Біздің балалық шағымыз интернатта өтті. Сол интернатқа жатқанның жақсылығын аз көрмедім. Жамандығы да жетеді. Көбінде тым қатал болып кететіндігім, жағдай үшін біреулерге жылыұшырай салудың орнына безірейген қалпы отыра беретіндігім сүйегіме сол жерден сіңді ме, кім білсін?! Қалай болғанда да, алты-ақ жасымызда үйден үзіліп шығуға тура келді ғой. Біз ата мен ананың қабағынан гөрі тәрбиешінің қабағына көбірек қарадық. Содан шығар. Бәлкім туа бітті мінез. Жә, бүгінгі әңгіме мен немесе менің мінезім туралы емес.
Интернатта сол кезде-ақ жасы егде тартып қалған тәрбиешіміз болды. Соғыс көрген. Айтуынша взвод командирі болған. Офицер. Сол ағайымыздың жайшылықта мінезі жайдары-ақ болатын. Алайда, ашуланды бар ма, бесінші-алтыншы оқитын біздерді қырып салушы еді. Қолы селкілдеп кетуші еді, жарықтықтың.
Ол жылдары (жетпісінші жылдары) соғысқа қатынасқандардың қатары сиремеген уақыт. Мұғалімдеріміздің, тәрбиешілеріміздің ішінде басқа да соғыс көрген ағайлар аз емес. Алайда, олар әлгі ағайымыздай селкілдеп кетпейді, көбінде сабырды серік қылады.
Жаңағы тәрбиешіміз қолы қалт етсе бізбен әңгімелесуден жалықпайтын. Біз әрине, соғыс туралы сұраймыз. Ол кісі көргенін айтады. Бір әңгіменің үстінде ішіміздегі ересектеуіміз Нұраштың ағай үшін аса қолайсыз сұрақты түйеден түскендей етіп қойып қалмасы бар ма?! «Ағай, сіз неге көп ашуланасыз? Сосын бізді ұрғанда аямайсыз ғой. Соғыстан контужный («контузия алғансыз ба?» дегісі келген болуы керек) болғансыз ба?».
Жадырап отырған ағайымыз лезде қайта түнерді. Зәреміздің зәр түбіне кеткенін несіне жасырайық. Алайда, ағайымыз Нұрашты да, өзгемізді де жазалаған жоқ. Ұзақ уақыт үнсіз отырды да «солай болса, солай шығар, енді сабақтарыңа дайындалыңдар» деді де шығып кетті. Ол сол күні көңілсіз жүрді…
Кейін біліп жатырмыз, ағайымыздың өмірі тұнып тұрған трагедия екен ғой. Соғыс бер жағы. Өзі қатарластарының түгелге жуығы көрген соғыс қой, ол.
Біздің ел Арқаны, Созақ өңірін жайлайды. Тарихы тұнып тұрған Созақта 1930 жылы Кеңес өкіметіне қарсы «Аллаһу» көтерілісі болғаны мәлім. Көтеріліс жаншылған соң кінәлілерді іздемей ме? Ол көтеріліске ел қатарлы жаңағы ағайымыздың әкесі де қатысқан. Өзі ол кезде 6 жасар бала. Комиссарлар ағайымыздың әкесін үйінде атып тастаған ғой. Үйде ағай-ақ болыпты. Ол кезде 6 жасар бала… Алты жасар баласының көзінше атқан.
Сол кездегі үлкендердің ағайымыз туралы «Пәленшекеңе ренжімесеңдерші, ол байғұстың жүрегі қарайып қалған ғой» деп аяушылық танытып отыратынын енді түсіндік. Жан әкесін көзінше атып тастаса алты жасар баланың жүрегі қараймағанда кімнің жүрегі қараяды?! Кейінгі өзі белуардан қан кешкен төрт жылғы соғыс та жүрегін олай қарайта алмаған.
Жүректің қараюы…
Шымкентте Нәби Тоқа деген көршім болды. Марқұм Ауғанстаннан көшіп келген. Тағдырдың желі соққанда бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Ауғанстаннан бөлек Пәкстанда, Саудияда, Түркияда, Иранда отырған. Әңгімелескенде сол жақтың заң-зәкүнін айтады. «Иранда ұрлық істегенді қаланың орталық алаңына апарып, дарға асады, Пәкстанда қалың көпшіліктің көзінше басын шабады» дегенді интернеті жоқ заманда сол ағамыздың аузынан естігенбіз. «Үкімді орындаушы балтасын бір-ақ рет сілтеуі керек. Сол бір сілтегенінде айыпкердің кеудесіндегі басты алмадай қағып түсірмесе, онда сол жаза өзіне қолданылады» дегенін естіп, сол күні ас батпаған.
