Шымкент қаласы білім басқармасының «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің» іргетасы сонау 1916 жылы қаланып, 1935 жылы балалар үйі ретінде қызмет атқарса, 1975 жылы «Сайрам көмекші мектеп-интернаты» болып өзгертілді. Ал 2021 жылдың 12 мамырында мекеме «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешені мәртебесін иеленді. Осы уақыттан бері мекеме ерекше білім алуды қажет ететін балалардың психофизикалық ерекшеліктерін түзету, функционалдық сауаттылығын арттыру, еңбекке баулу және қоғамдық өмірге бейімдеу бағытында жұмыс істеп келеді. Мекемеде оқу мемлекеттік тілде жүргізіледі, әрі түлектерге кәсіптік мамандық бойынша диплом беріледі. Оқушылар үшін қолөнер және дене шынықтыру үйірмелері де ұйымдастырылған.
Кешен ерекше балаларды біліммен ғана емес, өмірге бейімдеп, мамандық игерту арқылы олардың болашағына жол ашады. Мекеме тәрбиеленушілері ағаштан жасалған бұйымдарды құрастырушы және тігінші сияқты мамандықтарды меңгеріп, түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болуда. Бұл жетістіктер оқушылардың ғана емес, ата-аналарының, тәрбиеші-мұғалімдердің де қуанышына айналып отыр.
Қазіргі таңда мекемеде 363 бала білім алуда. Алайда 1975 жылы салынған, небәрі 120 балаға арналған жатақхана орын тапшылығын туындатуда. Бұл мәселені шешу үшін алдағы уақытта шетелден қайтарылған қаржының есебінен 2,6 млрд теңгеге жаңа жатақхана салынбақ. Жаңа ғимарат 300 орынға есептеліп, заманауи талаптарға толықтай сәйкес болады деп күтілуде. Бұл бастама тәрбиеленушілерге барынша қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда. Нысан барлық қажеттіліктерді ескере отырып, жобаланатын болады.
Ерекше балаға ерекше бақылау
Ерекше балаларға арналған білім ұясы – бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім мен әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған арнайы оқу орындары. Мұндай мектептерде білім беру үдерісі әр баланың қабілеті мен жеке ерекшеліктерін ескере отырып, бейімделген бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Мұндай мектептер баланың әлеуметтік ортада өмір сүруіне және өзінің мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруына көмектеседі. Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Оқу жоспары ерекше қажеттіліктері бар балалардың мүмкіндіктеріне бейімделеді. Мысалы, көру, есту қабілеті нашар балалар үшін арнайы құралдар, әдістер қолданылады.
Оқушылармен психологтар, логопедтер, дефектологтар, арнайы педагогтар, сондай-ақ медбикелер жұмыс істейді. Мамандар балалардың білім алуын жеңілдетуге және әлеуметтік дағдыларын дамытуға көмектеседі. Осы орайда Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық Орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, заңгер, «Азамат әлеуеті» Жеке Қайырымдылық қорының Президенті Алмагүл Сейсенова «Сайрам мектеп-интернат колледжі» туралы да жылы пікір айтты. Республикалық телеарнаға берген сұхбатында айтылған сөздер ұжымның мерейін өсірді.
«Сайрам мектеп-интернат колледжі» биылдан бастап қосымша 2 мамандық бойынша білім беруді жалғастырады. Олар: «ағаш өңдеу ұстасы» және «тігіншілік өнері». Білім ұясында материалдық жағдай жақсы. Бұл оқу орны – ерекше балаларға арналған республикадағы алғашқы колледж.
Ерекше балаларға арналған білім беру мекемелері балалардың мүмкіндіктерін барынша ашуға, олардың әлеуетін арттыруға және қоғамда тең құқылы болуына ықпал етеді. Мақсат – әр баланың өмір сүруін жақсарту және қоғамға бейімделуіне жол ашу. Шымкент қаласы білім басқармасының «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» де – ерекше білім алатын балаларды оқытып, тәрбиелеумен қатар, оларды болашаққа бейімдеуде маңызды рөл атқаратын мекеме. Бұл кешеннің тарихы мен бүгінгі қызметі болашақ ұрпаққа үлгі.
