Шымкент – қызғалдақты қала. Бұл сөз құлаққа тез сіңіп, халық та жылдам бойын үйретіп үлгерді. Көшелер мен саябақтарда, аяқжолдар мен субұрқақ жиектерінде қызғалдақтың сан түрін көріп, көз қуанады. Ендігі мақсат – қазақ даласының табиғи қызғалдақтарын көбейтіп, қала көшелеріне қолдан ексе, тұрғындар мен қала қонақтары ғана емес, өскелең ұрпаққа да әдемі ескерткіш болар еді.
Ол үшін алғышарттар жоқ емес. Мәселен, биылдың өзінде Шымкент қаласының Ақтас шағынауданынан табылған Түркістан қызғалдағы ботаниктер үшін әжептеуір жаңалық болды. Егер, осындай бір жаңалық Батыс елдерінен шықсыншы, әлдеқандай етіп әлемдік желіні шулатар еді.
Қазіргі Шымкент қаласының аумағында табиғи қызғалдақ түрлерінен Түркістан мен Грейг қызғалдақтары өсетіні белгілі болып отыр. Бірақ, бұл әлі де болса зерттеуді талап ететін тақырып болып тұр. Шымкент қаласының шығыс және оңтүстік жағы таулы аймаққа жататындықтан, мұнда Грейг пен Түркістан қызғалдақтарынан өзге де Берікқара (Кауфман) қызғалдағының ареалына кіреді. Сондай-ақ, солтүстік және батыс жағын, Ордабасы ауданымен шекаралас аймақтарын да қарап көрсе, Корольков, Қосгүлді, Бузе қызғалдақтарын кезіктіріп қалуымыз ғажап емес. Жалпы алғанда, аталған 6 түрлі қызғалдақтың тұқымы өседі деп жорамалдап отырмыз. Биыл төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгелі еш мүмкіндігіміз жоқ болып тұр, келесі жылы арнайы экспедиция жасақтап, Шымкент қаласы мен оның айналасында өсетін қызғалдақ түрлерін түгендеуді жоспарлап жатырмыз.
Шымкент қаласындағы жабайы қызғалдақтардың ареалын сақтап қалу өте маңызды. Осы орайда бір ұсыныс айта кетсем, қызғалдақтың тығыз өскен аймақтарынан А.Асқаров атындағы «Дендросаябаққа» қарасты арнайы «Қызғалдақ» ботаникалық қаумалын құру керек. Ол үшін арнайы жер қарастырудың қажеті жоқ. Қаланың Бас жоспарында Ақтас шағынауданы маңында саябақ үшін жер учаскесі қаралыпты. Өткенде қала аумағынан табылған Түркістан қызғалдағы да, Грейг қызғалдақтары да осы маңда екенін ескерсек, ойымыз өздігінен құпталатын секілді. Тек, құптар қала басшылығы болса дейміз.
Ғани Назарбек
Табиғат жанашыры, қызғалдақтанушы
Leave a Reply