2022-08-18

Түлкібаста экологиялық туризм,жаяу туризм дамып отыр

tories/01/sam_1596 1.jpg» width=»287″ height=»209″ />Жиһангерлiк және саяхатшылық – қазақтың қанында бар қасиет. Адамның танымдық көкжиегiн кеңейтетiн, қазiргi замандағы керемет мүмкiншiлiгi бар, пайдасы шашетектен, қазақ баласы әлі толық игере алмаған саланың бiрi екендiгi белгiлi.

Оңтүстік дегенде Түлкібас ауданын айналып кете алмасымыз анық. Осы орайда өзінің әсем табиғатымен екінші Щвецария атанып үлгерген Түлкібас ауданына табан тіреген болатынбыз. Түлкібас ауданының туристерді тарихи мәдени орындарынан өзге табиғатымен де  қызықтыра алатыны ақиқат. Ал, зәулім биік ғимараттар шетелдік қонақ үшін таңданатын жаңалық емес екеніне ешкімнің қарсылығы бола қоймас. Бақытымызға орай Шерхан Мұртаза ағамыздың тілімен айтқанда «Сұңқарлар қонған жер, тұлпарлар туған жер» Түлкібас ауданының туризм саласында атқарылып отырған жұмыс барысымен танысудың сәті түсті. Ашық сұхбат алаңына шығып, қойған сауалымызға   Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Әбіханов Пархат Әліпбекұлы жауап берген болатын .

Пархат Әліпбекұлы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев биыл­ғы халыққа Жолдауында туризм саласын дамыту туралы Үкіметке тапсырма берді. Берілген тапсырманың орындалу барысы қалай? Сонымен қатар бүгінде туризмді дамы­туға байланысты өңірде қандай шаралар атқарылуда?

-Ауданымызда туристерге қызмет көрсететін қонақ үйлермен демалыс зоналарымыз бар. Атап айтар болсақ «Карима», «Ережеп ата», «Шақпақ» қонақ үйлерін, сонымен қатар Пістелі ауылында, «Көкбұлақ» және Машат шатқалында орналасқан «Жерұйық-Машат», «Эдем» демалыс орталықтары және Жабағлы ауылында орналасқан « Асель» туристік базасын айтуға болады. Сонымен қатар баларға арналған 8 жаздық сауықтыру лагерлерін де айта кеткім келеді. Қазіргі таңда осы аталған туристік демалыс мекемелері туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев туризм саласында қызмет аясын кеңейтіп жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді.

Туризм саласы жергілікті кәсіпкерлер үшін тың және таңсық жоба. Дегенмен көптеген кәсіпкер азаматтардың осы туризм саласынан қомақты табыс табуға болатынына көзі толық жетпей отыр. Сондықтан да болар қызмет көрсету сапасы жағынан аздаған кемшіліктеріміз бар. Қазіргі таңда «Ақсу-Жабағылы» қорығында үш кәсіпкер азаматтар толық жұмыс істеп отыр, бұл әрине аз. Туристерге қызмет көрсету сапасы бәсеке бар жерде жоғарылайтыны ақиқат.

Түлкібас ауданы табиғатынан өзге несімен туристерді тарта алады? Жалпы тарихи мәдени орындары мен зиярат ету орындары жайында толығырақ айта кетсеңіз.

-Ауданымыздағы қарт Қаратаудың күнгей сілемінде жатқан биік жотасы «Түлкібасы әулиеге» жұртшылық бүгінге дейін зиярат етіп келеді. Ел аузында айтылып жүрген әңгіменің бір сарыны ертеде Түрік қағанаты дәуірінде елді жаудан қорғау үшін, түрік жұртының қолбасшысы «Түрікбасы» осы биік төбенің басында шатырын тігіп, жауға қарсы айбар шашып тұрыпты- мыс деседі. Дегенмен осы аңыз шындыққа жанасатын сынды. Бүгінде осы «Түрікбасы әулиеге»келіп мінәжат етіушілер тек аудан немесе облыс көлемінен емес, еліміздің барлық өңірлерінен келушілер саны жылдан жылға, күннен-күнге артып келеді.

Осы «Түлкібас әулие» маңында шет жақтан келетін туристерге қызмет көрсету деңгейін көтеру мақсатында, бірқатар құрылыс жұмыстарына жер бөліп беру мақсатында жұмыстар атқарылуда. Мұнда қазақтың ұлттық тағамдарын дайындайтын асхана оның ішінде туристерге балдай тәтті қымызын ұсынып, қолөнер шеберлерінің қолдан жасаған бұйымдарын сатуына мүмкіндіктер қарастырылатын болады. Бұл жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына өз үлесін тигізері анық.

