2022-05-24

ТӨРІҢДЕ ТУЫҢ ТҰР МА: КӨК БАЙРАҚ – ЕҢ ҚАСТЕРЛІ СЫЙЛЫҚ

Әрбір қазақтың ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні. Бұл азаттықтың бізге оңай келмегені, қан төгіп, жан берумен жеткені белгілі. Ақ таңға жете алмаған ата-бабаларымыз небір қиын-қыстау кезеңнен, сұм саясат соқпағынан өтті. Үзілмеген үміттің жемісі егемендікті әрбір адам сақтауға өз үлесін қосуы керек. Бұл – біздің бабалар мен өскелең ұрпақ алдындағы борышымыз. Теңізге тамшыдайын үлес қосып, тәуелсіз елдің тамыры тереңге жайылып, мәңгілік елге айналуына ат салысу әр азаматқа абыройлы міндет.

Тәуелсіздік алғанымызға 29 жылдың жүзі толып, ширек ғасырдан асты. Ойлап қарасақ, кез келген мерекені тойлаудың өзіндік дәстүрі қалыптасқан екен. Мәселен, жаңа жылды әсем шыршамен, Наурыз мейрамын алтыбақан, наурызкөже, киіз үймен елестетеміз. Осы орайда отыз жылға жуық уақытта тәуелсіздік мерекесін атап өтудің дәстүрін қалыптастыра алдық па, деген сұрақтың тууы әбден заңды. Есіңізге түсіріңізші, Сіз 16-желтоқсанды қалай атап өттіңіз, қалай атап өтіп жүрсіз? Осы атаулы күннің сіздің өміріңізде, отбасыңыздың дәстүрінде қандай орны бар?

Әдетте, қандай мереке болмасын сыйлығымен есте қалады. Өйткені, сыйлық адамдар арасын жақындата түседі, бір-біріне деген мейірімін, сыйластығын туғызады. Бұл солай. Осы тұрғыдан келгенде Тәуелсіздік күнін атап өтуде сыйлықпен ерекшелену керек. Тартуға не ұсынамыз дейсіз бе?! Ту әрине. Кәдімгі мемлекетіміздің КӨК ТУЫ. ТАРТУҒА КӨК ТУ.

Бүгінде әлеуметтік желіде «Көк тудың желбірегені» эстафетасы дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Және жыл өткен сайын түрленіп, қоғамдық пікірді жинақтап, Тәуелсіздік күнін атап өтудің дәстүрін ұсынуда. Соның бір дәлелі қоғамның көк туға деген құрметі артып, тумен суретке түсу трендке айналып барады. Эстафета ешкімді жатсынған жоқ. Зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, үздік жастар…Ақындар жыр арнады. Тудың маңызы туралы жазбалар жазылды. Бұл эстафетаның ішкі туризмді насихаттауға үлес қосуға қор мүмкіндігі бары байқалды. Қазақстанның көрікті жерлерінде эстафетаны жалғастырушылардың тумен түскен суреттері ерекше әерлі болды.

Биылда Шымкен қаласында тәуелсіздік күні қарсаңында «Көк тудың желбірегені» эстафетасы қорытындыланды. Әлеуметтік желіде, оның ішінде фейзбук платформасында мемлекеттік рәміздің бірін үздіксіз насихаттап, «Тәуелсіздік күнтізбесін» жүргізгендер, Тәуелсіздік күнін атап өтудің өзіндік дәстүрін ұсынғандар марапатталды. Марапаттың да төресі сол болса керек, үздіктерге МЕМЛЕКЕТТІК ТУ тарту етілді.

Тәуелсіздік күнін атап өтудің осындай үлгісін қалыптастыруды көздеген «Серпіліс» қоғамдық қоры өткізген «Тәуелсіздікпен диалог» атты қорытынды кешке Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жанар Бектаева қатысты. Салтанатты жиын барысында

сөз алған басқарма басшысы қоғамда тумен суретке түсудің трендке айналып, мемлекеттік рәміздерге құрметі арта түскенін айтты. Сонымен қатар, патриоттық рухты көтеріп, әрбір азаматты отансүйгіштікке тәрбиелейтінін жеткізді.

