2024-09-19

Гүлмен қатар көркейген тағдырлар

Көктемнің алғашқы мерекесі де енгелі отыр. Әлемді гүл жайнатқан бұл мезгіл әйелдердің халықаралық мерекесімен басталуы да өзінше үйлесім тапқан. Жалпы, «көктем», «әйел», «мереке» деген сөздер айтыла қалса, өзара жіңішке дыбыстар үндестігі ғана емес, оларға «гүл» деген сөз де тіркесе кетіп, бір-бірімен көркем ассоциация құрап жатады.

Шымкент қаласында гүл сатумен аты шыққан «Акация» деп аталатын гүл павильоны бар. Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында бұл саауда қатары орналасқан А.Асқаров көшесі мен Республика даңғылының қиылысында ұзақ-сонар көлік кептелісіне ұласады. Оның себебі біреу ғана – сыйлыққа гүл алатын еркектердің күрт көбеюі мен ондағы көлік қоятын орынның жоқтығы. Біреулер ардақты анасын, келесі бірі сүйікті жарын не қызын, қарындасын қуантуға асыққан жігіттердің жомарттығын осы жерден көресің. Биылғы мереке қарсаңында гүл нарқы, сатушы мен алымсақтың күйі, гүлдердің мұнда жеткізілу арнасы, өсірілу жолы жайында білмек боп гүл базарына бас сұқтық.

Гүл павильонындағы сатушылар «табысым жария болып кетеді» деп қауіптенсе керек, қойған сауалымыздан бірінен соң бірі бастарын ала қашты. Тек өзін Күләш деп таныстырған орта жастан асқан келіншек қана бірер сауалымызға жауап берді. «Гүлдерді түрлеріне қарай әртүрлі гүлшоқтар жасаймыз. Оны өз қолымызбен ораймыз. Гүлшоқтарының бағасы 2 мыңнан бастап 5 мыңға дейін барады. Ең қолжетімді гүл – қызғалдақ. Өйткені, оның өмір сүру ұзақтығы 1 күн ғана. Қазір оның бір данасының бағасы 300 теңгеден сатып жатырмын» деп жауап берді. Ал өзін Дильфуза деп

таныстырған сатушы болса, «Мереке қарсаңында қызғалдаққа қарағанда гвоздика мен раушан гүлдеріне сұраныс көбірек болады. Бір тал раушан гүлі қазір 600-800 теңгеден болса, былтыр мереке кезінде 1000-2000 теңгеден саудаланды. Ал, шоқ гүлдердің бағасы 15 мыңға дейін сатылған кезі болған. Биыл да сол межеден көрініп қалар», – деді күлімдеп. Екі сатушының айтуынша, гүл павильонына тауар негізінен қала маңындағы жылыжайлардан, Қазығұрт ауданының Тұрбат ауылы және Сарыағаш ауданының Жібек жолы, Дербісек, Қапланбек ауылдарынан жеткізіледі екен.

Түркістан облысында гүл өсірумен аты алысқа жеткен ауыл – Дербісек ауылы. Бұл ауыл сонау Кеңес кезеңі кезінде-ақ ауыл іргесіндегі ыстық артезиан суымен ысытылатын жылыжайларымен және бау-бақша өнімдерін өндірумен танымал болған. Қазір де ауыл тұрғындары жылыжайда көкөніс пен гүл өсіріп келеді. Осы ауылға келін болып түскелі гүл өсіріп, үлкен қалаларға сатудың қыр-сырын үйреніп алған Айнұр Қарынбаеваға жолықтық. Айнұр жұбайы Ерболат екеуі үй іргелік жер учаскесінің өзінен 3 жылыжай салып алыпты. Бүгінде бұл жылыжайлардың екеуінде раушан гүлдерін өсіріп жатса, біреуі қызанаққа арналыпты. Көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында гүл ашқан раушандарды талдап кесіп алып, даналап орацды. Сөйтіп, Алматы мен Шымкент секілді ірі қалаларға жөнелтуде. Бүгінге дейін 1500 дана гүлді Алматыға, 1800 дана гүлді Шымкентке жіберген. Қазір соңғы рейс үшін 1400 дана гүл дайындап отыр. «Жыл сайынғы маусымдық ісіміз болғандықтан, шаруамызға төселіп алдық. Біз әулетіміздің қарашаңырағында отырғандықтан, маусымдық жұмысқа жұмыс күшінен тарылып көрген емеспіз. Келін-кепшік, бала-шаға болып жабылып бергенде, бір рейстік өнімді 2 күн ішінде әзірлеп тастайтын кезіміз болады. Қысымен гүл баптаудың есесін 8-ші наурыздан кейінгі табысымыз қолға түсіп, қайтқанда қуанамыз. Бір маусымда қанша табыс табатынымызды айтпай-ақ қояйын. Ол әулетіміздің керек-жарағына жұмсалады» деп әдемі жымиды Айнұр.

Айнұр секілді шаруа әйелдер қашан да әулет ұйытқысы ғана емес, қожалықтың ісін дөңгелетіп жүретін қозғағыш күші емес пе? Оның атқарып жатқан ісіне береке, отбасына амандық тіледік. Осындай келіншектердің аялы қолымен көтеріліп, гүл ашқан раушан гүлі сатушы Күләштардың павильоны арқылы сіздің үйдің төрінен табылуы мүмкін. Ондай сәтте мұның өзі де бір қуаныш, көңілге демеу болатын сыйлық болар. Ғұмыры гүлмен қатар көркейген әйелдердің кәсібінен аздап мәлімет бердік. Өміріңізден маңызды орын алатын әйелге гүл сыйлаған кезде, ақшаңыздың өзге де әйелдерге сыйлық жасағанын бір еске алып қойғайсыз.

С.Құдабай

Яндекс.Метрика