Шымкент қаласы Абай ауданы аймағынан «Стандарт» индустриалды аймағын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту бойынша берген тапсырмасына орай жүзеге асуда. Бұл туралы қала басшысы Мұрат Әйтенов өзінің кезекті есептік жиынында айтып өтті.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі: «Қазірдің өзінде Абай ауданында ірі және орта кәсіпорындар саны 33-ке жетті. Бизнес объектілерінің артуы – қаланың экономикасы мен жалпы қаржылық дамуына оң ықпал етпек. Индустриалды аймаққа 30 млрд теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарланған. Осы арқылы жұмыссыз жүрген 3 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтитын мүмкіндік туады».
Абай ауданың бюджеті 5 жыл бұрын 22,6 млрд теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 5 есеге артып, 110,8 млрд теңгені құрады. Қаржының басым бөлігі денсаулық, білім салалары мен әлеуметтік көмекке жұмсалған. Ауыз су, газ, жарықпен қамту, жол салу жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес.
Шымкенттің Абай ауданында 322 мыңнан астам халық тұрады. Аудандағы 34 елдімекеннің 33-і ауыз сумен қамтылған, бүгінгі таңда 1 елдімекенде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін Абай ауданының халқы 100% таза сумен қамтылады. Бұл туралы аудан әкімі Бұхарбай Парманов шаһар басшысының халықпен кезекті есеп беру жиынында айтты.
Аудан әкімінің берген мәліметінше, «Нұршуақ», «Жаңаталап», «Батыс» тұрғын алаптарын электр жарығымен қамту жұмыстары бітуге жақын. Жаңа жылға дейін 4366 тұтынушы сапалы электр қуатына қол жеткізеді.
«Инфрақұрылым құрылысы әр жылға кезең-кезеңімен жоспарланған. Халықтың бірінші кезектегі мәселесін шешіп беру – біздің міндетіміз. Қала басшысы М.Әйтеновтің тікелей қолдауымен алдағы 2 жылда «Абай» ауданы бойынша су, газ, жарық мәселесі түбегейлі шешіледі. Сабыр сақтап, берілген уәделердің орындалуын күткендеріңіз үшін халыққа алғысымды білдіремін»-деді аудан әкімі.
Ал «Самал-3» пен «Солтүстік Батысқа» қазіргі уақытта кәріз жүйесі тартылуда, ол да аяқталуға жақын. Келесі жылы «112 орамда» құрылыс басталады. Сөйтіп бұл мәселе 2025 жылға дейін 59%-ға шешімін табатын болады.
Leave a Reply