Басқарма басшысынан кейін арнайы шақырылған спикерлер сахнаға шықты. Алғашқылардың бірі болып спорт журналисті, «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкент» газеттері ЖШС-ның директоры Бақтияр Тайжан сөз алды. «Мен Тәуелсіздікке не бердім?» деген сұраққа өзіндік ойы мен пікірін айтқан Бақтияр Тайжан Тәуелсіздік жылдарында өткен әлемдік спорттық додаларды еске алды.

— Тәуелсіздік алып, егеменді елдің еркін ұландары халықаралық спорт турнирлеріне шықты. Жәй ғана шықпай, жүлделі орындардан көрінді. Сондай доданың бірі Лондон олимпиадасы 16 күнге созылса, соның 12 күнінде біздің көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалды. Шетел азаматтары біздің туды көргеннен «Қазақстан, Қазақстан» деп ұрандай жөнелді. Сол елдің басшылары «Лондон олимпиадасы Қазақстанның күндері болды ғой» дегені де есімде. Көк туды жоғары көтерудің жауапкершілігін сонда сезінген едік. «Тәуелсіздікке мен не бердім?» дейтін болсам, осындай спорт додаларында көк байрағымыз төменге түспеу үшін үлес қостым дер едім, — деп сөзін түйіндеді Бақтияр Тайжан.

Тәуелсіздікке қаншама ғасырлар бойы табандап жүріп күресіп, адымдап басып алысып жеткенбіз. Ұлы тұлғалардың әрбірі азаттық үшін күресті деуге болады. Келесі спикер ақын-аудармашы Абай Қалшабек өз сөзін мынадай өлең жолдарымен түйіндеді.

Тәуелсіздік – Махамбеттің арманы,

Исатайдың қында кеткен қанжары.

Хан Кененің жортып өткен жолдары,

Сырым батыр айта алмаған жан зары.

Тәуелсіздік – Шолпан жұлдыз толқыған,

Сұлтанмахмұт көрмей кеткен таңдары.

Мұстафаның қол жетпеген әуесі,

Ахмет пен Міржақыптың мәуесі.

Мағжан ақын күңіренген құзар шың,

Жүсіпбектің қаламының сәуесі.

Тәуелсіздік – Махаңдардың арманы,

Қайраттардың көрмей өткен таңдары.

Мұқағали аңсап өткен бұл асыл –

Бабалардың кештеу жеткен мұрасы.

Тұрардың да шыға алмаған тұғыры,

Шәкәрімнің шорт үзілген ғұмыры.

Ұлы Абай да дәм татпаған бұл күннен,

Сом алтынның болса дағы сынығы.

Абай түгіл көрмеген ғой Құнекем,

Орта жүздің қайта тумас ұлығы.

Жүрегімен жыр арнаған бұл күнге

Қасымдайын қара өлеңнің тұнығы.

Момышұлы сыр арнаған бұл күнге,

Құрманғазы күй ғып қосқан күмбірге.

Асқарлар да арман болған бұл күнді,

Ел жанына қара сөзбен сіңдірді.

Тәуелсіздік – мен жырлаған осы жыр,

Кеудемдегі ұға білсең күмбірді.

Кетсе-дағы келер күнге үн қатып,

Дінмұхаммед жете алмаған бұл бақыт.

Көп созбай дөп сөзді айтқан Абай Қалшабектен кейінгі спикер онлайн байланысқа шықты. Себебі, эстафетаны қолдаған қоғам белсендісі Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірінен, яғни Павлодар облысынан еді. «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы өз сөзінде патриоттық рухты көтеру мақсатында Кереку өңіріндегі атқарылған шаруаларды айтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді жолға қойып келе жатқанын жеткізді. «Көк тудың желбірегені» эстафетасына да ерекше ықыласпен қатысып, ұлттық киіммен көк туды бірдей насихаттаған екен. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде «Солтүстік Қазақстанды орыс халқының жері» деген шудың көтерілгені белгілі. Мұндай мәселелердің алдын-алу үшін бұл өңірлерде «Көк тудың желбірегені» эстафетасы айрықша үлес қосады, деді Еркеғали мырза.

Эстафетаның үзілмец жалғасуы мен насихатын мойнына алған, «Тәуелсіздік күнтізбесін» алғашқы болып бастаған «Серпіліс» қоғамдық қорының президенті Бейсенкүл Нарымбетова өз сөзінде:

— «Тіршілік Қазығұрттан басталады» дегендей біздің эстафетамызда Қазығұрттан бастау алған. Былтырғы жылы «Тарихы терең Түркістан» ақпараттық туры өткен-ді. Сол турға қатысушы баспасөз өкілдері Қазығұрт тауына барғанда алғаш рет топ болып суретке түсті. Содан тумен суретке түсейік деген бастама көтеріп әлеуметтік желіде ол эстафета болып жалғасты. Биыл үшінші жылға жалғасады, әлі үзілген жоқ. Биыл карантин, десек те біз эстафетаны тоқтатпадық. Облыс қаламгерлері, тарихшылармен Абай еліне, Өскемен жеріне, Сығанақ, Қорқыт ата мемориал кешеніне, Маңғыстау елінде сапарымызды жалғастырдық. Тумен суретке түстік. Бұл эстафета арқылы еліміздің ішкі туризмін дамытуға кішкене болса да үлес қоссақ деген ниеттен туындады. Және біздің бұл бастамамызға барша қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ құралдары өз үлестерін қосты. Ендігі мақсатымыз Тәуелсіздік күнін атап өтудің қазақстандық дәстүрін қалыптастыру. Біз жаңа бастамалар ұсынамыз, халық өзіне керегін тағдап аламыз. Тәуелсіздіктің 30-шы лын осылай қарсы алғалы отырмыз. Былтыр тумен суретке түсу тренке айналса, биыл көк туды тарту етуді ұсындық. Туды тарту етудегі ойымызды көк Туымыз әрқайсыңыздың үйіңіздің төрінде тұрсын дейміз. Сөз қорытындысы осы болды.

«Тәуелсіздікпен диалог» жасап өз ойларын жеткізген, Тәуелсіздіктің тұғырлана түсуіне өзіндік қосқан үлесін түгендеп, есеп берген спикерлердің қатарында мемлекеттік туды Шымкент қаласында басып шығаратын «Ернияз» баспа өнімдері компаниясының негізін қалаушылар Ербол Дайрашов пен Ниязбек Қалымбет те болды. Өз кезегінде спикерлер

достықтан бастау алған кәсіпте мемлекеттік рәмізді шығару оңайға түспегенін, машақатты тірлігін айтты. Кәсіптерінде жауапкершіліктің ең үлкені де көк туды шығару екенін жеткізді. Бүгінде достықтары ажырамастан «Ернияз» және «Кереге» жарнама агенттіктерінің жұмысын алға сүйреп отырғандарын айтты.

Дәстүрлі түрде өтетін мерекелік іс-шаралардан өзгеше ұйымдастырылған бұл жиын халықаралық ТED форматында өткізілді. Спикерлер қысқаша өз ой-толғамдарын жеткізіп, көкейтесті мәселелерді көтерді. Ендігі кезекте сахнаға тәуелсіздіктен кейін туған жастар келді. Әр саланың көшін алға сүйреп жүрген дәрігер-ақын Қуат Дәуренұлы, жас ғалым Әзімхан Исабек, мәдениет үйінің қызметкері Беглан Қасымбек сынды жастар Тәуелсіздіктің қасиетін түгендеп, оның тұғырлана түсуіне өз дері қосып жатқан үлестерін тілге тиек етіп, ой толғады.

Биылғы жылдың бір жаңалығы үкімет мемлекеттік туды патриоттық негізде тұрғын үй-жайларға, оның ішінде балкондарға ілуге қаулы қабылдады. Бұл – көк туды халықтың жанына жақындатып, құрметін арттыруға септігін тигізеді. Жыл бойы жалғасқан «Көк тудың желбірегені» эстафетасы осылай қорытындыланып «Төріңізде ТУ тұрсын» ұранымен 2021 жылға жол тартты.

Құрметті оқырман!

Эстафетаға СІЗ де қосылыңыз. Тәуелсіздік күнін атаап өтудің қазақстандық дәстүрін бірге қалыптастырайық.

Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ

Яндекс.Метрика