2022-12-07

ДӘМДІ ҚЫЗАНАҒЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Spread the love

       Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданының тұрғындары негізінен еңбекқор. Үйіргелік жерлерінде мал бағып немесе бақшаға айналдырып алғанын көрсеңіз, жұмыс істеуге өзіңіз де әуесіңіз кетеді. Әсіресе, жылыжайларды көптеп кездестіресіз. Аудан орталығына жақын орналасқан Еңкес ауылында тұратын Сапаров Үсен де біраз жылдан бері ашық топырақта көкеніс егіп келген. Өзінің де, зайыбы Ақжарқынның да мамандығы агроном. Жылыжайда көкөніс өсірудің мән-жайын жақсы білсе де, несие алмас бұрын бір жылдай жылыжай туралы әдебиеттерді ақтарып, әбден дайындалыпты. Кезінде көкөніс базасында еңбек еткен кейіпкеріміз өз саласы бойынша жастайынан  ізденіп, ғылыми зерттеу институттарынан да тәжірибеден өтіп ысылған екен. Агрономиялық тақырыпта айтып отырған әңгімесін тыңдасаңыз бір дастан, атағы дардай талай профессорыңмен  тайталасатын сыңайлы.

tories/enygma.jpg» width=»230″ height=»186″ alt=»enygma» style=»margin-top: 5px; margin-left: 15px; float: right;» />

       «Жылыжай» бағдарламасы арқылы алдыңғы жылы желтоқсанда үш жыл мерзімге 6 пайызбен 2,5 миллион теңге алып, он сотыққа жеделдетіп  жылыжай салып, алғашқы алты айдың өзінде несиенің 525 мың теңгесін құйып үлгерген. Қызанақтың «Боран» сортынан 15 тоннаға жуық өнім алыпты. Бір қызығы, бұл өнімнің түгелдей дерлігін 14 жастағы ұлы Бақдәулет Алматыдағы туыс әпкелерімен байланысып, әке уақытын алмай, чартерлік рейстегі автобустармен күн сайын алып шаһарға жіберіп тұрды. Еңбекқор отбасында өскен қаршадай бала, міне, осылайша өнім өткізудің менеджеріне айналып шыға келген. Ал, дәмді қызанақ сөрелерде тұрып қалмай, тез өтіп отырған. Тіпті, сұраныс жоғары.

       Алғашқы қыста еккен қызанақтың «Боран» сорты күзге дейін өнімін берген. Дәмін татып көріп едік, тіл үйіреді екен. Ашық топырақта өскен қызанақтан да тәтті екенін байқадық. 55 жасты еңселеген ағамыз жылыжайды  талапқа сай етіп, жылу құбырларын  топырақ астынан да жіберіпті. Нәтижесінде қыста тамырын суық шалмайды. Тамшылатып суару технологиясын енгізген. Жылыту пешіне үш адамды қабылдап, ауысыммен жұмыс істетеді. Жылыжайға  төрт адамды жалдап, 45-50 мың теңгеден айлық төлейді. Терім науқаны кезінде кемі 2 адам шақырып, күніне 1,5 мың теңгеден береді. Үсен аға ұлы екеуі  көшеттерді өздері дайындайды. 

       – Ашық топыраққа еккен өнім көп жағдайда ауа райына тәуелді. Ал, жылыжайда жауапкершілік, қыста үсітіп алмау керек, – дейді Үсен Сапаров. – Сол үшін үш ауысымға түнде ұйықтап қалмау үшін үш адам алдым. Қапталған плеенканың сыртынан сақтық шарасы үшін тағы да плеенка орамасын дайындап қойдым. Жыртылған жағдайда дереу екіншісін түсіре қоямын. Мені қуантатыны – «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» арқылы берілген несиенің қолайлылығы. Бұрын коммерциялық пайызы жоғары несиелермен де жұмыс істегенбіз. Онда табысымыздың басым бөлігі банкке кетуші еді. Енді, міне, дастархан молшылығын жасауға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Алғашқы табысымыз несиенің белгіленген бөлігін жауып қана қоймай, отбасылық тұрмысымызға да оң ықпалын тигізді. Бұдан былай көшеттерді де өзіміз дайындап, табыс тиімділігін арттыра түспекпіз. Өнімдерімізді 100-150 теңге аралығында өткізіп отырдық. Осы несиеден құтылған соң, болашақта жылыжайымызды тиісті стандартқа сай қайта жабдықтап, технологиясын жетілдіре түссек дейміз. Мемлекеттің қолдауын оңтайлы пайдаланған жақсы ғой. Тағы да тәжірибе жинақтап, әр көшеттен алынатын өнімді  еселеуді көздеп отырмыз. 

       – Жылыжайды қандай тиісті стандартқа сай дайындайсыз?

       – Стандарт дегенде, біз алдымен тиімділікті айтамыз. Мәселен, биыл күзге қарай құбырларды қайта жүргіземін. Бұл дегеніміз – құбыр ішінен бос кеңістікті азайтатын, екі жағы бітелген құбыр жібереміз деген сөз. Мәселен, жылу да отынды көп ысырап етеді. Жаңа  технология бойынша жылытуға 500 дитр емес, соның жартысы да жеткілікті болады. Сосын, көмірді басқа арзан отынмен алмастыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Мысалы, Солтүстік Қазақстан жақтарда зығыр сабағын отынға пайдаланса, қызуы да көмірден күшті, әрі арзан, күл шығару машақатынан да құтыласыз. Ал, Оңтүстікте өсірілетін мақсарыдан қалатын сыңғындысын отынға жақсаңыз қызуы қатты дейді. Біз осындай тәжірибелерді өткеріп көрмекпіз. Тиімділік дегеннің бәрі үздіксіз тәжирибе жасай беруден келмей ме? Әйтеуір бір нәтижеге қол жеткізерміз деген үміттеміз. Өйткені, жылыжайдың ең басты шығыны – отын. Бәсекелестік күшейіп келе жатқанда, пайданы азайтпау амалының бірі осы. 

       – Несиені жабу қиынға түсіп жатқан жоқ па? Қаржыға қол жеткізіп алып, қайтара алмай жатқандар да көп қой.

       – Несие алу деген жеңіл-желпі нәрсе емес. Біз мұны басынан бастап ескергенбіз. Жаңа айттым ғой, жылыжай жұмысын біле тұра, сонда да бір жыл тыңғылықты  әзірлік жасадым. Сақтық шараларына барынша назар аудардым. Бірінші еккен қызанағым табысты болғанмен, одан кейін еккен қиярым сәтсіздеу болды. Оған, әрине, өзім кінәлімін. Үшіншісі – биыл қыста  қызанақтың «Баян» сортын еккенмін. Бастапқыда килосын 230-дан саттым. Кейін бағасы 150-ден айналған. Сол қызанақты тамыз айы келсе де әлі өткізіп жатырмын. Тұрғындар оның келісін 60 теңгеден алып кетуде. Несиенің 1,5 миллион теңгесінен құтылып қойдым. Күзге қарай қияр көшеттерін дайындап жатырмыз. Құдай қаласа, өткен жылғы қателікті жібермей, несиенің қалған бөлігін жабуға жететін қаражат өндіретін шығармын деп отырмын, – дейді Үсен аға. – Жаз бойы  иелігімдегі 4 гектар жерді ағаштармен қоршап шығып, 2 гектарына қарбыз ектім. Бұл да бірталай қаражатты қажет етеді. Істің мән-жайын білетін білікті маман-зейнеткерді  алқап басына көшіріп әкелдім. Менің қарбыздарым қыркүйектің ортасынан пісе бастайды. Кешігу себебі де табиғи коректендірілуде. Яғни, денсаулыққа қауіпсіз табиғи өнім шықпақ, әрі бұл мерзімде қауын-қарбыздың нарықтағы бағасы да көтеріледі, әрі сақталу мерзімі де ұзақтау болады. Шынымды айтсам, осындай қат-қабат тірліктердің көптігінен ұйқыға да уақыт таппай қаламын деп күлді, – жаны жайсаң, жайдары кейіпкеріміз. 

       Үсен ағаны сол ауылдың «электригі» десек те жарасады. Қандай шаруаны да еппен, ыждағаттылықпен атқарады. Мұнысы бір бөлек, істейтін тірлігінің қыр-сырын жақсы біледі. Бұл төңіректе әңгіме қозғасаңыз, соның да оқуын тауысқан ба дейсіз. Ауылда трансформатор бұзылса да, қолы алтын ағамыз іске қосып, әр отбасына нұр шашып отырғаны. «Ақшаны молынан тауып, бай боп отыратын-ақ жөніңіз бар екен ғой», – деп күлгенбіз. 

       – Ақша табу мен үшін мақсат емес. Тапсам да бір қайырымды іс жасасам ба деп ойлап жүрмін. Тағы бір жерімді қоршап, бие байлап, балаларды саумалмен, қымызбен емдейтін шағын демалыс аймағын жасасам ба деймін. Сол шаруашылық өзін-өзі ақтаса жетеді. Есесіне балалар арзан бағаға денсаулықтарын түзетіп жатса, сауаптың үлкені сол болар ма еді? Мен тек ақша деп жанымды салып жүрген жоқпын, бір үлкен игі істерді жүзеге асырсам деп армандап қоямын, – деп күлді тағы ағынан жарылып. 

       Менің есіме Д.Рокфеллердің: «Ақша үшін ақша табуға барлық уақытын табуға арнаған адамнан сұмырай және бейшара жанды білмеймін» деген сөзі түскені. Сол әйгілі миллиардердің өзі кейін компаниясының барлық басқару тетіктерін сенімді әріптестеріне тапсырып, ақырында қайырымдылық іс-шаралармен айналысқан екен. Осы жерде әйгілі миллиардер мен ауылдың қарапайым қазағының арасынан шынайы ұқсастықты аңғарғанмын. Қазақ қоғамының келешегі кемел болсын десек, мүмкін кәсіпкерлеріміздің ниеті сондай болуы тиіс шығар. Алла алдында, сауап іздеп жүргендер қанша?! 

                                                                                    «Қызмет» газеті.  Дидар БЕГАЛИЕВ.

 

Яндекс.Метрика