2024-07-27

ЖАНЫ ҚАЗАҚ НАСТЯ

ЖАНЫ ҚАЗАҚ НАСТЯ

 

…Баянауыл атауы жөнінде ел ішінде тараған аңыздар көп. Қазақтың маңдайына біткен ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановтың зерттеуіне сүйенсек, моңғол тілінен аударғанда «Баян» – молшылық, «Ола» – тау деген мағына білдіреді екен. Яғни, бұл ырыс пен бақ дарыған берекелі мекен, молшылық тауы дегенді аңғартса керек. Тау баласын тау шыңдайды ғой. Көркіне көз тоймас осынау киелі жердің тағы бір ерекшелігі – қаймағы бұзылмаған қазақылығы дер едім.

Баян жеріне барған сапарымда сол кездегі аудан әкімі, қағылез жан Қорабай Шәкіровке соққаным бар. Қабылдау бөлмесінің есігін ашып кіре бере, бұрышта отырған өзі сары, көзі көк хатшы қызға үйреншікті әдетпен: «Здраствуйте» – деп амандастым. Орнынан күлімсірей көтерілген қыпша бел, сүйкімді қыз: «Сәлеметсіз бе, аға?» – деп сызыла үн қатты.

Сол сәт осы бір жауап маған әлемдегі ең әдемі сөздей әсер қалдырды. Себебі аудан әкімінің кіреберісінен қарсы алған қазақы жылылық жан дүниемді шуаққа бөледі. Сонда мен Кеңес дәуірінен бері көп өңірлерде қалыптасып қалған ресми орысшаның бұл елде дәурен құрып тұрмағанына көзімді анық жеткіздім.

Қазақы әдептілік, қарапайымдылық өн бойы­нан ескен қыздың есімі Настя екен.

– Аға, қазір жиналыс болып жатыр. Бес-он минутта бітеді, шай іше отырыңыз, – деді ол тағы да. 

– Рахмет, айналайын! Қазақ тілін қалай үйрендің? – деп сұрадым.

– Аға, Қазақ елінде өмір сүріп, қазақша білмегеніміз ұят емес пе?! Менің түрім сарылау болғанымен, жаным қазақ болып кеткен, – деп күлімсіреп жауап қайтарды хатшы қыз.

Мінезі де жайдары, ашық. Жауабы да жарасымды. Іңкәр көңілмен ізет білдірген арудың жүзінен ертедегі асыл аналарымыздың бейнесі елес бергендей болды. Күлімсіреген көк көздері қазақы тәрбиенің тағылымы мен тәлімін паш етіп тұр. Бұл жайт баяғы Мәшһүр Жүсіптің баласы жоқ орыс досына ішірткі беріп, перзентті болған оқиғасын еске түсірді. Бірнеше жылдан кейін сағым далада қой жайып жүрген өзі сары, көзі көк баладан:

– Кімнің баласысың? – дегенде, ол:

– Мәшһүр Жүсіптің баласымын! – деп жауап қатады.

– Оның мұндай баласы жоқ еді ғой?

– Ол кісінің Құдайдан сұрап алған перзенттерінің бірімін! – деп түрі өзге жанның таза қазақша сайрай жөнелгені ойға оралады.

Айтқандай-ақ, қазақтың тілін, дәстүрін меңгерген біздің кейіпкеріміз Настя кейіннен қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпты. Осыдан кейін бұл сайын даланы қалай киелі демессің?! Міне, Баянауылдың өнегелі қасиетінің бір парасы.

Қазақ елі қымбат. Ал оның топырағында туғандардың қазағыма деген махаббаты мен пейілі одан да қымбат.

 Әкім Ысқақ

Яндекс.Метрика