– Соны адамдар көріп тұрады ма? – дейміз таңданысымызды жасыра алмай.
– Ойбай-ау, көрмегенде?! Көру үшін бармай ма, алаңға?! – дейді ағамыз.
Сосын тәртібі осыншалықты қатал елде қылмыс атаулы болмауы керек қой деп ойлаймыз. Осы ойымызды Нәби ағамызға айтсақ «қайда-а-ан, адамдар ай сайын болмаса да жиі-жиі дарға асылып жатады ғой» дейді жайбарақат.
Демек, заң қаншалықты қатал болса да, адамдар ұрының, қылмыскердің дарға асылғанын көзімен көрсе де сабақ алмайды, қорықпайды, қылмысқа бара береді? Неге?
Біздіңше, олардың ештеңеден қорықпауы сол дарға асуды, бас шабуды жиі көре бергендіктен. Анадай қаталдықты, қатыгездікті көре бергеннен кейін әрине, жүрек қараяды. Жүрегі қарайған адамнан, жүрегі қарайған елден не жақсылық күтуге болады?!
Таяуда Иранда естіген жанды егілтпей қоймайтын бір оқиға болды. Біләл деген біреу, себебі айтылмайды, 17 жасар Абдолла дейтін бозбаланың қанын мойнына жүктеп, түрмеге түседі. Сот оны дарға асу жазасына кеседі. Иранның заңы бойынша мұндай адамдар тек жәбірленушінің туған-туыстары кешірім берсе ғана жазадан босатылады.
Қылмыскердің мойнына арқан ілінген соң оның аяғының астындағы орындықты жәбірленушінің туыстарының біреуі теуіп жіберуі керек. Орындық құлап түскенде қылмыскер арқанға ілініп, ауада салбырап қалады. Жан бірден шығып кете қоймайды. Оның өмірінің ең соңғы сәтінде қалай қиналғанын жәбірленушінің туыстары тура қасында тұрып көре алады.
Сонымен, мойнына арқан түскен Біләлдің қасына орындықты теуіп қалу үшін Абдолланың анасы жақындайды. Сәл әрегірек жерде Біләлдің туыстары еңіреп тұр. Қылмыскердің қасына таяп келген Абдолланың анасы… өзінің ұлын өлтірген жігіттің жағынан шапалақпен тартып жібереді де… «кешірдім» дейді.
Үкімнің орындалуын көруге келгендер өмірлерінде дәл сол сәттегідей толқымаған шығар. Халық теңселіп кетеді. Ұлы жазадан аман қалған ана мен ұлы осының ұлының қолынан мерт болған ана бірін-бірі құшақтап, қосыла жылап тұр. Бұл ақпаратты да, суретті де «Азаттық» сайты жариялады.
Абдолланың анасы Біләлді баласы көп болғандықтан кешірген жоқ. Анаға бала көптік қылушы ма еді?! Бала демекші, олардың таяуда Абдолладан бөлек 11 жасар тағы бір ұлы мотоциклден құлап өлген. Бұл отбасында қазір жалғыз қыз қалды. Бұл – бір отбасыға аз қайғы ма?!
Алайда, Абдолланың анасы өзінің ұлын өлтірген адамды кешіре білді. Неге? Бұл жерде мәселе – жүректе! Абзал ананың жүрегі қараймаған болып тұр ғой. Демек, жазаның орындалуын тамашалауға келген ирандықтарға Абдолланың анасының әрекеті ұмытылмастай әсер етті. Себебі олар дарға асылғанды көрмей жүрген жоқ. Көре-көре жүректері қарайып кеткен. Ал, мына жағдай олардың өмірін ізгілендіруге сөз жоқ, ықпал етеді.
Бір дұрысы, біздің елдегі заң-зәкүн барынша ізгілендірілген. Өлім жазасына мораторий енгізілгелі қанша уақыт өтті. Алайда, өмір болған соң әрнәрсені бір көресің, әрнәрсені бір естисің! Мына бес күн жалғанда қатаңданып, қатыгезденіп кетпесек, оның өзі бір ерлік емес пе?!
А. БЕКНАЗАРҰЛЫ.
SkifNews.kz
Leave a Reply