мекендегі балалар да оқитын болады. Әрі «Ынтымақ-2» шағынауданының екінші жағындағы оқушылар үшін мектеп қажеттілігі өзекті мәселе болып қала береді.
Сонымен бірге, жаңа мектеп тұрғызылады деген орынға жақын тұста №55, №54-ші білім ордалары бар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні , күннен күнге өсіп-өркендеп, түрленіп жатқан «Ынтымақ-2» шағынауданының орта тұсынан жаңа бір мектеп қажет.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика