tories/0_64864_d3430346_L.jpg» width=»300″ height=»200″ alt=»0_64864_d3430346_L» style=»float: right;» />
«Ұл өсірсең – азаматты тәрбиелерсің, қыз өсірсең – ұлтты тәрбиелерсің» деген даналы сөз қазақ халқының дәстүрлі таным-түсінігіндегі әйел затының ұлттық болмыстағы шоқтығының биіктігін көрсетсе керек .
Әйел – жер бетіндегі тіршіліктің бастауы, әдемілік пен сұлулықтың символы. Қай кезде болмасын әйел әлемі ең алдымен отбасы, шаңырақ ынтымағын сақтаушы, ұрпаққа өмір сыйлап, аялап тәрбиелеу, ұлтымыздың құндылықтарын бойына сіңіруден басталады.
Халқымыздың қоршаған әлем туралы түсініктері жер-су атауларымызда көрініс тауып отырған, оның ішінде, әйел затына қатысты топонимдер де молынан кездеседі. Әйелге қатысты атаулар топонимияның гендерлік қырына жатады.
Қазақ даласында әйел затына қатысты жер-су атауларды, жеке есімдерді былай қойғанда, еліміздің әр аймағында кездесетін мынадай жүздеген атақ-дәрежеге қатысты және әлеуметтік мазмұндағы лексемалар құрайды екен: әйел (Әйелсай), қатын (Қатынқамал, Қатынкөпір), кемпір (Бескемпір), келіншек (Келіншектау), келін (Келінтөбе), бәйбіше (Ақбәйбіше), бике (Бекбике), бикеш (Ақбикеш), бибі (Айша бибі), бегім, ханым және т.б. Ал ең жиі кездесетіні қыз сөзімен келетін атаулар екендігіне көз жеткізуге болады: Әулие қыз, Қызәулие, Қызжылаған, Қызқұлаған, Қызбел, Қызасқан Қыземшек, Қырыққыз және т.б. Бұл атаулар метафоралық теңеу, нақты бір оқиғаға байланысты қойылып отырған және олардың басым бөлігі әйел бойындағы нәзіктік, әдемілік туралы ұлттық түсінікке ұласып тұр. Бурабайдағы қайыңға айналған мың бұралған биші қыздарды елестететін Биші қайың атауы да әсемдікті паш еткендей.
Келесі үлкен топты құрайтын ана сөзімен келетін киелі мазмұндағы жер-су атауларды еліміздің әр өңірінен кездестіруге болады. Бұл туралы белгілі этнограф ғалым А.Сейдімбек өз зерттеуінде былай дейді: «Сырдария бойындағы Көккесене, Бикем мұнара, Сарысу бойындағы Белең-ана, Болған ана, Арал түбіндегі Бегім ана күмбездері өзінің сыр-сымбатымен қайран қалдырады. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында қыз балаға, әйел-анаға қатысты сандаған топонимдерді кездестіруге болады: Домалақ ана, Қарашаш ана, Сыланды ана кесенелері, Қатынқамал, Келіншектау». Ал қазақ топонимиясында елеулі тарихи оқиғаларға қатысты, аттары аңызға айналған, парасаттылық пен махаббат символына айналған ару қыз, әйел есімдері қаншама көп десеңізші: Данабұлақ, Баршынкент, Ақжүніс, Таңсық, Айбике, Аягөз, Мамыр (Қалқаман) және т.б.
Әйел есімдері ежелгі қазақ космогониялық түсініктерімен де байланысты келеді, фольклорлық туындыларда кездеседі, мысалы, «Ай астындағы Айбарша», «Ай бетіндегі жетім қыз», «Күн астындағы Күнекей», т.б.
Ел ішінде әлі күнге дейін әйел есімдеріне қатысты аңыз-әңгімелер де молынан кездеседі. Мысалы, Қырыққыз, Қатынқамал, Келіншектау, Ақбикеш, Аягөз, Қостанай, т.б. Бұл аңызға айналған атаулардың көбісі қазақ қызының, жалпы қазақ әйелінің ержүректігін, батырлығын паш етеді.
Мысалы, Қатынқамал оңтүстік өңірдегі Қаратау тауындағы үңгір атауы жоңғар шапқыншылығы кезеңінде талайға пана болған екен. Балаларын жаудан таудағы үңгірге жасырған Қанымжан есімді әйел бастаған қырық қатын өз ұрпақтарының өмірін сақтап қалған. Бұл қамал «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында жоңғар жаугершілігі кезінде талай жазықсыз жанның өмірін сақтап қалуға үлкен септігін тигізген көрінеді. Осы төңіректе Қанымжансай атауы да кездеседі.
Ал қазақта киелі саналатын Қазығұрт өңіріне бара қалсаңыз, ғажайып тас мүсінге айналған Қырыққызды көресіз.
Көп замандардан бері табиғаттың өзі жаратқан киелі ескерткіш болып саналады. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бұрынғы жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп келе жатқан 40 қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар Құдайға «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ескерткішке айналған деседі. Бұл ескерткіш тас мүсіндер Тұрбат ауылының солтүстік-шығысындағы Аққұм өзенінің бастау алар жерінде. Ауылдан 5-6 шақырым жердегі сарқырама жардың қасында» («Қазығұрт» энциклопедиясынан алынды).
Ал қазақ жеріндегі Келіншектау туралы ел аузындағы әке қарғысына ұшыраған қыз туралы аңызды білмейтін адам кем шығар.
Сонау ерте заманда Қаратау етегінде өмір сүрген атақты бір байдың Айсұлу есімді өте сұлу жалғыз қызы болыпты. Қыздың сұлулығы жан-жаққа тез тарап, қыз 15 жасқа келгенде айттырушылар тұс-тұстан ағыла бастапты. Перзентін өте жақсы көретін бай қызының қалауы бойынша ғана тұрмысқа шығатынын қатаң ескертіпті. Жігіттерді асықпай таңдаған қыз ақыры біреуіне тоқтап, әкесінен батасын сұрайды. Бай уәдесінде тұрып, қызына қырық күн тойын жасайды. Той өткен соң бай қырық түйеге жасауын артып, қызын жолға шығарады. Айсұлу ауылдан ұзап, Балдысу өзеніне келген кезде көшті тоқтатып, сандықтардағы жасауларын тексере бастайды. Барлық бұйымдары таза алтыннан жасалыпты да, тек жалғыз итаяғы ғана ағаштан жасалған екен. Бұған қатты ренжіген Айсұлу әкесіне тез адам жіберіп, итаяқты да алтыннан жасатуды талап етеді. Қызының мұнысына қатты ашуланған бай: «О, жақсылықты түсінбеген қасиетсіз қызым, тас бол!» деп қарғаса керек. Сол замат Айсұлу да, шұбатылған көш те түгел тасқа айналып кеткен көрінеді. Сөйтіп, бұл жер «Келіншектау» аталып кетіпті.
Қостанай қаласының атауына қатысты ел аузында бірнеше аңыз-әңгімелер бар. Соның ішінде біреуі тарихта болған қыз есімдерімен байланысты. Сол аңыздың қысқаша мазмұны мынадай: «Ертеде бір кедей өзін және егіз қыздары Қос пен Танайды асырау үшін байға жалданып жұмыс істейді. Күндердің күнінде бай мен кедей арасында жерге қатысты дау шығады. Бай өктемдігін көрсетіп, кедейдің жерін тартып алады да, өзін елден қуып жібереді. Кедей Тобыл өзенінің бір сайына келіп жайғасады. Кедейдің сорына бір күні екі сұлу қызы ішқұсадан, аурудан өледі. Ол қыздарын Тобыл өзенінің жағасына жерлейді. Өтіп бара жатқан адамдар ол жерге ұзақ уақыт тоқтап, кейде қонып қалатын болған. Кейінірек ол жер халық арасында қыздардың атымен Қостанай аталады.
Салыстырмалы түрде қарастырар болсақ, әрине, еліміздегі жер-су атаулар құрамында ер есімдері сан жағынан анағұрлым басым екендігін мойындау керек. Алайда ұлтымыз әйел затына, қыз баласына құрметпен қарағандығын тек жер-су атаулары емес, тіптен, ру, тайпа атауларынан да көре аламыз.
Сақ дәуірінен бастау алатын Тұмар апамыз (Томирис), Баршын қыз, Ұлпан ана есімдері Мәншүк пен Әлия есімдерінде рухани жалғастық тауып, қазақ әйелінің, қазақ қызының өрлігін, биіктігін, сұлулығын айғақтайды.
Жер-су атауларда айшықталған аналарымыз бен арулардың есімдері халқымыздың ат қоюдағы шеберлігін, мәдени, эстетикалық талғамының, нәзіктікті бағалауының аса жоғары болғандығын паш етіп тұр.
Қыздархан РЫСБЕРГЕН,
филология ғылымдарының докторы,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі
Leave a Reply