Қызғалдаққа құрмет балбалтастан басталған

Балбалтастар – ортағасырлық түркілер дәуіріне тән ескерткіш саналады. Мұндай тастар өз заманының атақты жауынгерлері, батырлары, бай-бағыландар мен би-шешендеріне, жалпы қоғамда алатын өз орны бар, құрметке бөленген кісілерді жерлеген кезде мола басына орнатылған. Мұндай белгі орнату біздің даламызға Ислам діні келген кезде де толастамай, қашалып қойыла берген. Қазіргі біздің заманымызда да қайтыс болған кісіге арнап құлпытас көтеру ғұрпы сол дәуірден қалған дәстүрдің жалғасы. Ежелгі ғұрыптық жерлеу белгілері тек балбал ғана емес, қойтас, сынтас, сағанатас, белгітас деп неше түрлі атаумен аталған.

Ерте кезеңдегі балбалтастардың ерекшелігі, адам бейнесін анық ойып қашап қана қоймай, мұнда қайтыс болған кісінің өз заманында жасаған ерліктері, өлтірген жаулары, жеткен жетістіктері де жазылып отырған. Жерленген адам жауынгер болса, оның ерлігін дәріптеу мақсатында қолына ұстатып, не қынымен қоса қылыш бейнеленеді. Ал, кейбіреулерінде бейбіт заманның адамы болғанын көрсету үшін қолына қызғалдақ қауызын ұстатып суреттелетіндер де кезігіп қалады. Қазір сол көріністі осы заманғы стаканға ұқсатып, «бір сусын ішіп отыр» деп қате топшылап жатады. Бірақ ол дұрыс емес, олардың ішінде көбіне қызғалдақ қауызын ұстаған ескерткіштер көп.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында қызғалдақ тақырыбы бекерден-бекер көтерілмесе керек. Өзім мұны осындай балбалтастар бейнесіндегі қолына ұстаған қызғалдақ қауызын көргеннен кейінгі тұжырым болса керек деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі балбалтастарды терең зерттеген ғалым – Е.Қарин деген азамат, қазіргі ірі қоғам және мемлекет қайраткері, саясаттанушы. Сол кісі тек қазақ елі ғана емес, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Кавказ елдеріндегі осындай түркі ескерткіштерін зерттеп, кітап құрастарған. Сол кісінің еңбегімен таныссаңыз, балбалтастардың нешеме құпияларымен таныс боласыз.

Бабамыздан қалған балбалтастардан Ұлы Далада бір кездері қызғалдақ қасиетті өсімдік саналғанын ұғып, құрмет тұтылғанын білуге болады. Тіпті, күні кешегіге дейін менің атам «қызғалдақты жұлма!» деп ұрсып отыратын. Қызғалдақ жұлғанымыз үшін талай ұрыс естіп, жаза да көргенбіз. Кейде осыған қарап, қызғалдақ бабамыздан қалған мұра болса керек деп ойланамын.

Мақсат Елібаев

Тарихшы-магистр, «Ontustik Patent» ЖШС директоры

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика