2015 жылғы желтоқсанның аяғында қабылданған мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі туралы Президент жарлығы күшіне енді. Жаңа әдеп кодексінде «Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруы тиіс» деген ереже пайда болды. Әрбір осы мемлекеттің тумасы өзінің еліне деген патриоттық сезімін шыңдай түсуі, Отанына деген адалдығы артып, Елбасының көреген саясатымен жүргізіліп жатқан әрбір істі қолдауы, орындауы өз міндеті екендігін сезінуі тиіс. «Әдеп кодексі» – сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәдениетін қалыптастыруға, адамгершілік, моральға жат қылықтарға қарсы иммунитетті күшейтуге негізделген. Сондай-ақ, кодекс Қазақстан халқының бірлігі мен ұлтаралық татулығын нығайтуға, мемлекеттік тіл мен өзге де тілдерге, салт-дәстүрге сыйластықпен қарауға шақырады. Жасырып қайтеміз, сыбайлас жемқорлық фактілері қазір ақпарат құралдарын жаулап алды десек те болады. Қағазбастылықты сылтау еткен мемлекеттік қызметшілердің әдепке жат әрекеттері де әшкере болуда. Мұның барлығы мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы жауапкершілігін көтеру керектігін көрсетеді. Міне, осындайда «Әдеп кодексін» кемшін тұстар мен олқылықтарды жою құралы ретінде пайдалануымыз керек. Өз басым, бұл құқықтық актіні – мемлекеттік қызметшінің беделін көтеретін механизм деп білемін.
Қазіргі таңда әлі де болса мемлекеттік қызметшілер бұқарамен тығыз қатынас орната алмай келеді. Азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан мемлекеттік орган тарапына келіп түсетін арыз-шағымдардың да қысқа мерзімде қаралғаны дұрыс.
Және кез келген басшылықтың жеке қабылдауына келген әр адамға қажетті мағлұматты толық алатындай жағдай жасау да керек. Қағазбастылықтан арылатын, сөзбұйдалыққа салуды доғаратын кез келді.
Олай дейтініміз, кей мемлекеттік қызметшілер өтініштерді атүсті қарап, сапасы сын көтермейтін, толыққанды емес ақпарат бере салуды әдетке айналдырып алды. Кейбір басшылар көмек сұрай келген азаматтардың мәселесін шешудің орнына, әркімге сілтеуді қолайлы көреді. Осының барлығы азаматтың жүйкесін жұқартады. Уақытты зая кетіреді. Сөйтеді де, жоғарыға шағымдану фактілері жиілейді. Жемқорлық орын алады. Сондықтан, сіз бен біз сөз етіп отырған «Әдеп кодексі», «Әдеп кеңесі» осындай мәселелерді түпкілікті жоюға әрекеттенуі тиіс.
Н. БЕКЖАНОВ,
ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің ОҚО бойынша департаментінің бас маманы
Leave a Reply