Аялдамада сағаттап автобус күтетіндердің арманы орындалды. Енді шымкенттіктерді қала ішінде мың қоғамдық көлік таситын болады. Бұған дейін 882 автобус қызмет көрсетіп келген. Жолаушылар үшін қала іші және қала маңындағы 78 бағыт ұйымдастырылған болатын.
Шымкент мегаполис статусына ие болғалы авто парктерге қойылатын талап қатаңдай түскен. Нәтижесінде авто парктер автобус санын көбейтіп, қызмет сапасын көтеріп жатыр. Бұған дейін «МАН- Оңтүстік» компаниясының авто паркі алты автобуспен толыққаны қалалықтардың есінде. Оның төртеуі №149 бағытта қатынаса, қалған екеуі №55 бағытта қызмет көрсететін болады. Осылайша көлік аралық интервал уақыты екі есеге қысқарды.
Еркін Юлдашев, «МАН — Оңтүстік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры: «Бүгінгі таңда екі маршрутта қызмет етіп жатырмыз. №149 маршруттағы автобус санын Қайнар бұлақ шағынауданы тұрғындарының өтініші бойынша көбейттік. Қазір қатынаста он автобус бар. Бұрын аралықтары 27 минут болса, қазір 15 минутқа қысқарды. Автобустарды авто парктің ақшасына сатып алдық».
Расында тұрғындар тарапынан көліктер санын көбейту туралы өтініштер саны көбейген. Осы мәселе бойынша ,әлеуметтік маңызы бар;
№45 бағыттағы қоғамдық көлігіне қосымша 4 автобус қосылып, жалпы саны 12 автобус қызмет көрсететін болды.
№66 автобус маршрутына 9 бірлік қосылып, автобус саны 16 – ға артты.
№75 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы 12 автобус жолаушыларды тасымалдайды.
№138 автобус маршрутына 1 бірлік қосылып, жалпы автобус саны 11 болды.
№17 автобус маршрутына 3 бірлік қосылып, жалпы автобус саны 13 болды.
№34 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы автобус саны 14 болды.
№149 автобус маршрутына 4 бірлік қосылып, жалпы автобус саны 10 болды.
№55 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы автобус саны 8 болды.
№150 автобус маршрутына 2 бірлік қосылды.
№139 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы автобус саны 14 болды.
№20 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы автобус саны 10 болды.
№171 және №171А автобус маршруттарына жалпы 2 бірлік қосылып, жалпы саны 7-ге артты.
Аталған бағыттағы қоғамдық көліктері қазан айынан бастап жаңа бекітілген кестемен жолаушыларды тасымалдай бастайды.
Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Тасымалдаушы компания өкілдерімен бірлесіп, таңғы уақыттағы жұмыстарын реттедік. Әсіресе, мектебі алыс шағынаудан тұрғындарының талап-тілегін орындауға келістік. Бағыттық көліктердің санын арттырып, интервалын яғни арақашықтығын 4-5 минут аралығында еттік».
Leave a Reply