
«Шымкент қаласының энциклопедиясы» атты кітаптың тұсаукесер жиыны өтті. Өткен жылы «Шымкент қаласының көне тарихы» кітабы жарық көрген-тін. Тарихшы, жазушы Момбек Әбдәкімұлы «Шымкент қаласының энциклопедиясы» кітабын өз мерзімінде аяқтап, оқырманға ұсынды.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Тағылымды жиынды белгілі әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары энциклопедияның жазылу тарихы мен маңызына тоқталып өтті.

Мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов те кітаптың жазылу тарихын және жазушының шығармашылығы жөнінде өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев, филология ғылымдарының кандидаты Амангелді Мамыт, оқу орнының ректоры Гүлжан Сүгірбаева жазушының шығармашылық қырлары жөнінде баяндама жасап, кітаптың мән-маңызын атап өтті.

Айта кетсек, энциклопедия қала тарихынан басталады. Қала тарихы, оны басқарған тұлғалардың қысқаша өмірбаяны, ғалымдар, еңбек озаттары, өнер адамдары, өндіріс орындары, мәдени ошақтар, барлығы қамтылған.