«Интернетсіз аймақта жолақы төлеу бойынша ешкім де, ешқашан да зардап шекпейді»

Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаланың автомобиль жолдары және қоғамдық көлік саласына жауапты басшылар алдағы уақытта орын алатын өзгерістер жайында сөз қозғады. Жиын соңында ақпарат құралдары өкілдері мен онлайн байланыс арқылы интернет пайдаланушылары көкейлеріне түйген сауалдарын қойды.

Жиынға қатынасқан журналистердің «қаладағы кей аймақтарда интернет желісінің нашар екенін алға тартып, ондай жағдайда онлайн билет жүйесінің ақы төленуі қалай болады?» деген сауалына бөлім басшысы Н.Сүгірәлиев былай деп жауап берді: «Рас, өкінішке қарай шалғай аудандардың кей аймақтарында интернет желісі дұрыс ұстамайды. Бірақ, бұл электронды жүйенің бір ерекшелігі, интернетсіз де белгілі бір уақыт аралығында төлем қабылдап, жұмыс істей береді, ал интернет ұстайтын аймаққа келгенде төлем туралы мәліметті орталыққа беретін болады. Бұл автобус ішінде атқара берілетін процес. Бұдан ешкім де, ешқашан да зардап шекпейді».

Сонымен қатар, бөлім басшысының айтуынша, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалалық экономика басқармасымен бірлесіп, жаңадан қалыптасатын автобус бағыттары бойынша компанияларды субсидиялау мәселесі де қаралып жатыр екен. Болашақта өз шығынын ақтамайтын, «әлеуметтік бағыт» деп танылған маршруттың барлығына тиісті бірыңғай тариф ескеріліп, субсидия төленбек. Мәселен, бір бағыттағы маршрут шығыны 150 теңгені құрайтын болса, оның 70 теңгесін тасымалдаушы төлейді, ал қалған 80 теңгесін бюджет арқылы субсидияланатын болады.

Басқарманың қоғамдық көлік бөлімінің басшысы сөзінен тағы бір түйгеніміз, автобустардағы енгізілетін электронды билет жүйесі енгізілген бірінші кезекте кондукторлар болады. Бірақ, болашақта электронды билет жүйесі толық іске қосылғаннан кейін автобус кондукторлары қысқаруы мүмкін екен. «Өйткені, бұған дейін бұл жүйе іске асырылған Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында бұл мамандық иелері біртіндеп қысқарып келеді. Қала тұрғындары онлайн жолақы төлеп үйренген соң, кондукторлардың қатары сиреп, тіпті болмауы да мүмкін» дейді Наурыз Болысбекұлы. Демек, алдағы уақытта Шымкенттің көшесінде автобус бағыттарын айғайлап, айналаны басына көтеріп жүретін мамандық иелерін көрмей кетуміз де ғажап емес.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика