АЭС салуға әбден болады

       «Шардара су электр стансасы» АҚ-ы мекемесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 17 қаңтардағы «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізілді. Жиынды жүргізіп отырған осы мекеменің заң басқармасының бастығы және «НұрОтан» бастауыш партиясының төрағасы Үсен Құралбай кіріспе сөз сөйлеп болғаннан соң алғашқы сөз кезегін ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ыбырай Саховқа берді.
       «Шардара су электр стансасы» мекемесін кезінде 30 жылдан астам уақыт басқарған энергетика саласының білгір маманы Ыбырай Сахов Елбасы Жолдауында айтылған басым бағыттарды атап өтті. Құнды құжаттың маңыздылығына тоқталып, ондағы айтылған мәселелерді Қазақстанның қазіргі таңдағы саясатымен байланыстыра отырып айтып шықты. 
       — Біздің Елбасымыз Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму жобасын жасап шықты. Ұзақ мерзімге арналған стратегиялық жоспар жасау тек дамыған, өркениетті елдерге ғана тән тірлік. Нұрсұлтан Әбішұлының Жолдауын шет ел азаматтары да талқы-лап, қолдау көрсетіп жатқаны соның бір дәлелі. Ал, енді өзім энергетик болған соң Жолдауда айтылған АЭС салу мәселесіне айрықша назар аудардым. Біз-дің елде баяғы Чернобыль оқиғасынан соң жұртшылықта атом стансасына деген теріс пікір қалыптасып қалған. Негізі өркениетті елдердің бәрі де атом электр стансасы арқылы қуат өндіріп отыр. Оның себебі — энергия өндіру арзанға түседі. Бізде атом стансасын салу үшін керектінің бәрі бар. Уран қорымыз жеткілікті. Тіпті уран өндіру жөнінен бірінші орында тұр екенбіз. Ендеше, біздің елімізде де АЭС салуға әбден болады. Елбасы осылай деп тапсырма берді, енді оны қай жерден, қашан салу керектігін Үкімет шешетін болады. Бұл энергия көзін арттыруға арналған бірден-бір дұрыс шешім деп есептейміз, — деді Ы.Сахов. 
Елбасы Жолдауын талқылау мұнан әрі жұмысшылар арасында жалғасты. «Шардара су электр стансасы» АҚ-ының басқарма төрағасы Талғат Бөкенов, аудандық мәслихат хатшысы Тоқсанбай Бердібеков, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мырзатай Нұрманов және басқалар электр қуатын өндіретін мекеменің ішіне барып, кездесу өткізді. Электр цехының қызметкері Татьяна Широкова, су-техникалық цехының шебері Жұмақұл Жүнісқұловтар Президент Жолдауына қолдау көрсететіндерін айтып, сөз сөйледі. Сағатына 97 МВТ электр қуатын өндіріп, облыс энергиясының 27 пайызын өндіріп отырған кәсіпорын қызметкерлері түгелдей дерлік Жолдауда айтылған мәселелерді толығымен қолдайтындарын жеткізді.
       — Біздің ауданда «Нұр Отан» партиясына 3000-ға жуық адам мүше болып тіркелген. 15 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Бүгін «Шардара су электр стансасы» АҚ-ының бастауыш партия ұйымында және басқа да қызметкерлері арасында Президент Жолдауын талқылаған жиын өтті. Жиын өте жоғары деңгейде өткенін айтуымыз керек, — деді «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мырзатай Нұрманов. 
Әділ ӘБДІРАМАНОВ.
Шардара қаласы.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика