2024-09-20

ШЫМШАҺАР ТАЗАРЫП ҚАЛДЫ

Бүгін, 6-ақпан күні Шымкент қаласында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Биыл қалада көше жиектері мен ирригациялық арықтарды және бос жатқан жерлерді тазарту жұмысы ерте ұйымдастырылды. Себебі үстіміздегі жылы ауа райы ерте жылып, қар еріп, оның астындағы қоқыстар көзге қораш көрінген болатын. Сондықтан, қала әкімшілігі жалпыхалықтық сенбілікті ерте ұйымдастыруды ұйғарған.

Үлкен ауқымда өткен сенбілік «Ынтымақ-2» шағынауданын да қамтыды. Аталмыш шағынаудандағы айналма жолдың жиегінде тұрмыстық қалдық жетерлік еді. Өйткені, мұнда үйіндегі қоқысты көлігімен алып шығып, ешкім жоқта жол бойына лақтырып кететіндер аз емес. Оның үстіне, шашылып жатқан полиэтилен қалталар мен пакеттер де айналаның сәнін бұзып тұрған болатын.

Таңертең келген жұмысшылар түске дейін жол бойын тазартып тастады. Өйткені, көшенің екі жағына бөлінген 15 шақты жұмысшы сенбілікті белсене атқарды. Мұндағы тазалықпен айналысушылар «Шұбарсудан» келген «Ақсемсер стройсервис» мамандары екен. Сенбілік жұмысын Абай ауданы әкімшілігінің қызметкерлері бақылап жүрді.

Қысқасы, апта соңында қаламыз тазарып қалды.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Яндекс.Метрика