2023-02-09

ЭНЕРГЕТИКТЕР ШЫМКЕНТТЕ БАС ҚОСТЫ

Spread the love
Шымкент қаласында Халықаралық ардагер энергетиктердің XI форумы өтті. Іс-шараны Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы мен еліміздің ардагер энергетиктер Кеңесі ұйымдастырды. Форумға Қазақстан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанның ардагер энергетиктері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары қатысты.
Жиында саланың бірқатар өзекті мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, электр энергетикасы құрылымының (электр жүйесі, күш трансформаторлары, станциялар, қосалқы станциялар т.б.) тозуы, электр энергиясы тапшылығының басты себептері, жаңа қуаттардың жеткіліксіздігі мәселесі талқыға түсті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында желілердің тозуын азайтуға тапсырма берген еді.
Сондай-ақ, Президент Астанада өткен жиын барысында газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырды.
Іс-шарада отандық және шетелдік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады.
Қазақстан ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов атқарылған жұмыстардың нәтижелерінен хабардар етті. Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығының төрағасы Еркебұлан Ильясов Шымкент қаласында энергетика саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Шетелдік меймандар форум аясында «Alageum Electric» компаниясының экспорттық бағытқа негізделген «Asia Trafo» зауытының өнімдермен танысты. «Азия Трафо» ЖШС – «Alageum Electric» электр жабдықтарын шығаратын отандық өндірушінің құрамына кіретін, Орта Азиядағы трансформаторлық жабдық шығаратын ең ірі кәсіпорын.
Бұл зауыт Қазақстанда теңдесі жоқ өндіріс орны саналады. Мұнда қуаттылығы 110 кВ-500 кВ кернеу диапазонындағы трансформаторлар дайындалады. Зауытттың құрылысы осыдан 2 жыл бұрын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы Қазақстанның Даму Банкінің қаржыландаруымен жүзеге асқан болатын. Жоғары вольтті трансформаторлар жасайтын «Asia Trafo» зауытының құрылысы мен іске қосылуы Қазақстан үшін бірегей оқиға атанған еді. Әрі еліміздің электротехникалық саласын дамытуда зор маңызға ие.
Кәсіпорынның өнімдері зертханалық сынақтан өткен соң, қазақстандық тапсырыс берушіге жөнелтіліп, кейін ТМД елдеріне экспортталуда.
Зауыттың негізгі шығарылатын өнімі – бұл қуаттылығы 500 МВА дейін кернеуі 110, 220, 500 кВ автотрансформаторлар және күшті май трансформаторлар, сонымен қатар реакторлар. Зауыттың жобалық қуаттылығы – жылына 12 000 МВА жоғары.
Яндекс.Метрика