tories/dsc02279.jpg» />Бүгінгінің әкімі бюрократ емес, халықтың қызметшісіне айналып келеді
Теңге еркін айналымға жіберілгенде, долларға шаққандағы бағамы күрт құнсызданып, ел арасында үрейлі алаңдаушылықтың болғаны рас. Сол кезде бір әріптесім: «мал базарға бардым, баға түсіп кетіпті, енді мал бағу, мал бордақылау тиімсіз», – деп, кесім айтқан еді. Мен оның бұл ойымен келіспедім. Ол да өз болжамым дұрыс деп райынан қайтпады.
Экономикалық тақырыптарды бұрыннан қаузап келе жатқандықтан, түбі қайтарым бермей қоймайтын фундаментальды саланың ойсырайтынына сенгім де де келмейтін. Оның үстіне қызмет бабымен ауыл-аймақты аралап жүріп аталған саланың даму сатысына көтерілгеніне куә болып жүрген жағдайымыз да бар.
Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылының тұрғындары мал бордақылау кәсібін бір кісідей игере бастаған. Іргелерінде бір кезде кәсібін 50 малды бордақылаудан бастаған бүгінде үш мыңға тарта ірі қара бордақылайтын «Қайып ата» ЖШС-гі атты үлкен шаруашылық бар. Жыл өткен сайын бұл шаруашылық кәсібін өрістетіп, қанатын кеңге жайып келе жатқан кәсіп иелерінің қалай өсіп-өнгені елдің көз алдын да өтті. Жайлы, табысты өмірге ынтық, өмір сүру сапасын жақсартуға ниеттенген ауылдықтар бүгінде аталған шаруашылықтың берекелі тірлігіне қарап көшін түзейтін болған. Сондай отбасылардың бірі Әбдіқұловтар. Өткен жылы үй шаруасында бала күтімімен отырған келіншек Бекешова Ақбота күйеуі Әбдіқұлов Нұралымен ақылдаса келе, мал бағу, мал бордақылау кәсібімен айналысамыз деп шешеді. Тиімсіз деген жоқ. Ақша құнсызданды, ертең қалай болады екен деп қорқақтаған жоқ. Сөйтіп, «Бекешова Ақбота» жеке кәсіпкерлігін ашып, тәуекелге бел буды.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы семинар-тренингтерге қатысып, көп нәрсе үйренді. Онда мал бордақылау, бизнес-жоспар, есеп-қисабын жасау, құжаттарды дұрыс жүргізу, өнімді өткізу нарығы, т.б. көптеген мәліметтерге қанығып қайтты. Кейін «Ырыс» шағын несие ұйымынан екі миллион теңге несие алып, кәсібін бастады да кетті. Ақбота несие алудың да жұрт айтып жүргендей күрделі емес екенін айтады. Қоралары дайын, үйлерін кепілге қойып, құжатын дұрыстады да айналдырған бір айдың ішінде қаржыны алып қорасына 10 бастай қара мал әкеп байлады. Енді бір-екі айда күн сайын 1 келіге жуық салмақ қоысп отырған бордақыларын етке өткізуге ниетті. Несие аларда жасаған есептері қиыс кеткен жоқ. Ақерке мұндай істің бал тәрбиесіне де септігі тиетініне қуанышты. Мал алып келгенде балалар қатты қуанды, қазір шөп-суын уақытылы беруді үйреніп алды. Бос уақыттарында кәсіп үйреніп жатыр-дейді.
– Ақбота да, мен де күнделікті жұмыстамыз. Малға тек жұмысқа кетерде, жұмыстан келген соң қараймыз, – деді Нұралы.
– Жұмыс бар, шаруашылық тағы бар уақыт жеткізе алмай шаршап, осымыз бекер болды деп өкінген сәттеріңіз болмады ма? – деп сұрадық.
– Соншалықты шаршап, жүдеп кететін ештеңесі жоқ.Дегенмен де, оңай емес. Бірақ мұндай шаруамен айналысқан соң өмірлік көзқарас та, үйдегі әңгіме де өзгереді екен. Ертең мына балаларымның несібесі болғандықтан, адам қайта қуаттана түсе ме деп қалдым. Өмір қайта мағыналы жағына қарай ауып барады, – деді Н.Әбдіқұлов.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, алғашқы алты айда несиесінің өсімақысын ғана құяды, сосын қарыздың бір бөлігін құя бастайды. Яғни, 333 мың теңгеден басталады. Кәсіпті дұрыс бастаған адамға бұл өте ыңғайлы екен.