2012 жылы әлемдік деңгейде шетелдік туристер саны 1 млрд. адамнан асады деген ақпарат бар. Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар екені байқалады. Осы орайда Түлкібасқа қанша турист келді  немесе өсім бар ма?

-«Ақсу Жабағылы» мемлекеттік қорығына 2012 жылдың 9 ай көлемінде экологиялық туризм, жаяу туризм, территориялық экскурсияға 1882 турист саяхат жасаған. Оның ішінде 27 пайызын шетел азаматтары құраса, қалғанын еліміздің әр өңірінен келген туристер құрап отыр. Ал, «Ақсу-Жабағылы» мұражайын 4 мыңнан аса азаматтар тамашалаған. Осы жерде Түлкібас ауданынан келетін туристердің жылдан- жылға артып келе жатқанын қуанышпен айтқым келеді. Әрине бізге бұл мәліметтерді кәсіпкер азаматтар беріп отыр. Бұл жерде ауданымызға келетін туристердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі кәсіпкер азаматтар қанша турист қабылдаса керісінше олардың төлейтін салығы да қомақты болатыны сөзсіз.

 Қазақстандағы туризм саласы­ның қиындығы мен мұңы көп екені даусыз. Орталықтардан шалғай жатқан жерлердегі тарихи ескерткіштерге баратын жолдар тым нашар, елімізге келетін шетелдік туристер есепке алынбайды, оларға жол көрсететін мамандар тапшылығы сезілмей ме?

— Әрине пікіріңіз жалпы еліміз жайында айтылып отырса келісемін. Ал Түлкібас ауданы жайында әңгіме басқа. Бүгінгі таңда негізгі демалыс орны саналатын «Ақсу-Жабағылы» қорығына апаратын жол  заманауи талапқа сай. Қажетті жағдайдың бәрі жасалған деп айта аламын. Ал маман тапшылығы бар екені рас. Ауданымызда туризммен жеке кәсіпкер азаматтар айналысып отырғандықтан біздің бөлімшемізде маман тапшылығы көп сезіле бермейді. Қазіргі таңда осы туризм саласында екі маман жұмыс атқарып келеді. Осы жылдың аяғында туризм спорт және дене шынықтыру министрлігінің құрамынан шығатын болады деген ақпарат бар. Сонда туризм саласына көп көңіл бөлінетін болады деп ойлаймын.

Түлкібас ауданының туризмді дамыту бағытындағы инвестиция тарту мүмкіндігі қандай?

-Жеке кәсіпкер Е. Белоусов 14 орынды, құны 4,5 млн теңге қаржыны құрайтын қонақ үй құрылысын бастаған болатын. Қаржы тапшылығына байланысты құрылыс жұмыстары әзірге тоқтап тұр. Келесі жылы аяқталады деп отырмыз. Сонымен қатар 2011-2015 жылдары жеке кәсіпкер А. Жақсылықов «Сарытөр» демалыс аймағының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Осы құрылыс нысанында теннис  корты,жағажай волейболы мен футбол алаңы ашылады деп күтілуде. Құны 70 млн теңге болатын осы демалыс орны ашылған жағдайда 15-20 аудан тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Сонымен қатар «Жетімтау» тау бөктерінен, отандық және шет елден келген туристерге қызмет сапасын арттыру мақсатында құны 15 млн теңге болатын қонақ үй құрылысы толық аяқталып отыр. Халықаралық стандарттар бойынша туристік нысандар құрылысын жүргізбейінше шетелдік туристерді елімізге тарту мүмкін емес.Ғасыр жобасы атанған «Батыс Европа- батыс Қытай» автокөлік дәлізінің құрылысы ауданымыздан өтетінін білесіздер. 2010-2012 жылдары осы жол бойынан қазіргі заман талабына сай қонақ үйлер, демалыс орындары,жанар-жағар май бекеттері мен авто тұрақтар салу үшін жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар тарту қажет-деп ойлаймын.

Іс жүзінде туризм дегеніңіз – әлемдік мегабизнес. Сонымен қатар өзіншебір бос жатқан дүние. Әлем елдерінде туризмнің климаттан басталып ұлттық дәстүрлермен аяқталатын өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақстан тез өсіп келе жатқан халықаралық туристік саяхаттар нарығының қақ ортасында тұрған дамушы мемлекет. Бұл дегеніңіз осы нарықта өз орнын табуға берілген бұрын соңды болмаған мүмкіндік.. Мұндай мүмкіндікті қолдан жіберіп алуға әсте болмас.

Нұрлан ӘЛІМБАЕВ

«ҚЫЗМЕТ»

{jcomments on}

Яндекс.Метрика