Түркістан облысы Келес ауданында өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі ағымдағы жылдың 9 айдың қорытындысымен 62,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 13,8 млрд теңгеге артқан. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының үлесі 70,2 пайызға жетіп отыр. Бұл туралы аймақтың дамуы туралы өткізілген брифингте аудан әкімі Ақментай Есбаев мәлімдеді.
«Ауданға барлығы 7,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7 млрд теңгеге өскен. Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 44,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,4 млрд теңгеге артты. Егін шаруашылығы бойынша да өсім бар. Егіс көлемі 24,5 мың гектарға кеңейтіліп, 187 гектарға артып отыр. Ауданда алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 316 жоба өз жұмысын бастады. Бүгінгі таңға дейін 69,4 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері өндірілді» — деді Ақментай Үсенұлы.
Аймақта «Индустриалды инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы да жоспарға сай жүзеге асырылып келеді. Былтыр 2020 жылы жалпы құны 998,4 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылған болса, биыл 1 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Онда 88 азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтылған. Келесі жылға 2022 жылға «Бижигит-Ата» ЖШС-ң уылдырықтарды қолдан ұрықтандыру, балық өсіру және балық етін өңдеу жобасы енгізіліп отыр.
Осыдан үш жыл бұрын өз алдына дербес аудан болып құрылған Келесте инфрақұрылым жүйелерін жақсартуға байланысты да ауқымды істер атқарылуда. Аудан көлемінде тұрғындарды табиғи газбен қамту 58,4 пайызға, таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 63,2 пайызға, ал сапалы электр қуатымен қамту үлесі — 66,3 пайызға жеткен.
Брифинг барысында аудан әкімі Ақментай Есбаев журналистердің өзге де сұрақтарына толымды жауап берді.
Leave a Reply