Түркістан облысы Келес ауданы Жүзімдік ауылындағы №31 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары еліміздің ежелгі тарихын оқулықтардан оқып қана қоймай, оны археологиялық жәдігерлер негізінде танып біліп жатыр. Мектептегі тарихи-археологиялық мұражай Жүзімдік ауылының аумағындағы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған тарихи экспонаттар негізінде 1990 жылы жасақталған.
Бұл аумаққа қазба жұмыстары 1985-1986 жылы жүргізілген. Оны сол кездегі Қазақ КСР Ғылым акадамиясына қарасты археология интституының қызметкері, ғылым докторы К. Ақышев пен тарих ғылымының кандидаты А. Подушкин жүргізген. Мұражай 1990 жылы Келес аудандық атқару комитетінің 28 ақпанындағы №497 шешімімен ашылған. Мұражайды ұйымдастырып ашқан азаматтар сол кездегі Келес аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Гүлнара Ақбердина, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Асқанбай Есенбеков және Жүзімдік кеңшарының директоры Беркін Қалмаханов болатын.
Мектеп мұражайы жалпы аумағы 68 шаршы метр болатын екі бөлмеден тұрады. Экспозияциялық бөлменің аумағы 56 шаршы метр. Мұражайда 150 экспонат бар. Негізі экспонаттар: Алтарь ошақ, саз балшықтан жасалған көзе, құмыралар, тұрмыстық ыдыс-аяқтар. Құлпытас, қол диірмен, ағаш ыдыстар, шоқпар, құрылыс кірпіштері. Мұражай тұрақты түрде, қоғамдық негізде жұмыс істейді. Мектеп мұражайына облыстық жас туристер станциясы және облыстық өлкетану музейі тарапынан 1993 жылы «Мектеп мұражайы» деген паспорт берілген.
Тарихшылардың қорытындысына сәйкес осы аймақтан табылған тарихи экспонаттар біздің заманымыздың І-ХІІ ғасырында тіршілік еткен Қаңлы мемлекеті мен Қарахан мемлекеті кезеңдеріне жатады.
Мұражай жұмысының негізгі мақсаты-оқушылардың тарихи, өлкетану бағытындағы танымын арттыру және оларды патриоттық рухта тәрбиелеу.