2023-02-09

АБАЙ АУДАНЫНДА «СТАНДАРТ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ АШЫЛАДЫ

Spread the love
Шымкент қаласындағы Абай ауданында орналасқан бұрынғы қорғасын зауытының орнында шағын және орта бизнеске арналған «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы ақпараттық-коммуникациялар орталығында   баспасөз брифинг өткізген Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов мәлімдеді.
Бұқарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Мемлекет басшысы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Осыған орай «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриалдық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады».
Бұқарбай Рысқұлұлы брифинг барысында аудандағы инфрақұрылым желілерін дамыту мәселелеріне де тоқталып өтті. Атап айтқанда, аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 33-і сапалы ауыз сумен қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылы ауыз суға 1,9 млрд. теңге бөлініп, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Нұршуақ, Батыс, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ-2, Ақтас-2 елді мекендері ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілген. Ал, 2021 жылы 6,9 млрд. теңге қаралып, 9 елді мекенге ауыз су беріліпті.
Сонымен қатар 2022 жылы бұл мақсатқа 5,2 млрд. теңге бөлініп, Құрсай елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар 2022 жылдың соңында аяқталып, елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Абай ауданының 8 елді мекені орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл елді мекендерде 116 мыңға жуық адам немесе аудан халқының 36 пайызы өмір сүреді. Ал, 207 мың адам тұратын қалған 26 елді мекен кәрізбен қамтылмаған. 2020-2022 жылдары аралығында 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 3 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды.
Б.Пармановтың айтуынша, аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 31 елді мекені мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Қалған 3 елді мекен жеке меншік трансформаторларды пайдаланады. 2021 жылы 5 елді мекенді (Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ақжар) электр жарығымен қамту үшін жалпы 7,2 млрд. теңгеге жоба жасылып, ағымдағы жылы 5,2 млрд теңге бөлінген. Биыл 3 елді мекеннің (Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап) құрылысы аяқталып, сапалы электр жарығымен қамтылып, аудан аумағы 100 пайыз электр жарығымен қамтылатын болады.
Яндекс.Метрика