Хатшы қыздан келесі күнге кімдердің жазылғанын білгеннен соң Гүлнәр үстел үстін жинастырып, үйіне қайтуға бет алды.
— Сау болыңыз апай, — деді бұған шыға берісте хатшы қыз Перизат.
— Сау бол. Есіктерді жақсылап жауып шық, — деп күлімсірей жауап қатқан бұл сыртқа шықты. Жаздың тымырсығы кеш болса да әлі қайтпаған екен. Жұмыс бөлмесінде кондиционер, салқын жерде отырғандықтан, сыртта осыншалықты ыстық екендігін білмейді де екенсің. «Күн жанып тұр» деген тіркес осындай ауа-райына арналып айтылған ғой. Сағат кешкі
алтыдан асса-дағы, ауа қапырық, жұрт көлеңке сағалап жүр.
Бұл әдеттегісінше қала орталығындағы әсем субұрқаққа қарай беттеді. Иә, күндегі жұмыстан кейінгі алдымен баратын
орны сол. Сонда жарты сағаттай отырып, күні бойғы бойындағы ауыртпалықты сонда қалдырып кетуге тырысады.
Гүлнәр психолог болып қызмет етеді. Күніне бірнеше адам мұның қабылдауына келіп, бастарындағы түрлі ауыр
тағдырларымен бөліседі. Оларды жігерлендіру, өмірге деген құлшыныстарын арттыру, дұрыс ақыл-кеңес беру мұның міндеті. Олардың бойындағы ауыртпалықтардың барлығын өз бойына жинап алуға тырысады. Жұмыс соңында қатты шаршағанын сезеді. Міне, сол ауыртпалықтың барлығынан бұл субурқақ жанында арылады. Субұрқақ істемейтін кездері табиғаттың әсем орындарына барады. Содан кейін бойы жеңілдеп, үйіне қайтады. Бұл — қатып қалған қағида.
Бәлкім, әлдекімдер психологтарды ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, жоқ жерден ақша тауып жүргендер деп
ойлауы мүмкін. Иә, психолог алдында ең құрымаса бір сағат болып көрмегендер солай ойлайтын да шығар. «Алдына келген адамның басындағы жағдайды тыңдап алады да, ақыл-кеңес айтады. Ал, өмірде ақыл айтқаннан оңай нәрсе жоқ. Және сонысы үшін қыруар ақша алады. Жандары қиналып, мұрындары қанап жұмыс істемей-ақ, ақшаны күреп тауып жатыр…» Иә, дәл осылай ойлайтындар баршылық, бетіне айтқандар да кезіккен. Бірақ, шын мәнінде олай емес, психологтардың жұмысы өте ауыр. Олар алдына келген пациенттің жан-дүниесіне барынша терең үңіле білу
қажет, ауыртпашылықтарын бойларынан сылып алып тастау үшін түрлі әдіс-амалдар жасайды.
Субұрқақ түбіне келген Гүлнәр өзіне ыңғайлы орынды тауып алды да, соған жайғасты. Қаланың ыстығынан қашқан көп адам осы субұрқақ жанын маңайлапты. Әсіресе жастар мен балалардың сүйікті орнына айналғандай. Былайша қарасаң, бәрі де уайымсыз, бақытты жандардай. Әйткенмен, уайымсыз, түпкілікті бақытқа жеткен ешкім жоқ бұл өмірде. «Бірі кем дүние» деп бекер айтылмаған ғой. Әрбір адам бір-бір тағдыр. Әрбірінің күйіне, түңіле, жылай отырып айтатын бір тағдыры бар. Тек, емші уақыт барлық жан жарасын бірте-бірте ұмыттырады, ал тағдыр адамның алдынан тағы бір тосын сыйын дайындап отырады. Тіпті, кейде бір қайғыны екінші бір қайғы ұмыттырып жатады. Өлмеген соң соның бәріне шыдайсың. Әрине, басыңа қайғы түскенде сүйеніш болар, жаныңды жұбатар жан іздейсің. Егер ешкім сондайда жаныңа тірек бола алмаса және табандылық таныта алмасаң, онда тайғанақтап құлағаның. Құлаған жанның орнынан тұруы да қиын. Не бір жерін майып етеді. Гүлнәрдің алдына келетіндер де көбіне сондай тайғанақта қалған жандар ғой. Жылап отырып сырын да ашады, жырын да айтады. Гүлнәр түрлі аянышты тағдырларды тыңдаса да, жүрегі дір ете қоймайтын. Жо-жоқ, бұл тасжүректілігі, эгоистілігі емес. Кәсібі сондай мінезді міндеттейді де. Бұл да қосылып жыласа, сонда пациентті кім жұбатпақ?
Асықпай тыңдап алады, сұрақтар қояды, сауалдарының өзі оны жігерлендіретіндей, әлсіз тұстары үшін ұялтатындай етіп қойылады. Одан кейін кейде оның өзіне бір-екі хикаяны баяндап береді. Әрине, өмірден алынған оқиғаны, онда да өзі танитын жандар етіп алады кейіпкерлерді. Ол кейіпкерлерінің тағдыры мүлде ауыр, жан шыдатпас жағдайда өмір сүруде. Тек, олар табандылығы мен мықты ерік-жігері арқылы сол қиындықтың бәрін жеңіп, бақытқа қол жеткізгендер. Иә, мүгедек болса да өмірден түңілмейді, жетім болса да жыламайды. Салынып ішіп кеткендер ойланып, өз-өздеріне жігер беріп, көп
ұзамай иманды да бақуатты жандарға айналғандар… Осы сияқты ауыр тағдырларды мысал ете отырып, пациенттің болмашы нәрсеге бола күйгелектік танытып жүргенін білдірткісі келеді.
— Тәулігіміз күндіз бен түннен тұрғанындай, адам өмірі де сол сияқты қуаныш пен қайғымен алмасып отырады. Егер
бүгін басыңызға ауыртпалық, қиындық түссе, онда қуанғаныңыз дұрыс, өйткені сіздің түніңіз өтіп барады, алдыңызда көкжиектен күлік күніңіз қарсы алмақ.
Міне, Гүлнәр осы сияқты мысалды көптеп айтады.
— Мына ақ қағазды қолыңызға алыңыз. Мынау түррлі-түсті қарындаштар. Міне, мына бір ақ қағазға қара қаламмен
шимайлаңыз. Бойыңыздағы ауыртпалық — бұл қара сызықтар, қара шимайлар, барлық ауыртпалықты осы қағазға түсіріп, мүлде арылыңыз. Сосын алдыңызда өзіңіз күтіп тұрған қуаныш пен асыл арманджарыңызды мына ақ қағазға түрлі-түсті
қарындаштармен белгілеңіз. Сызық сызыңыз, сурет салыңыз, еркіңізде.
Иә, кейбіреу үшін ауыртпалығынан арылуға бір қағаз жеткіліксіз, бірнеше қағазды қара шимайға толтырады. Сосын
екінші ақ қағазға түрлі-түсті қаламмен гүл салады, кемпірқосақты бейнелейді. Бұл олардың жанын рахаттандыратыны сөзсіз. Гүлнәрдің оларға жасататын тағы бір әдісі бар. Қап-қара қағаздарды мыжғылатып жыртқызады. Бұл да адамның ішіндегі ашуын шығаруға көмектеседі. Яғни, жаман эмоциясын әлдекімнен емес, осылай болмашы бір қағаздар алу әлдеқайда пайдалырақ. Салқын ваннаға, душқа түсіретіні де бар. Су толтырылған салқын ваннаның ішіне жатып алып, армандап жату қандай рахат! Енді біреулердің көздері байланады, сосын ғана олар алаңсыз арманға
беріледі. Әдемі картиналарды тамашалай отырып еңселерін көтеретіндер де баршылық.
Жалпы, Гүлнәр адам бойындағы ауыртпалықты сылып тастауға мүмкіншілік беретін мұндай түрлі әдіс-тәсілдерді
меңгерген. Мәселен, кейбір клиенттерінің әп-әдемі, жаңа киімдерін өртетіп жібергені де бар. Сонымен барлық жамандық жанып, түтін болып ұшып кетті деп түсіндіреді. Енді бір клиентін тырдай жалаңаш етіп шешіндіріп, бір бөлмеде бірнеше сағат ұстағаны бар. Иә, ол жалаңаштанған кезінде өзін өмірге қайта келгендей сезініп, жеңілдеп қалған. Бұрынғы өткен өмірінің бәрін санасынан өшіріп, тек болашақ туралы ойлауға бекінген. Айқайлап өлең айтқызып, талай пациентті әнші де қылып жіберді ғой… Кейде өзі пациенттермен бірге балалардың ойынын ойнап кетеді. Балалық шақтан тәтті кезең бар ма адам үшін. Сона-ау жылдарда артта қалған сол кезеңге қайта оралу әркімнің-ақ жанын рахатқа бөлейтіні анық. Ересек адамдар сол үшін де балалардың сүйікті ойындарын беріле ойнайтын, өздерінің үлкен әйел, ер азамат екендерін ұмытып та кететін. Тіпті, арасында емізікпен сүт ішетіндері де кездесіп жататын.
Гүлнәр мырс етіп күліп жіберді. Иә, күлетініндей бар. Бұл бүгінгі пациенттерін есіне түсіріп отыр ғой. Кейбіреуі
болмашы нәрсені қайғы көріп келеді. Қызық…
«Алдыма келген әрбір жан бақытты болып кетсе екен. Бәрі де қиындықпен күресуді меңгеріп, сабырлықты серік етіп,
өмірмен күресе білсе етті… Шіркін-ай, қолымнан келсе, мына адамның барлығын, жер бетіндегі адамдардың барлығын бақытты етер едім!»
Гүлнәр осылай субұрқақ жанындағы тәтті арманының ең үлкеніне нүкте қойып, жымия орнынан көтерілді. Енді ол үйіне баруы керек. Еңсесі көтеріліп қалды. Су деген жарықтық адамның тәнін ғана тазартып қоймайды ғой, сонымен бірге, біле-білген адамға жанын да тазартады. Осындай әсем субұрқақтың, сарқыраманың, кәусар бұлақтың немесе балығы тулаған айдын көлдің жанында отыршы, бойыңның қалай жеңілдегенін өзің де сезерсің.
Үйіне келе сала терезелерді ашып желдетіп тастап, өзі бөлмелерді жинастыруға кірісті. Гүлнәр тазалықты сүйеді,
тазалық адамның еңсесін көтеруге көмектеседі. Лас жерге теріс энергиялар да құмар. Сондықтан, Гүлнәр үй іші айнадай тап-таза болып тұрса да, жұмыстан келе сала жинастыруды әдетке айналдырып алған. Бір киген киімдерін қайта жуып
тастайды. Осындайдан өзі ләззат алады әрі. Бәрін бітірген соң дәмді тағам істеуге кірісті. Жалғыз өзі тұрсадағы тағамның түр-түрін жасайды: салаттар, тәттілер дегендей. Асықпай тамақтануға отырды сосын.
Тамаш ішіп бол бергенінде телефонының қоңырауы безектей жөнелді, тұтқаны көтерді, сол екен.
— Қалайсың?
— Тамаша!
— Кім бар?
— Кім керек еді?
— Дұрыстап жауап берсей?
— Мен дұрыстап жауап беріп тұрмын ғой.
Кім керек еді саған?
— Ойнастарың.
— Олар жоқ.
— Өтірік. Құдайың беріп күніне бірнеше
еркекті тоқырлатып кіргізіп алып, білгеніңді істеп жүрген шығарсың?
— Егер солай ойласаң, онда солай
шығар. Мен сенің алдыңда ақталуға міндетті емеспін. Басқа айтарың бар ма?
— Мен сені өлтіремін!
— Егер арманың сол болса, амалым
қайсы… Бірақ, ішуіңді қойсаң етті. Ең құрымаса сау адамның қолынан өлейікші.
— Сен мені мазақ етіп тұрсың ғой!
Осының үшін өкінетін боласың әлі!
— Менің ештеңеге өкінбейтін адам
екенімді сен жақсы білесің ғой. Жарайды, сау бол. Менің уақытымды алма. Жақсы
демал. Сау кезіңде хабарласарсың.
Гүлнәр тұтқаны қоя салды. Сосын айқайлап
күлсін.
— Еркектер-ай…
Ары қарай ештеңе айтқан жоқ, бәрі
ішінде еді. Әндетіп жүріп үсте үстін жинастырды. Безектеп жатқан телефонға да
мән берген жоқ. Кім екенін біледі ғой.
Барлық жұмысын бітірген соң жұмыс
үстеліне жайғасып, қолына қағаздарын алды. Қаламсаптарын алып ақ қағаздың
беттеріне шимайлай бастады…
Гүлнәрдің өз тағдырымен күресіп жүргеніне де қырық жылға таяпты-ау. Ата-анасынан ертеректе айырылды. Өзін онша
жақтыра қоймайтын туысының үйінде теперіш көріп, жетімдіктің азабын тартып өсті. Жалғыз ағасы да пана бола алмады бұған, ауыр қылмыс жасап сотталып ол кетті. Өмірдің қиындығы ерте есейткен Гүлнәр мектепті бітіре салысымен-ақ өз
қотырын өзі қасуға бел шеше кірісті. Оқыды, жұмыс істеді. Оптимист болуға барынша тырысты. Алдында өзін тек қуанышты сәттердің ғана күтіп тұрғанына сенімді еді. Сол сәттерге ертерек жетуге ұмтылды. Иә, оны осы талпыныстары көп жетістікке жеткізді. Жұрт пәтерден-пәтерге көшіп жүргенде, бұл үш бөлмелі пәтер сатып алды, ішін жиһазға толтырды. Астына қымбат көлік мінді. Жеке психологиялық көмек беретін кабинетін ашты. Ештеңеден таршылық көрмейтіндей жағдайға жетті. Тек, оған отбасы ғана жетіспейтін. Оқу, жұмыс деп жүріп жас кезінде ешкімге қарамапты. Бәлкім, жетімдігі де бұған себеп болған шығар. Ал кейінірек жігіттерді таңдай бастады. Бұған көзі ашық еркек керек еді. Бірақ, уақыт өтіп жатты. Бұл барлық арманын ертеңгі күннен күтіп жүре беріпті, олардың арттағы күндерде қалып бара жатқанын мойындағысы келмейтін. «Ақбозаттағы ханзадам бүгін кездеспеді ме, онда ертең кездеседі». Иә, осылай өзін-өзі жұбататын да, уайымсыз жүретін, жыламайтын, қайғырмайтын. Күліп-ойнап жүргеніне қарап жұрт оны нағыз бақытты жан деп есептейтін. Бақытсыз деуге де келмес, бірақ, ол жалғыз…
Кейін бекжігітпен танысты. Басында тәуір-ақ көрінгенімен, психолог қой, көп өтпей-ақ оның қандай адам екенін біліп
алған. Әйткенмен, төсекте бір-екі кездескен соң оған деген құмарлығы оянды ма, бауыр басты ма, әйтеуір қимастық пайда болған. «Кемшілігі болса, оны өзім жөндетіп аламын, ол қолымнан келеді». Өзін осылай сендірген ол ажырасқан, өзінен бір-екі жасқа кіші Бекжігітті үйіне кіргізіп алды. Біраз тұрды екеуі. Бұл көтермеді, көтере алмады. Жасы келген әйелге көтеру қиын ғой. Оның үстіне бұның жұмысы Бекжігіте тым ерсі көрінетін, есі дұрыс еместердің ісін істейсің деп сөгетін. Соған қарамастан, Гүлнәр жұмыс істегісі келмейтін, одан гөрі достарымен қыдырып, ішіп-жеп жүргісі келетін күйеуін жөнге салғысы келіп, ақыл айтудан жалықпады. Әйелдің ақылды болғаны қай еркекке жақсын, Бекжігіт дөрекілікке көше бастады. Ұратын, ауыр сөздер айтатын. «Ақылыңды өз басыңа май қып жақ» дейтін. Гүлнәр қаншама психологиялық көмекке зәру жандарға қолұшын бере алса да, өз күйеуін түзу жолға сала алмады. Ақыры «Екеуміз біраз уақыт бөлек тұрайық, кездеспейік, сонда бір-біріміздің қадірімізді түсінерміз» деп, оны үйінен шығарып жіберді.
Содан бері Бекжігіт ішіп алған сайын үй телефонына қоңырау шалады. Ұялысына хабарласқанымен, көтермейтінін біледі
ғой. Хабарласқанда не, «сен мен жоқта біреуді кіргізіп алдың, менің көзіме шөп салып жүрсің»… осы сияқты әңгімелер. Күйеуінен жылы сөз күтетін әйелге бұның жеңіл тимейтіні анық, әйткенмен Гүлнәр сабыр сақтауға барынша тырысады. Шыдаған адам осындай-ақ болсын. Өзге біреу болса «Сен бәрібір адам болмайсың, бұдан кейін маған хабарласпа» деп бетін біржола қайтарып тастаушы ма еді, кім білсін…
Шынында да Гүлнәрді уайымдатқызатын нәрсе көп. Төртінші рет сотты болған абақтыдағы ағасы, өзін мектеп бітіргенше
баққан туысының отбасындағы таусылмайтын проблемалар, жаман жеңгесінің сүйектен өтер сөздері… Ешқайсысын ойламауға тырысады бұл. Болуға тиіс нәрсе осы болса, болып жатыр, бұл несіне күйіп-пісуге тиіс…
Алайда, әйел адам үшін мұның барлығы жеңіл емес-тін… Жасы келіп қалды, бала туа алмайды, заңды күйеуі болмаса бала да асырап ала алмайды… Сонда өмірден жетім болып өтпек пе? Ертең-ақ қартаяды, шайтан емес қой, сондағы тұрағы қай жер болмақ, қарттар үйі ме?.. Осының өзі Гүлнәр үшін жеткілікті уайым болатын.
…Келесі күні Гүлнәр жұмысына барған жоқ. Хатшы қызға бүгін өзінің болмайтынын, пациенттердің күйтпей-ақ қойғанының
дұрыс екенін ескертті де, өзі көлігімен тауға қарай бет алды. Таудың ең бір биік жеріне барды да, сосын ары қарай ауыр сөмкесін арқалап жаяулата шықты. Биік бір жардың жанына барып отырды. Айналада өзінен басқа ешкім жоқ. Ойлануға
да, өз-өзіңмен сырласуға да таптырмайтын орын. Жардан төмен қарашы, қандай терең құз, қандай керемет…
Гүлнәр ұшып жүрген құстарға қарады. Қандай рахат оларға, ұшып жүр. Қанат бітсе ғой шіркін, бұл да дәл қазір
қалықтап ұша жөнелер еді… Мүмкін, қанатсыз-ақ ұшар…
Гүлнәр бағанадан бері терлеп-тепшіп, мықшыңдап көтеріп келген ауыр сөмкесін ашты, іші толы қағаздар. Алды да,
жан-жағына шаша бастады. Бірнешеуі құздан төмен қарай қалықтап барады.
— Әнеки, бұл қағаздардың қанаты түгілі жаны да жоқ, сонда да олар ұшу бақытын сезіне алады! Ал мен ше? Ұшуды сезініп көрудің өзі бір рахат қой!..
* * *
Арада бірнеше күн өткеннен кейін ғана құтқарушылар Гүлнәрдің құс пен құртқа жем болған жартылай денесін тауып алды.
Ол жатқан жер мен өзі секірген құз маңында әлі де қағаздар шашылып жатыр екен. Барлық қағаз қара шимайға толы. Иә, бұлар Гүлнәрдің өміріндегі әрбір уайымы мен қиындығының, көрген азабының куәсі еді. Ол әдетте өз пациенттеріне мұндай қара шимайға толы қағазды өртеп жіберуге кеңес беретін, ал өзінің өмір бойғы қара қарындашпен шимайлаған қағаздарын жинап келгені түсініксіз. Бәлкім, расымен-ақ біреуге ақыл айтқан жеңіл шығар, өзіңді тәрбиелеуден өзгені тәрбиелеу әлдеқайда оңай болуы да… Әйткенмен, Гүлнәрдің құздан төменге қарай секіріп бара жатқанында қорқынышты емес, керісінше жан рахатын сезінгені сөзсіз еді, иә, ол мүлде қорыққан жоқ, қайта шаттана айқайлап, құстарша қалықтап төменге қарай зулап бара жатты… Өзгеге жұбаныш сыйлай алса да, өзін жұбата алмаған бір жанның сабағы осылай үзілді…
Кенже ШЫҢҒЫСБЕК.
«Сырласайық оңаша» газеті.
{jcomments on}
Leave a Reply