2024-07-27

Ат құлағында ойнаған қазақ баласы «Құлагерін» әлі жоқтап жүр

tories/01/1154.jpg» />Құлаққа түрпідей-ақ тиер сөз. Әйтсе де, бұлай деуден өзге амалымыз да жоқ секілді. Біздің мұндай тоқтамға келуімізге – Лондон қаласында өткен Олимпиада ойындарына ат құлағында ойнап өскен бір де бір шабандоз қазақ баласының бара алмағандығы басты себеп болып отыр. Осымен ХХХ-шы рет байрақ желбіреткен төртжылдықтың басты бәсекесінен қалыптасқан дәстүрге сай, қазақтың қара жалды қазанаттары мен тақымы берік шабандоз ұландары тағы да тыс қалып қойды. Тағы да дейтініміз, Олимпиада ойындарының бағдарла-масына енген ат спортының конкур және үшсайыс сындарында тәуелсіз қазақ елінің басты үміт етерлері жолдамаға бастар сара жолды жаңылмай таба алатын емес.

Жылқының төл отаны – Қазақ жері. Ал мұны күллі жұртшылық әлдеқашан-ақ мойындап қойған. Қала берді, қазақтың арғы-бергі тарихында есімін айдай әлемге әйгілеп кеткен Тайбурыл мен Құлагерлерді айтпағанның өзінде, ақиқат пен аңызды ұштастырған сәйгүліктер қай кезде де арамызда кеңінен таныла білген. Одақ тұсында талайға таңдай қақтырған Абсент аталған қазақтың қазанат тұлпары асқан шеберлігімен барша адамзат баласын тәнті еткендігін бүгінгі жас ұрпақтың бірі білер, бірі білмес, сірә. Жамбыл облысының  «Лугавой» асыл тұқымды жылқы зауытында бапталып шыққан осы бір қазақ тұлпары қос бірдей Мюнхен және Турин Олимпиадаларында топ жарып, әлемде кімнің үздік тұрғандығын дәлелдеп берген. Өкініштісі сол, Азия құрлығында өзгеге олжа ұстатпайтын қазақтың осы бір қазанаттары нақ қазіргі таңда таңдаулы еуропалық сәйгүліктермен иық шендестіре алатын емес. Жалпы, қазіргі таңда, әлемде 200-ден артық жылқының тұқымы бар екен. Бұл қатарда спорттық қимыл, әрекеттерге икемді болып келетін батыс еуропаның англараб, ақалтеке, дракен, ганновер және де таза қанды ағылшын жылқылары үлкен сұранысқа ие саналады. Ал, бүгінгі талап, осы 200 жылқы түрінің ішінде қазақ жылқысы – Қазанат бірінші кезекте тұруы тиіс. Осылай деген облыстық «Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің маманданды-рылған спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры Ғани Ахметбаев бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстардың ауқымдылығын да тілге тиек етіп өтті.

—«Ұлттық спорт ұғымы ауқымы өте кең дүние. Онда халқымызбен бірге «мың өліп, мың тіріліп» келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз бар. Бұл қатарда, құнан жарыс, тоқ бәйге, көкпар, аламан жарыс, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ сынды ұлттық ат спорты ойындарының өрісін кеңейте түссек, біздегі негізгі мақсаттың орындалғаны да осы болмақ», — дейді ол.

Рас, Кеңес Одағы тұсында ұлттық спорт көлеңкеде дамыды. Оның ішінде ат спорты ойындары назардан мүлдем тыс қалды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оны дамыту ісі қолға алынды. Ережелері жазылып, бір жүйеге түсірілді. ҚР Ұлттық ат спорты қауымдастығы құрылды.

—«Бүгінгі таңда, ҚР Ұлттық ат спорты қауымдастығының басшысы Қайрат Сатыбалдының ұйытқы болуымен Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіретін ат спорты ойындарына ерекше көңіл бөлініп, жұмысы дұрыс жолға қойыла бастады. Тіпті, қысы ұзаққа созылатын Қостанай, Атырау қалаларында да арнайы федерациялар құрылып, ұлттық ойындарды халықаралық деңгейге шығаруға күш салынып отыр, — дейді мекеме басшысы.

Рас, қазақ халқында ұлттық ойындар түрі өте көп. Және де олардың басым көпшілігі спорттық сипатқа ие. Алайда, өкінішке қарай, бүгінде ұлттық спорт түрлерінің бірқатары естен шығып, ұмытылып бара жатқандығы да жасырын емес. Көпшіліктің кей сәтте ғана көңілге бір демеу етері – Ұлыстың ұлы күнінде бірқатар ұлттық ойындар төрге шығып, әспеттеліп жатады. Осы орайда, білікті маманның өзіндік ой-пікірі де айтылып қалды. Ат спорты даму үшін иппадром қажет. Жер-жерлерде көкпар мен сайыс алаңдарының, ұлттық спорт мектептерінің санын арттыра түсу қажет. Нақ қазіргі таңда, осының бәріне мемлекеттік көзқарас пен қолдау әлі де болса жеткіліксіз.

Биылғы Лондон Олимпиадасы ойындарында конкур сынағына 15 ұлттық құрама қатыстырылды. Еуропалықтардың өзара тартысына айналған бұл бәсекеден Азияның маңдайалды құрамасы саналатын қазақ сәйгүліктері мен шабандоздары да тыс қалып қойды. Әйтсе де, мұны тек уақытша құбылыс деп ырымдайықшы. Әйтпесе, алты жаста ат жалын тартып мінген қазақ ұландары үшін әлемдік аренада атой салар кез әлдеқашан жетті емес пе?!..

 Жеңісбек САҒЫНДЫҚ.



Яндекс.Метрика