Әңгімеміздің басында теңге еркін айналымға жіберілгенде малдың арзандағанын айттық қой. Осы сәтті Ақбота сәтті пайдаланды. Таныстары арқылы Қостанайдан 150 мың теңгеден 7 бас бұзау алдыртты. Бордақыда тұрған ақбас сиыр тұқымының бір ерекшелігі жем-шөбі уақтылы болса, күніне 800 грамнан кем салмақ қоспайды. Тек ыстық климатқа шыдамайтындықтан, кейіпкеріміз мұны тек салқын күндерге лайықтап бағамыз деп отыр. Ал, жемнің құнарына қарай күндік салмақ қосуы бір килодан басталады. Ақбота несиесінің жартысына кебек, мақсары майы, түрлі шөптер қосылып түйіршектелген мал азығын алған. Сондықтан, азықтандыруда проблема жоқ. Ал, ар жағын өзіңіз бағамдап көріңіз. Несиені жабуда мәселе туындамайтынын, қайта пайдаға шығатынын аңғарасыз.
Отағасы егістік жерлері бар екенін, бидай егетінін айтып қалды. Мұнысы жақсы екен. Қорада тағы ешкі-қой, сауын сиырлар тұр. Сауын сиырды алдағы уақытта он беске жеткізуді көздеп отырмыз дейді жас отбасы.
– Бір малға қарадың не, он малға қарадың не, бәрібір сол бір уақыт! – дейді Нұралы. – Сондықтан, машақатынан қашпай, мүмкіндігінше көбейтіңкіресек деген ойымыз бар. Қазірдің өзінде сүтін сатып, я айран ұйытып, құрт жасап, көршілерге, базарға өткізудеміз. Малдың өз жем-шөбін де осылай ақтап жатырмыз.
Бәрін талдап шығуға болар ма еді, бірақ біреудің ақшасын санау жақсы әдеп емес. Ең бастысы, Нұралы мен Ақботаның отбасылық кәсіпті дұрыс бағытта дөңгелентіп отырғаны. Екеуінің мақсаты да, әңгіме тақырыбы да ортақ. Негізінде мұндай отбасылардың іргесі берік келеді. Тек құдай тіл-көзден сақтасын! Егер, барлық үй аз да болса, отбасылық кәсіппен айналысса, онда күнкөріс туралы уайымдаудың да, доллар мен мұнай туралы бас қатырудың да қажеті жоқ.
Бұл іс-сапарымызда жанымызда жол көрсетіп Шарбұлақ ауылдық округінің әкімі Марат Әбдіқұл жүрді. Айтары көп жігіт ағасы екен. Ауылдағы кәсіпкерліктің мән-жәйінен көп мағұлұматтар айтып отырды. Ауыл әкімінің айтуынша бүгінде ауылдағы психология түпкілікті өзгерген. Қазіргінің адамы қол бос отырғанын қаламайды, әйтеуір ізденісте жүреді. Бірі жылыжай ашқысы келеді, бірі мал бордақылағысы келеді. Жоспарларын айтып әкімдікке келеді. Біз оларды қолдап, білмегендерін үйретуге қашанда дайынбыз. Ауыл тұрғындары кәсіп ашуды қолға алғалы тәртіпсіздік, арыз-шағым азая бастады. Мұндай келеңсіздіктер қолы бостың ермегі екен дейді.Ал, біз әкімнің әңгімесін тыңдай отырып ауылдағы әкім-қараның да психологиясы өзгергенін аңдадық. Бүгінгінің әкімі бюрократтықтан біртіндеп кетіп, ұйымдастырушыға шын мәнінде халықтың қызметшісіне айналып келеді. Бұл абыройлы іс.
Айтпақшы, мақаламыздың басындағы әріптесіміздің: «мал базарға бардым, баға түсіп кетіпті, енді мал бағу, мал бордақылау тиімсіз», – деп, кесім айтқаны есіме түсіп кетті. Мен де айта кетейін, күн шығыс елі не өндірсең де, қанша өндірсең де сатып аламыз деп, Қазақстанға қарап отыр. Қытайлар гендік модификацияланған тағамдардың өз азаматтарының денсаулығын күрт нашарлатқанына өте қатты алаңдаулы. Енді оларға табиғи өнім керек. Ақшаны күреп тапқан ханзу елі денсаулықтан ақшаны аямаймыз деп отырса, бізге де жақсы. Тек қауіп қылатынымыз, көп адамдарымыз әлі бейғам отырғандықтан, сұранысты қанағаттандыра алмай қаламыз ба деп ойлайсың.
Дидар Бегалиев
Leave a Reply