2024-07-22

СЫЗДЫҚ ТӨРЕНІҢ МОЛАСЫ ТАБЫЛДЫ

Сыздық төренің моласы табылды. Осылай сүйінші сұраған хабар күні кеше фейсбук әлеуметтік желісінде тарап кетті. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының қасқыр ұлы, орыс басқыншылығына соңғы тұяқ серпер жері қалғанша күрескен қазақтың қайсар қайраткері Сыздық төре жерленген жер осы уақытқа дейін белгісіз болып келген. Сұлтан өзінің өмірінің соңғы сағаттарын өткізу үшін Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманға шығып, бабасы Абылай ханның тұрағы болған Шымкент маңындағы Ханқорғанды сұраған деген мәлімет қана белгілі еді. Енді оның мәңгілік тыным тапқан жері белгілі болып отыр екен. Қуанышты хабар ғой.

Бұл хабарды фейсбук әлеуметтік желісінде философия ғылымдарының кандидаты Нұрлан Әмреқұлов бөлісіп отыр. Нұрлан аға «Созақ жеріндегі Бабата ауылы, Ысқақ баб кесенесі маңында жерленген Сыздық сұлтанның (Кенесары ханның баласы, 60 жасына дейін күрескен батыр, 1910 жылы қайтқан) жатқан жері табылды. Саманнан жасалған сағананың өлшемі 8х8 метр, басында ешқандай белгі жоқ. Напуса Кенесаринаның естелік кітабында Ысқақ баб кесенесі маңына қойылғаны жазылған. Сондай-ақ, Сыздық сұлтанның тікелей ұрпағы Махамбет төренің  айтуынша, кесенені Кенесарының бір ұрпағы Құрманғазы тапқан» деп таныстырды.

Расында Н.Кенесаринаның (Кенесарының ұлы Ахмет сұлтанның немересі) Кенесары хан туралы жазған еңбегінде «Мұнан соң Тәшкенттен шығып, 1879 жылы бірнеше күн жүріп Шымкенттегі інісінің қасына келіп, бірнеше уақыт күн кешірді. Одан шу бойында қыстап, жайлап жүретін ағайындарының ішінде шаруалық қылып жүрді. Шудағы ағайындардың ішінде жүргенде 1904 жылы офат болып, Түркістан хүкүміндегі мәшһүр болған Исқақ бапқа қойылды. Осы уақытта Жақыпбек алып берген Меруерт есімді әйелінен Сали есімді бір бала қалды. Басқа балалар опат болып кеткен» деп жазбалайды.

«Қызмет» газетінің оқырмандарының есінде болар, 2020 жылғы Созақ ауданының Шу өзені бойындағы сәулетті кесенелерін таныстырған «Созақтың сәулет ескерткіштері сыр шерткенде» деген мақаламызда («Қызмет» газеті, 2020 жылғы №37 (503) саны) Жүсіпбек кесенесіне тоқталып едік қой. Шу өзенінің төменгі ағысындағы Жуантөбе ауылы маңында орналасқан ХІХ ғасырға жататын кесене Кенесарының немересі Жүсіпбекке арнап салынғанын айтып ек сонда. Демек, Н.Кенесаринаның сөзінің жаны бар, Кенесарының бірқанша ұрпағы Созақтың Шу жағасын мекендегені рас болып тұр. Оның үстіне, Қаратаудың теріскейіндегі Қызылкөл мен Шу өзені аралығындағы ондаған көлдердің жағасын осы күні де төре тұқымы қоныс етіп келеді. Олай болса, Сыздық төре өмірінің соңында туысшылап Шу мен Қызылкөл маңына келгені расталып тұрғандай. Тек, сұлтанның қайтыс болған уақытына қатысты аздаған екіұдай пікір бар: Н.Әмреқұлов 1910 жылы қайтыс болды десе, Н.Кенесарина 1904 жылы «офат болды» дейді.

Ел аузында Сыздық төренің жаназасын Шәді төре оқыған деген сөз бар. Сондықтан, сұлтанның Созақ жерінде жерленуі әбден мүмкін. Оның үстіне, Шәді төре (Кенесары ханның бауыры Есенгелдінің ұрпағы) Созақтағы Құмкенттің жанындағы Қызылкөлді мекен еткен. Қызылкөл мен Ысқақ баб кесенесі тұрған Бабата ауылдары көршілес, арасы 25-30 шақырым шамасында. Соған қарағанда, Сыздық төре (өз ажалымен қайтыс болған) о дүниеге аттанар алдында Ысқақ баб мазарына қоюды аманат етуі мүмкін. Қисыны келіп тұр.

Сыздық төре деп отырғаны кім дейтін оқырманға кішігірім сілтеме бере кетсек. Тарих деректерінде бірде Сыздық, келесі бір қайнарда Садық, немесе Сыдық деп кездесетін тұлғаның күрескерлік өмірі жайлы жан-жақты деректі оның өз аузынан айтуы бойынша жазылған бауыры Ахмет Кенесариннің «Насаб наме сұлтан Садық» дейтін еңбегінен таныса аласыз. Қазір ол кітап бұрынғыдай тапшы емес, іздеген жан таба алады.

Айтпақшы, Сыздық төренің атын Түркістан қаласындағы атауы жоқ көшелердің біріне («Қызмет» газетінің 2022 жылғы қараша айындағы саны, «Түркістан қаласының көшелеріне Елшібек батыр мен Сыдық төренің атын берсе») және Шымкент қаласындағы әуежайға баратын жаңа көшеге («Қызмет» газеті наурыз айындағы саны, «2200 жылдық тарихы бар қаланың атаулары да тарихи болса…») беру туралы бастама көтеріп едік. Шымкентке қатысты ұсынысымызды қалалық Мәслихаттың депутаты Ж.Бектаева ханым назар аударып, қалалық мәдениет басқармасына жолдаған болатын. Содан бері не Шымкенттен, не Түркістаннан хат та, хабар да болмады. Құзырлы органдардың адамды тұқыртатыны, сол – пікіріңді ескерусіз қалдыру дейтін әдіс қой. Аман болсын дейсің де.

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Яндекс.Метрика