ҚАЗЫНА МЕН БАЗЫНА

1.Кітапқұмарлық

Бүгінде кітап оқу азайды. Есесіне көпшілік көк жәшікке телміреді. Ол да емес: қолтелефонға тәуелді. Бұрын қалай еді? Ертеректе ел жапппай кітап оқитын. Кітап жинайтын. Қойшының керзі етегінің қонышында, я қоржынында «Жұлдыз» журналдары жүруші еді, шиыршықталған… «Кезінде біз дүние жимадық, оның орнына кітап жинадық», дейді еліміздегі ең бай жеке кітапхана иелерінің бірі Мырзатай Жолдасбеков. Рас, кезінде кітап жинау бірқатар қазақ жазушыларының хоббиі еді. Қадыр Мыза Әлінің жеке кітапханасы да өте бай болған көрінеді. Мәскеуден шығатын «Книжное обозрение» газеті арқылы жаңа кітаптар тізімін жасап алып,іздеп жүріп, қолына түсіреді екен. Қаламгерлер С.Мұқанов Ә.Нұршайықов, Қ.Мұхамеджанов, Ө.Нұрғалиев,Темірхан Медетбектің жеке кітапханалары да олқы түспеген. Кезінде олар да кітап дүкендерінен, табылмағандарын «Букинист» кітап желісінен, тіпті қара базардан қарап жүріп жинауды машық етіпті. Қадыр ақынның кітап қоры 10 мың, базбіреу одан да көп болған дейді. Анығын білмедік, бірақ ақынның «азартный книголюб» болғанын мына бір өлең жолдары айшықтайтындай:

«Ұйқымды талай бұздым да,

Ұяңа тыным бергем жоқ.

Тап өстіп сұлу қыздың да,

Соңына түсіп көргем жоқ» (Қадыр Мырза Әлі).

2.Көптің игілігіне айналған мұра

Қазақ зиялыларының арасында кітапты көп игілігіне айналдыру үрдісі қалыптасып келеді. Көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков өзінің мол қазынасын, өмір бойы тірнектеп жинаған жеке кітапханасын түгелімен елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана қорына сыйға тартты. 2015 жылдың 22 қаңтарында «Мырзатай Жолдасбековтің мемориалды кітап коллекциясы» оқу залының тұсауы кесілді. Ғалым ағамыз әуел бастағы өткізген қазынасын бес жылдан бері толықтырып, бүгінде жеке кітапхана қорының жалпы саны 10410-ға жетіпті. Бұл залда сирек кездесетін құнды басылымдар туралы әңгіме бөлек.

… Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінің баспа бөлімінде жұмыс істеймін. 1999 жылдың көктемінде халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановпен университет студенттерінің кездесуі өтті. Әсерлі кеш соңында Қалтай аға өзінің 10 мыңға жетеқабыл кітабы барын, соның 1 мыңын осы университет кітапханасына сыйға тартатын айтып еді. Оған кешті жүргізіп отырған ректор М.Жұрынұлы да, қасында отырған академик Р.Бердібай да ризашылығын білдіріп, қуана құптасты.

Кітапханаға жиі барамын бірақ Қал-ағаңның кітапханасынан деп таңбаланған кітаптарды байқамадым. Кітапханашылардан сұраймын. Олар әл-әзіp ол сыйлық келмеді деп жүрді. Жылдар жылжыды. Даңғайыр драматург, қазақтың Қалтайы да дүниеден озды. Қаламгердің бай кітапханасының тағдыры не болды екен деген ой ара-тұра мазалайтын. Кейінірек (2015 ж.) драматургтің қазынасы Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап кітапханасына тапсырылғаны жөнінде ақпаратты көзіміз шалып қалды. Қалтай ағаның ұл-қыздары, зайыбы Фарида апай қаламгердің мол мұрасын шашауын шығармай, (8 мың дана кітапты) облыстық кітапханаға сыйға тартыпты. Іштей «Қалағаңның қазынасы ХҚТУ кітапханасына бұйырмаса да, туған елінің игілігіне жарайтыны қандай жақсы болған» деп қуанып қалдық.

Кезінде көп жазған һәм көп оқыған классик Қадыр Мырза Әлі өзінің мол қазынасының Алматыдағы пәтеріне, жертөлеге, саяжай үйіне сыймай тұрғаны жайында құлаққағыс етті. Баспасөзге сұхбат берді. Сол тұста ақынның туған жері Батыс Қазақстан облысын басқарып тұрған Қырымбек Көшербаев қаламгерге зәулім үй салып берді. Қадағаңның мол қазынасы (КамАЗ-бен кең жайға, Оралға көшірілді.(Ол туралы «Қадыр көшіп барады» деп «Алаш айнасы» жазды да). Мол қазына шашауы шықпай, шашылып қалмай құтты мекенге көшті. Үйі музейге айналды. Ақынның 80 жылдығына орай (2015 ж.) Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылып, ақынның кітаптары бүгінде оқырманның игілігіне жарап, жас ұрпақтың рухани азығына айналып, кәдеге асып отыр.

Жоғарыда сөз еткен көрнекті ғалым, қаламгер һәм қайраткер Мырзатай Жолдасбековтің азаматтық ұстанымы, өзінің жиған қазынасын жас ұрпақтың кәдесіне жаратуға табыстауы да тамаша үлгі болды. Қалам қайраткерлері Қадыр Мырза Әлі мен Қалтай Мұхамеджановтың да рухани мұраларының ел игілігіне пайдаланып отырғаны қуантарлық. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Ғұмыр бойы тірнектеп жинаған мол рухани қазынаның мұралануы, арғы тарихы да әрқилы болып кетеді. Сөзіміз жалаң болмасын: бір мысал. Ақын Қайнекей Жармағамбетовтің кітапханасы да еліміздегі ең бай жеке кітапханалардың бірі болған екен. «…Сол кітапхана тағдыры аянышты болыпты. Ақын айықпас дертке ұшырап, Торғайына келіп, демі үзілерде өзі Алматыдан түгелімен алдыртқан кітапханасына жәудіреп қарай беріпті. Көзі жұмылған соң көп ұзамай қызыл кірпіштен өрілген аурухананың бір бөлмесіне жиналған кітапханасы өртке оранған… Қалған-құтқаны қазір ел игілігіне айналып келеді… Иелері жоқ кітапханалар… Жанашырының көз майын тауысып, жиналып еді-ау! Қазір кімге мұра болып қалды екен? Бүгінгі күнге сол толық күйінде шашаусыз жеткендері де бар, өкінішке қарай шашылып қалғандары да кездеседі. Сырбай Мәуленовтің кітапханасын көргенбіз. Бүгін ше? Белгісіз? (Қ.Әлім.«Жеке кітапхана жемісі»//Егемен Қазақстан, 2011.01.07.)

Иә, кітаптың мұралануы, кейінгі ұрпақ кәдесіне жарап, жасақталуы үлкен әңгіме.

3.Түркі жұртына ортақ қазына

Осы тұста Түркістанда «Түрік халықтарының кітапханасын» жабдықтап ел игілігіне жаратып отырған жазушы-сыншы, ғалым Құлбек Ергөбектің еңбегін айтпасқа болмас. Құлбек аға да кәнігі кітапқұмарлардың бірі. Кітапқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған ғалымның бізге айтқан әңгімесі былай өрбіді: «Еліміз ғана емес түрік халықтарының арасында ең кітабы көп қаламгер мен болуым мүмкін. Кітақұмарлық деген де бір азарт дүние. Кезінде «Союз книголюбителей» деген қоғам болды. Мен сол қоғамның белді мүшесі болдым. Оның газеті болатын. Сол газетте мақалаларым жарияланып тұрды. ХІХ ғасырда Сантк-Петербург университетінің жанында Түркістан ғылыми-зерттеу институты және оның баспасы болған. Менде осы баспадан шыққан кітаптар бар. Атақты Бораганскийдің баспасы. Бораганский татар азаматы, Петерборда баспа ұстаған адам, Абай шығармаларын баспадан шығаруға жәрдем еткені, т.б. бұл өз алдына… Осы баспадан 1873 жылы шыққан Н.Северцевтің «О Туркестанских животных» деген еңбегі бар. Н.Северцев Атыраудан Шығыс Түркістанға дейін жаяу аралаған адам. Сол өзінің жеті жылғы экспидициясының нәтижесінде Түркістан өлкесінің географиясы мен тарихын зерттеп, осы ғажап еңбекті қалдырған. Әр кітаптың қолыма түсуі әртүрлі тарих, әртүрлі тағдыр. Ш.Уәлихановтың Веселовскийдің алғысөзімен жарық көрген, П.Полевойдың «Историй русский словестности», «История всемирной словестности» деген 1886 жылы жарық көрген құнды кітаптар бар. Кітапханамның бай болуының болуының өзіндік сыры бар. Б.Кенжебаев, фольклоршы ғалым К.Сейдеханов, академик М.Балақаев, Ө.Тұрманжановтар кітапханасын маған аманаттап кетті. Өзбекәлі Жәнібек кітапханасының бір бөлігі менде. Сахнагер Райымбек Сейтмет, жазушы Әдһам Шілтерханов, ғалымдар Т.Кәкішев,С.Қирабаевтар кітапханасын маған сыйлады. Осылардың барлығы жиналып «Түрік халықтары кітапханасын» құруға негіз болды. Біріншіден өзімде бар кітаптардың сан-сапасы түрткі болды. Осыдан біраз жыл бұрын 13 мың кітаппен осы идеяны қолға алдым. Содан маған кітап берушілер, идеямды қолдап-қостаушылар көбейді. Өзбектің көрнекті жазушысы Насыр Фазылов жеке кітапханасынан 4 мың кітап (өзбек тіліндегі) сыйлады. Герольд Бельгердің, Камал Смайыловтың жеке кітапханаларының жанашырларынан, шығыстанушы Өтеген Күмісбаев кітапханасынан кітаптар қосылды. Ұйғырдың үлкен ғалымы Қожахмет Садуақасовтың кітапханасы түп-түгелімен менде. Ол кісі Бейсекеңнің шәкірті болған. Жеңгеміз Омақ Садуақасова өз қолымен тізімдеп: «Құлбекжан, сен Бейсембай ағаның баласысың ғой. Түркі халықтары кітапханасын жасақтаймын деп жүрсің. Кейінгі ұрпақтың игілігіне жарар»,деп әкеліп тапсырды.

Бұл кітапхананың тағы бір ерекшелігі – тіл жағынан да бай. Қазақ, қырғыз, өзбек, татар тілдерін былай қойғанда, алтай, шор, саха, шуваш, тіпті жойылып бара жатқан лахай(түркі жұрағаты) тілінде де кітаптар бар. Түркиялық үлкен жүректі азамат Намық Кемал Зейбек досым түрік тілінде 4

мың кітап сыйлады. Сонымен, қазір ұзын саны 32 250 дана, 24 түрік тіліндегі кітап жинақталды. Көп адамның кітапқұмарлығы өзінің шығармашылығына ғана пайдасын тигізеді. Түркістандағы «Түрік халықтары кітапханасын» ашуға негіз болғандықтан, менің кітапқұмарлығым, білім қуған сан мыңдаған жандарға септігін тигізетін, көпке пайдалы кітапқұмарлық болды ғой деп ойлаймын».

P.S Кітап – қазына. Қазынаны ұстау, ұқсату бұл үлкен әңгіме. Ал Сіз кітап жинайсыз ба, мәртебелі оқырман? Қазынаңыз қай деңгейде? Бұл: замандасқа айтқан азырақ базынамыз.

Әтіргүл ТӘШІМ, журналист

Нұр-Сұлтан

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика