2024-07-27

ЖЕМІСТІ, ЖЕҢІСТІ ЖЫЛ

       Оңтүстік Қазақстан облысының 2013 жылғы әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы жетістіктер аз болған жоқ десек, әсте жаңылыса қоймаспыз. Жалпы алғанда, биылғы жыл жемісті, жеңісті, жүлде жауған жылға айналды. Енді соларды санамалап шығайықшы, қанекей.
       Астана мен Тараз қалаларында Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері асқан салтанатпен атап өтілді. Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері елордалық көрермендердің назарына Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?», Ерсайын Төлебайдың «Жеңгетай» спектакльдерін ұсынды. 
       Облыстық «Отырар» кітапханасы оқырмандарға есігін айқара ашты. «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының 184 томы жарық көрді. Көрме орталығы пайдалануға берілді. 
       Қалың жұртшылық Нарқасқа деп атап кеткен Нармахан Бегалыұлы Астана мен Алматыны былай қойғанда Мәскеуді де мойындатып қайтты. Ақиық ақынның 70 жасқа толған мерейтойы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда, бірқатар кітапханалар мен мектептерде атап өтілді. «Құрмет» орденінің және Константин Симонов атындағы Халықаралық әдеби сыйлық пен Алтын медалінің иегеріне Ордабасы ауданының әкімі Самат Сапарбаев «темір тұлпар», ал оқырмандары сәйгүлік мінгізді. 
       Нарқасқадан Марқасқамыз, Мархабат Байғұт та қалысқан жоқ. Қабырғалы қараүзген қаламгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты егемен еліміздің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын иеленді. Төле би Әлібекұлының 350 жылдық мерейтойына орай Мархабат Байғұт пен Шойбек Орынбайдың «Төле би» атты жеті томдық жинағы жарық көрді. Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында қос қаламгердің «Қарлығаш әулие – Төле би» тарихи-көркем пьесасы сахналанып, көрермендер назарына ұсынылды. “Мархабат Байғұт” атындағы қоғамдық қор құрылды. Бүгінде Мархабат оқуларының қызу қолға алынып отырғаны қандай ғанибет. 
Мемлекеттік стипендия алғандардың арасында сыншы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің де бар екені қуанышты. 
      Жетпіс жасқа толған ақын Бөріғазының Өскені «Құрмет» орденімен марапатталды. Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймұрзаев оған «темір тұлпардың» кілтін табыс етті. 
       Айтулы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры,Физули атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Әбілда Аймақ «Құрмет» орденімен марапатталды. «Шығыстың шынары» атанған жазушы Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойына арналған республикалық шығармашылық байқауда топ жарған шымкенттік шайырға «темір тұлпар» тарту етілді. Жаңа технологиялар колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Қанатбек Досәлиев аталмыш филиалға жаңа жиһаздармен жабықталған арнайы бөлме ажыратып, қайырымдылық үлгісін көрсетті.
Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойына арналған республикалық шығармашылық байқауда екінші орын алған сатирик жазушы Сабырбек Олжабайға тоңазытқыш табысталды. 
       «Құрмет» орденімен марапатталғандардың арасында Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Балқия Көмекбаева да бар. 
       «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаталғандардың ішінен танымал театр әртісі Раушан Салова, журналистер Қуандық Оразбекұлы, Кеңес Балықбаев, суретші-мүсінші Әбдуахат Мұратбаев, әнші-термеші Елікбай Төлеповті кезіктіре аласыздар. 
Суретші Сұлтан Ильяев пен айтыскер ақын Ақмарал Ілеубаева Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. 
Облыстық орыс драма театрының әртісі Анатолий Землянов, театр суретшісі Қалтөре Жұмағұлов, суретші Серікбай Жорабаев Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
       Хан қызындай Ханбибі Есенқарақызы ақиқатты ашып айтар адуын ақын ғана емес, ұлтжанды тұлға да. Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қызметкерінің «Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталуы — соның айғағы. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы қойылған «Жылдар мен ойлар» кітабы тарту етілді. 
       Белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметтті азаматы атанды.
       Пайғамбар жасына толған ақын, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Қабылбек Төретайұлы зейнеткерлік демалысқа шығып отыр. «Шым Жас А» жас ақындар клубының жетекшісі ретінде оның жас таланттарға айтары көп екені белгілі. 
       Ұзақ жылдар бедерінде мәдениет саласында жемісті еңбек еткен Айдынғали Сыдықов екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. 
       Алпысты алқымдаған Шойбек Орынбайға Сарыағаш ауданының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Орденді жазушы енді Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы. 
       Ақын, баспагер Әмзе Қалмырзаев та алпысқа толды. Ол да Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы атанды. 
Асқаралы алпыс жасқа толған жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Өтеш Қырғызбаевқа Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймұрзаев «темір тұлпар» мінгізді. 
       Ақын, түркітанушы Сәрсен Бек Сахабат Ресей Халықаралық Психология ғылымдары академиясының Құрметті мүше-корреспонденті (академигі) атанды. 
       Түркі әлемін танқалдырып, тандандырған ақын Құрал Көмек Физули атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты атанып, Түркия Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. 
       Айтыскер ақындар да жүлдеден құралақан қалмады. Биылғы дәстүрлі республикалық «Наурыз» ақындар айтысы Төле би Әлібекұлының 350, Абылай ханның 300 жылдық жылдық мерейтойларына арналды. Өнер бәйгесінде топ жарған оралдық Жансая Мусина мен оңтүстікқазақстандық Біржан Байтуовқа жеңіл автокөліктің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді. Ташкентте өткен Халықаралық айтыстан Бекарыс Шойбеков «темір тұлпар» мініп қайтты. Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық мүшәйрада Бөрібай Оразымбетов Алтын медальді жеңіп алды. 
       Әнші-сазгер Марат Омаров Біріккен Ұлттар Ұйымының бүкіләлемдік «Достық» медалімен марапатталды. Оған сонымен қатар Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры академиялық атағы берілді. 
Шымкенттегі орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Перизат Алшабаева әдістеме бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Ендібаева, әдіскер Раушан Сұлтанбек, кітапханашы Раушан Мауымова «Төле би Әлібекұлы— 350 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Аталмыш кітапхана директорының орынбасары Зоя Бекежанова «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі» атанды. 
       Абай атындағы қалалық орталық кітапханада 2013 жылғы әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы жыл қорытындысына арналған «Қаламгер қауыммен қимас қауышу» атты кездесу кеші өтті. Онда айтулы айтыскер һәм жазбагер ақын, Халықаралық Жазушылар одағының Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы өкілі Бөрібай Оразымбетов, ақындар Сәрсен Бек Сахабат, Нұр Бибі Омар, Ділдәгүл Нұрмаханбет, Еділбай Көшербай, Шымкенттегі орта-лықтандырылған көпшілік кітапханалар жү-йесінің директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Перизат Алшабаева сөз сөйледі. Белгілі ақын, журналист, аудармашы Әбдісаттар Әліп Халықаралық Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. 
        Әдебиет, мәдениет пен өнер саласы майталмандарын осы жетістіктерімен шынайы құттықтап, олардың бәріне мол шығармашылық табыс тілейміз! 
 Гүлжан ҚАБЫЛАНОВА, 
 Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы.
Яндекс.Метрика