Түркістан облысы Келес ауданында тұратын Айбек Сарыбаев өз ауласында субтропикалық жеміс түрін өсіруде. Мемлекет қолдауының арқасында жас жігіт анар ағашын жерсіндіріп, былтыр алғашқы өнімін жинады. Баққа Қиыр Шығыс халқы «жемістердің патшасы» атап кеткен анардың көктемге дейін бүлінбей сақталатын тұқымдары отырғызылған.
Осыдан екі жыл бұрын егілген жеміс көшеттерін күтіп баптауда негізі күш ағаштың өсіп жетілуіне жұмсалды. Өйткені алғашқы жылдары жемісіне қызықпастан, ағаштардың тамыр тартып, бұтақ жаюына қолайлы жағдай жасау керек. Жас кәсіпкер бала кезінде көріп көкейге түйгендері бар, агрономиялық еңбектерді ізденіп оқи жүріп жалғыз өзі баққа күтім жасады. Әр ағаш орта есеппен 2-3 киллиограмм анар салды. Өйткені ағаштың толық жетілуі үшін әлі 4-5 жылдай уақыт керек. Бұл кезеңде әр түп дарақтан бұдан 10-15 есе артық өнім алуға болады.
— Бұл жерде «Қува» деген сорттан 4 түп еккем. «Дашнабаттан» 56 түп бар. «Дашнабат» көктемге дейін бүлінбей сақталады және тәтті анар. Ал, «Қуваның» дәмі қышқылдау. Бірақ, қыста жақсы сақталады. Мұның ең қиын жері жеміс ағашын күзде топырақпен көму және ерте көктемде аршып алу. Ал көктемнен бастап әр 10 күн сайын дәрі береміз. Егер жазды күні шөлдеп қалса, жарылып кетеді. Сол үшін шөлдетіп алмауымыз керек,-дейді бағбан.
Айбектің мамандағы автоэлектрик. Оған былтыр қосымша «Еңбек» бағдарламасы бойынша қысқа курсты оқып бітірді. Оның анар жемісін өсіру туралы жобасын кәсіпкерлікті қолдау комиссиясы бірден мақұлдады. Сөйтіп, 505 мың теңге грант жеңіп алды. Айбек қазір бағбандық кәсібін әрі қарай дамытудың қарекетінде жүр. Жергілікті биліктен 10 гектар жер сұрады. Оған 5 мың түп анар отырғызбақ ниетте. Жиналған өнімді ішкі нарықтан бөлек экспорттауды да ойластырып қойған. Өйткені, анарға Ресей, Қытай мен Оңтүстік Кореяда сұраныс аса жоғары.