Ел біріншілігінің жүлдегерлері анықталды

tories/img_8209.jpg» border=»0″ width=»253″ height=»162″ align=»left» />Алыптар айқасының көшбасшысы – Кособуцкий

Аса ауыр салмақ дәрежесінің ақтық айқасында ақмолалық Жан Кособуцкий мен керекулік Олжас Боқаев қолғап түйістірген. Жекпе-жек Жанның жеңісімен аяқталды.

Ақтық айқастарды, оның ішінде алыптар айқасын тамашалауға Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко да келіпті. Өзінің басты қарсыласының алдында мықтылығын дәлелдегісі келген Кособуцкий барынша көсілді. Дегенмен, қарсыласы да оңай шағылар жаңғақ емес еді. Алдымен алматылық Мұсабаевты жүлде жолынан ығыстырған Олжас жартылай финалда Қамшыбек Қоңқабаевты тізерлеткен. Тура мағынасында. Өйткені, Боқаевтың жойқын соққыларының бірі Қоңқабаевты есеңгіретіп жіберген. Алайда, Кособуцкий де мықтылығын әу бастан сездірген. Ширек финалда шымкенттік Қаратаевты жеңді. Ал жартылай финалда техникалық нокаутпен Нұржан Бекзатовтан басым түсті. Енді міне, финалда керекулікті де 3:0 есебімен жеңді.

Қола жүлде алматылық Нұржан Бекзатов пен қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаевтың еншісіне тиді.

Антон Пинчук, 91 келінің алтыны алақанда

91 келі салмақ дәрежесінің ақтық айқасында Алматы облысының өкілі Арбек Әбдуғаниев пен қостанайлық Антон Пинчук кездескен. 3:0 есебімен жеңіске Сапабек Мұқышевтің шәкірті жетті.

Бұл салмақта біз Лондон Олимпиадасының жолдамасынан қағылғанбыз. Ол кезде Василий Левитке үміт артқан едік. Алайда шау тартты ма, әлде бабы келіспей жүр ме, астаналық боксшы Левит Олимпиадалық іріктеу додасында да, осы ел біріншілігінде де көсіле алмады. Есесіне, көрермен Антон Пинчуктың жарқын жұдырықтасуларына куә болды. Бәлкім, бұл салмақта енді көсегемізді Пинчук көгертер. Жалпы, бұл боксшы жылдан-жылға салмақ қосып келе жатқандардың санатына жатады. Осыдан екі жыл бұрын, тіпті орта салмақтарда да өнер көрсеткен. Яғни, жақын уақытта алыптар айқасына араласып кетсе де таңғалмаймыз.

Қола жүлделер ақмолалық Мәди Хабиев пен қарағандылық Алексей Севостьяновқа бұйырды.

81 келінің серісі – нокаутшы Серімов

Қарағандылық боксшы Алмат Серімов қарсыласы шымкенттік Асқар Абдуллаевты бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді.

Жекпе-жекті бірден белсенді бастаған Серімов Абдуллаевты соққының астына алып, бас көтертпей тастады. Нәтижесі көп күттірген жоқ. Қарағандылық боксшының ауыр соққыларына шыдай алмаған Абдуллаев нокаут алды.

Қола жүлделер Алматы облысының дүлдүлі Арман Рысбек пен Алматы қаласының батыры Әліби Нұрматовта.

75 келінің жеңімпазы — Жәнібек Әлімханұлы

Маңғыстаулық Ерік Әлжановқа еш мүмкіндік бермеген Алматы облысының боксшысы Жәнібек Әлімханұлы ел чемпионы атанды.

75 келі салмақ дәрежесіндегі қазақ боксшыларының жайы соңғы кездері аса мәз болмай тұр. Рас, спорттық ғұмырының соңғы кездерін осы салмақта өткізген Бақыт Сәрсекбаев пен «арландар» сапында 73 келіде айқасқан Қанат Исламның жайы бөлек. Егер әуесқой бокста жүре бергендерінде екеуі де осы салмақты көшбасшылары болуы ғажап емес еді. Ал «тұманды Альбионда» айқасқан Данабек Сужанов көпшіліктің үмітін ақтай алған жоқ. Бәлкім, енді Жәнібек Әлімханұлы туды қолына ұстар.

