Жалпы, қазіргі таңда біздің аудан аумағында жоспарланған жұмыс өте көп. Биылдың өзінде ауқымды жобаларымыз жүзеге асып жатыр. Оның ішінде, күн тәртібінде тұрған басты мәселелерден шығуымыз керек болды. «Ол не?» десеңіз, Әл-Фараби ауданында ең бірінші кезектегі мәселе – көп қабатты тұрғын үйлер.
Біздің ауданда жалпы 672 көп қабатты тұрғын үй бар болса, соңғы 20 жыл ішінде, яғни 2000 жылдан бері бұл ауданда үш-ақ үй салынған. Олар, «Биік», «Орталық» саябақ маңындағы және Д.Қонаев даңғылы бойындағы түрғын үйлер. Қазір төртіншісінің құрылысы жүріп жатыр, ол – Д.Қонаев даңғылының оң жақ бетіндегі «Royal Club-тың» жанынан салынып жатқан көпқабатты үй. Жалпы, бізде үй көп салынбаған, бары жаңармаған. Сондықтан, ең бірінші мәселе – ескі үйлер болып тұр.
Мәселен, Володар көшесіндегі екі қабатты ескі үйлер бар, олар 1939 жылдары салынған екен. Қазіргі таңда 3 үйіміз апатты жағдайда, одан басқа сесмонығайтуға жататын бірнеше үйлер тағы бар. Олар бойынша тапсырмамызды қалалық Энергетика басқармасына бердік, тиісті жұмыстар атқарылып, қаражаты бөлініп, биыл біздің аудандағы 3 үйде сейсмонығайту шаралары атқарылып жатыр. Тағы бір айта кететін жағдай, апатты ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салу жөнінде ұсыныс бердік. Бұл бойынша Тұрғын үй басқарамасымен арнайы жоба әзірленіп жатыр, сол жобамен біршама жұмыс атқарылмақ.
Ол жоба – мысалы, ескі үйлерді бұзып, орнына жаңадан келген инвестор үй салады. Сол инвестор ескі үйде тұрып жатқан тұрғындарға жаңадан салынатын үйден ескі пәтерінің көлеміндей жаңа пәтер береді. Шаршысына шаршы етіп. Құрылысы толық біткенінше ескі пәтер иесіне инвестордың өзі үй алып бере ме, әлде уақытша пәтер жалдап бере ме, ол жағын өзара келіседі. Осы жобамен Волдар, Әлімқұлов Түркістан көшелеріндегі 21 үйді салсақ деп жоспарлап отырмыз. Қазір қалалық Тұрғын үй басқармасымен бірге сол үйлердің нобайы әзірленуде. Сондай-ақ, тағы 44 үйге қайта құрылым жасау үшін бірінші және екінші хаттамасы толтырылды, кезекке қойдық, биыл соның 21-іне модернизация жасалатын болады. Ол үшін Тұрғын үй басқармасына қажетті қаржы бөлініп, қазіргі кезде 4 үйде басталып кетті. Ол қаржыны қандай мақсатта пайланылуы тұрғындарға байланысты. Өйткені, қаржыны тұрғын үйдің сыртқы келбеті, фасады, ішкі жөнделуі, төбесіндегі жабыны, жертөлесіндегі жүйелерін ауыстыруға жүмсай ма, оны тұрғындардың қалауы шешеді.
Ғ.Мәуленқұлов
Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімі
Leave a Reply