Балалардың әлеуметтік дағдыларын жетілдіруге бағытталған іс-шаралар өтті
Шымкент қаласы білім басқармасының «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешенінің тәрбиешілері мен оқушылары түрлі маңызды іс-шараларды өткізуде белсенді қатысуда. Жақында Д.Арзиметованың жетекшілігімен «Жер ана — табиғатты аялайық» атты тәрбие сағаты өткізілді. Бұл шараның мақсаты оқушыларға туған табиғаттың құндылықтарын түсіндіру, экологиялық тәрбие беру және жердің байлығын қорғауға баулу болды. Оқушылар табиғатты қорғауға, елін, жерін сүюге, мейірімділікке тәрбиеленді. Сабақ барысында олар туған жердің маңыздылығын терең түсініп, өз пікірлерін еркін жеткізуге дағдыланды.
Сонымен қатар, 16 желтоқсан күні «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешенінде Тәуелсіздік күніне арналған «Біз бақытты жанұя» атты спорттық сайыс өткізілді. Бұл сайыстың мақсаты оқушыларды отбасы мен қоғамдағы қарым-қатынас мәдениеті туралы түсінік беру болды. «Қыран» және «Сұңқар» командалары арасындағы жарыс жеті түрлі кезеңнен тұрды: эстафета, флорбол, арқан тарту, баскетбол, сурет салу және тағы басқа. Сайыс барысында оқушылар үлкен ынтамен қатысып, бір-біріне деген сыйластық пен ынтымақтастық көрсетті.
Дүниежүзілік ЖИТС-пен күресу күніне орай «СПИД – қасірет қақпаны» атты кездесу ұйымдастырылды. Іс-шарада медицина қызметкерлері оқушыларға АИТҚ-ның адам ағзасына қалай әсер ететінін, оның алдын алу жолдарын түсіндірді. Бұл кездесудің мақсаты – оқушыларға ЖИТС пен оның зардаптары туралы ақпарат беру және оларға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйрету.
Одан бөлек Қазақстан Республикасының күніне орай тәрбиешілер Г. Амиджанова мен Г.Муратбаева «Тәуелсіздік аңсаған – арман, қол жеткен мұрат» атты тәрбие сағатын өткізді. Бұл сабақта оқушылар өз Отанын, халқын сүюге, туған елінің рәміздеріне құрмет көрсетуге тәрбиеленді. Олар еліміздің тарихы мен тәуелсіздік жолындағы күрес туралы білімдерін кеңейтті, ұлт пен мемлекет бірлігіне деген сүйіспеншілігін білдірді. Сонымен бірге, тәрбиеші Дүйсекүл Елшибекова да жоғарғы топ оқушыларымен «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» атты тәрбие сағатын өткізді. Бұл шарада оқушыларға адалдық пен әділдіктің маңызы түсіндірілді, еңбек етуге қызығушылықтары арттырылды. Тәрбие сағатында, сонымен қатар, еңбексүйгіштік пен әділдік ұғымдары да кеңінен насихатталды.
Сондай-ақ, тәрбиешілер Абдукаримов С., Абдумуминов А., Усманова М., Идрисова А. «Денсаулық – зор байлық» тақырыбында эстафеталық жарыс өткізді. Бұл шара оқушыларға денсаулықты сақтау, салауатты өмір салтын ұстану және достықты нығайту туралы түсінік беру мақсатында ұйымдастырылды. Жарыс барысында оқушылар командалық жұмыс көрсетіп, шапшаңдық пен жылдамдықтарын сынады, ал ең үздік командалар марапатқа ие болды. Жалпы алғанда, барлық іс-шаралар балалардың рухани және физикалық дамуына, сондай-ақ олардың әлеуметтік дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Бүгінгі күні балалар арасындағы құқықбұзушылық тақырыбы да қоғамда алаңдаушылық туғызатын өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл құбылыс жасөспірімдердің тұлғалық қалыптасуына кері әсер етіп қана қоймай, жалпы қоғамның тұрақтылығына да қауіп төндіреді. Балалар арасындағы құқықбұзушылыққа отбасылық мәселелер, қоршаған ортаның ықпалы, құқықтық сауаттылықтың төмендігі секілді факторлар әсер етеді. Құқықбұзушылық баланың болашағына елеулі әсер етеді. Ол олардың оқу үлгерімін нашарлатып, қоғамнан оқшаулануына және қылмысқа әуестенуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, құқықбұзушылық құрбандары мен олардың отбасыларына материалдық және моральдық зиян тигізеді.
Құқықбұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Балаларға дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – құқықбұзушылықты азайтудың негізгі жолы. Осы мақсатта Шымкент қаласы білім басқармасының «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әкімшілігі, тәрбиешілері Шымкент қаласы Қаратау ауданының ювеналды полиция инспекторымен бірлесіп мекеме оқушылары мен студенттердің, олардың ата-аналарымен және заңды өкілдерімен Қазақстан Республикасының «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі №591 Заңын талаптарына сәйкес жеке профилактикалық іс-шаралар бойынша жиналыс өткізді. Жиналыста адамның психикасына дене мүшесi функциялары мен мiнез-құлқына керi әсерiн тигiзетiн алкогольдік ішімдіктерді, есiрткi құралдарын, психотроптық және өзге де күштi әсер ететiн заттарды пайдаланбау, оның зардаптары, себепсіз білім беру мекемелерінен сабақтан қалмау туралы айтылды. Жиынға директордың орынбасары Н.Сахов, Қаратау АПБ ЖПҚ ЮПБ полиция майоры Ғ.Жумашев, колледж тәрбиешілері Д.Зияметов, Л.Насриддинов, 9-10 сынып оқушылары, колледж студентері, сынып жетекшілері қатысты.
Одан бөлек Шымкент қаласы білім басқармасының «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешен» КММ-сі мектеп интернат оқушылармен және колледж студентердің арасында «Құқықбұзушылық, нашақорлық, лудоманияға қарсы күрестің алдын алу» тақырыбында да жиналыс өткізілді. Жиналыстың мақсаты – жастар арасындағы кеңінен өріс алған құмар ойындар мен компьютерлік ойындардың таралуын азайту, ондай ойындарға әуестенудің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, зиянды әдеттерден сақтандыру.
Жиналыс барысында қатысушыларға нашақорлық пен құмар ойындардың адам денсаулығына, психологиясына және болашағына тигізетін кері әсері туралы нақты деректер мен мысалдар келтірілді, нашақорлық пен лудоманияның адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратып қана қоймай, сондай-ақ рухани тұрғыда да азғындататыны жайлы айтылды. Мамандар студенттерге дұрыс өмір сүру салтын ұстанудың, уақытты тиімді пайдаланудың және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше назар аударылды. Құқықбұзушылықтың салдары, заң алдындағы жауапкершілік, сондай-ақ нашақорлық пен лудоманияға байланысты қылмыстық іс-әрекеттердің зардаптары кеңінен талқыланды.
Жиналыста оқушылардың, студентердің пікірлері де тыңдалды. Студенттер өз ой-пікірлерін ортаға салып, мамандармен еркін пікір алмасты. Мұндай іс-шаралардың студенттердің саналы таңдауға бет бұруына ықпал етіп, зиянды әдеттерден алшақ болуына септігін тигізетіні сөзсіз.
«AMANAT» партиясы: ерекше күтімді қажет ететін жандардың жайы талқыланды
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Білім беру мен денсаулық сақтау» және Отбасы және халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі кеңестерінің бірлескен отырысы өтті. Жиынға партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов төрағалық етті. Отырысқа кеңес мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары, партия қызметкерлері мен белсенділері қатысты.
Күн тәртібінде қалада кедергісіз орта қалыптастыру, инклюзивті білім беру және аз қамтылған, толық емес отбасы балаларымен атқарылған жұмыс мәселелері талқыланды. Ербол Байқонысов Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңес төрағасы болып Жадыра Танатарова бекітілгенін мәлімдеді. Оның алдағы уақытта тиімді жұмыстар атқаратынына сенім білдірді.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева 10 айда атқарылған жұмыстар туралы баяндамасын жасады. Оның сөзінше, қалада 41 544 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, олар үшін 45 681 өтінім қаралып, 82,5% қамтамасыз етілген. Қатерлі ісіктері бар балаларға ай сайын әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бұдан бөлек, тірек-қимылы бұзылған балалар мен ересектерге ай сайын әлеуметтік төлемдер төленген. Наурыз мерекесіне орай 7 289 мүгедектігі бар балаға көмек берілген.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері де өз баяндамаларын ұсынды. Кеңес мүшелері басқармалардың атқарған жұмыстарына қатысты сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды. Кейбір мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.
Leave a Reply