Әлімжанұлы алдымен жартылай финалда Рустам Сыбайды жеңіп, кішігірім сенсация жасаған. Енді міне, ақтық айқаста да мықтылығын танытты. Жәнібектің финалдағы қарсыласы да осал болмаған. Ерік Әлжанов жартылай финалда ақмолалық Нұрдәулет Жармановты жеңіп, ол да көпшілікті таңғалдырған. Дегенмен, алматылық боксшыға шамасы жетпеді. Төрешілер Әлімжанұлының әлдеқайда мықты болғанын мойындады.

Қола жүлде қызылордалық Рустам Сыбай мен ақмолалық Нұрдәулет Жармановқа тиесілі.

 69 келінің дарабозы – Данияр Елеусінов

Серік Сәпиевсіз өткен бұл салмақ дәрежесініңдегі жұдырықтасулардың ақтық айқасында қос астаналық Данияр Елеусінов пен Бақытжан Қожабеков кездесті.

 Бақытжан бұрыннан осы салмақта. Даниярдың 64-тен ауысқанына көп болған жоқ. Сондықтан, бұл екі боксшының ресми додаларда өзара бірінші рет қолғап түйістіруі. Қазаққа әрдайым Олимпиада ойындарының алтынын сыйлап келген бұл салмақта бәсекелестік өше қоймапты. Қайта мықты боксшылар көбейген. Ал ақтық айқасқа ең мықтылары ғана жолдама алған. Үш раундта да өзінің үстемдігін көрсеткен Данияр бұл салмақта да ел чемпионы атанды.

Қола жүлде шығыстық Манат Өмірзақов пен Мерей Ақшаловтың туған інісі астаналық Мейірім Нұрсұлтановтың еншісіне тиді.

64 келіде мерейі үстем – Мерей Ақшалов

Бұған дейін екі жыл бойы «Астана арландары» сапында өнер көрсетіп, «шлемсіз айқаста» біраз тәжірибе жинақтаған астаналық Мерей Ақшаловқа ел чемпионы атану аса қиын болған жоқ.

 Бұл біріншілікте Мерей 64 келіде үздік боксшы екенін дәлелдеді. Ақтық айқасқа дейін қарсылас шақ келтірмеген боксшының финалда да мерейі үстем болды. Рас, шығыстық Айдар Әмірзақов та өте тәжірибелі еді. Жартылай финалда Шоқыр Бөлтекұлыны еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы маңғыстаулық Жәнібек Әжібайды сүріндірген. Естеріңізде болса, Бөлтекұлы додасының финалында дәл осы Әжібай Ақшаловты жеңген. Бірақ, ел біріншілігі бұлардың жолын түйістірмеді. Есесіне, Ақшалов — Әмірзақовтың ақтық айқасында астаналық боксшы қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Есеп — 3:0.

Қола жүлделер — шымкенттік Сәбит Төлепбергенов пен маңғыстаулық Жәнібек Әжібайға бұйырды.

60 келінің алтыны Берік Әбдірахмановтың берік қолында

Бокстан ел біріншілігінің 60 келідегі ақтық айқасы өте тартысты өтті. Сөйтіп, маңғыстаулық Берік Әбдірахманов пен тараздық Ғани Жайлауовтың жұдырықтасуында батыстықтың жолы болды.

Жайлауов Жамбыл облысының финалға шыққан жалғыз өкілі болатын. Бірақ аса тартысты өткен айқаста төрешілер Әбдірахмановты жеңімпаз деп таныды. Қола жүлделер — қостанайлық Николай Шваб пен ЦСКА командасының саңлағы Бекман Сойлыбаевқа бұйырды.

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика