Бүгін «Nur Otan» партисы Келес аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде саяси ұйымның “Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір” атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қоғамдық қабылдау өтті. Оған партияның аудандық мәслихаттағы фракция жетекшісі Ахмет Жұмабеков, Түркістан облыстық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Н.Давлетияров және Келес аудандық мәслихат хатшысы Арын Тотиков қатысты.
Қоғамдық қабылдауға Біртілек және Қошқарата ауылдық округтерінен келген азаматтар негізінен табиғи газ және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша өздері кездескен қиыншылықтар жайын сөз етті.
Көтерілген проблемалардың ішіндегі табиғи газ мәселесі бойынша депутат Н.Давлетияров пен ауданның тұрғын үй және коммуалдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Шірінбеков түсініктеме берді. Қошқар ата ауылдық округі бойынша газ желісі құрылыстың сметалық құжаттарына сай жер астымен жүргізіліп жатқанын, ал Біртілек ауылдық округіне қарасты елді мекендерге табиғи газ қосу бойынша бес мекеме құжаттарды тіркеп, жеке есепшот ашу бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты. Осы жұмыстар аяқталысымен ауылдарға биылғы жылы газ жеткізілетінін түсіндірді.
Ал, атаулы әлеуметтік көмек жайында жүгінген азаматтарға ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің мамандары АӘК алу жолын толық түсіндіріп, бағыт бағдар берді.