Болашақты ойласақ Жұбановша ойлау керек немесе бар қазақты дос көретін адам

       Болат Ахметұлы Жұбанов, ол кім?
       Анықтама орнына: Болат Жұбанов химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының құрметті директоры, Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 2014 жылдың 4 ақпанында 85 жасқа толады.tories/52023.jpg» width=»120″ height=»162″ alt=»52023″ style=»float: right;» />

Ақтөбе облысында туған. Мәскеу химия-технология институтын және аспирантурасын бітірген. КСРО ҒА Элементорганикалық қосылыстар институтының кіші ғылыми қызметкері, Қазақстан ҒА Химия ғылымдары институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, директоры, Қазақстан ҒА Химия-технология ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы, Қазақ мемлекеттік университеті жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасының ұйымдастырушысы және меңгерушісі әрі профессоры болған. Негізгі ғылыми еңбектері макромолекула түзілу процесін зерттеуге, жаңа мономерлерді, жылуға және отқа төзімді, медицинада қолданылатын полимерлерді, композициялық материалдарды алуға арналған. Поликонденсациялық процестердің теориясы мен практикасын дамытуға үлкен үлес қосты. «Ассоциативті поликонденсация» деп аталатын полимер түзілудің жаңа процесінің негізгі принциптерін жасады. Бұл принциптер көп функционалды мономерлерді қолдану арқылы полимерлерді синтездеудің жаңа әдісін жасауға мүмкіндік туғызды. Б.Жұбанов полимерлер алуға мүмкіндік беретін поликонденсациялық процестер катализінің ғылыми негіздерін жасады. Жаңа дәрілік препараттар — анальгетиктер, анестетиктер, туберкулез бен қатерлі ісікке қарсы және кардиотропты заттар алды. Ғалымның 700-ден астам ғылыми мақаласы, 7 монографиясы, 120-дан астам авторлық куәлігі мен патенті бар.
«Қазан төңкерісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

       Адам жасы ұлғайған сайын өткені жайлы көбірек ойланады. «Мен кім едім кім болдым?» деген сауалға жауапты жиірек іздейсің. Мен қарапайым теміржолшының баласы едім. Әкем де, шешем де қара танымағанымен, көкірек көздері ашық жандар еді. «Адал бол, оқы балам» дейтін. 3 сыныпты бітірген соң әкем «балам сен енді оқуды қалада жалғастыруың керек» деп туып-өскен разьезден қалаға аттандырды. Білім жолына осылай түстім. Ата-анам айтқан өсиет сөздер осы үнге дейін жанымда жаңғырып тұрады. Бүгінде мен ел таныған ғалыммын, академикпін. Халықтар достығына деген құрметім шексіз. Жоғарғы оқу орнын аштым. Білімімді, тәжірибемді білікті маман даярлауға жұмсап жүрмін. Жұбайым, қызым, ұлым да ғылым жолында. Біздің отбасын былайғы жұрт «академиктердің отбасы» десіп жатады.

       Жетім-жесірдің сөзін жерге тастай алмаймын. Сондықтан да болар мені «ата» деп еркелейтін бала көп және әр ұлттың балалары. Олай дейтінім Арыс қаласындағы №1-балалар үйінің тәрбиеленушілері әр барған сайын риясыз көңілмен «Атамыз келе жатыр» деп қарсы алады. Осы мекеменің жетпей жатқан жерін бүтіндеймін, балалардың жетістігі болса әр ай сайын «сүйіншімді» дайындап отырамын. Үздік оқитын оқушыларға өз атымнан степендия тағайындаймын. Өзім негізін қалап, басқарып отырған университетте республиканың түкпір-түкпірінен келген 200-ге тарта жетім бала тегін оқиды. Киімін де, тамағын да өз мойныма алғанмын. Тәуелсіз елімнің тұғыры биіктей түсу үшін өзіндік қосқан үлесім осылар. Аз ба, көп пе, оған болашақ баға береді.
       Осы уақытқа дейінгі еңбекпен өрілген ұзақ жолға ойша сапарласым көз алдыма қазақтың химия саласының көшін бастаған, осы саланың бағын ашқан ұлы тұлға келіп тұра қалады. Ол — Болат Жұбанов, менің әкем мен шешемнен кейінгі ғылым, кісілік, парасат әлеміне жол көрсеткен өмірлік ұстазым. Күнде таңертең жұмысқа шығарда кісілік келбетімнің бойтұмарына айналған галстукті мойныма тағамын, күнде Болат ағам есіме түседі.
Жаспын, сол кездегі іргелі оқу орны Қаз ХТИ-дің жолдамасымен Алматыға ауысып, ғылым жолына түсіп, химия саласын зерттеп жүрген кезім. Қазақ ССР ғылым академиясы химия ғылымдары институтының аспирантымын.Жетекшім қазақта алғаш химия саласы бойынша докторлық қорғаған академик Ердан Нығметұлы Әзірбаев. Мендегі ғылымға деген құштарлықты таныған, сол қиын жолда баптап, жол сілтеген ол кісіге менің алғысым шексіз.
Жоқ-жітік, үш баламен пәтерде жүргеніме қарамастан мен бақытты аспирант болдым. Бақыттылығым Алматыға білім іздеп барған мені тағдыр текті адамдарға жолықтырды. Таршылық қойсын ба, бір күні институт басшысының алдына елге қайтатынымды айтып кірдім. Аспиранттың степендиясын я пәтерге жеткізе алмаймын, балалар отырады көзі жәутеңдеп, балабақшада орын жоқ, келіншегім жұмыссыз. Осылай да осылай, елге қайтуым керек. Болат аға сөзімді бөлмей тыңдады.
– Келіннің мамандығы кім еді? Жанды аялаған қоңыр дауыс.
— Химик.Ташкенттегі университетте бірге оқығанбыз.
— Жақсы. 
       Менің көптен бері еңсемді басқан мәселе бір сағатта-ақ шешілді. Жатақхана алдым, балалар балабақшаға орналастырылды. Келіншегім бір ғана звонокпен Ауыл шаруашылығы институтының зертханасына жұмысқа тұрды. Құтқарушым да, қолдаушым да Болат Ахметұлы.
       Сол ұлы композитордың ұлының шапағатын көрген Керемет Қуатбекова бүгінде Сайрам ауданындағы Ақсукент көпсалалы колледжінің директоры, химия ғылымының кандидаты, профессор, Қазақ Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының корреспондент мүшесі, ҚР-сы білім және ғылым саласының Құрметті қызметкері.
Ол жағдайыңды айтпай-ақ түсінетін,бар қазақтың баласын өз баласындай көріп, бауырына баса алатын Ғажап Адам. Осылай біз Болат ағаның арқасында жүректің мейірімін, кең пейілді сезініп өстік. Мұнан артық бақыт бар ма?!
       Бірде маған сол кездегі осы ғылым ордасының басшысы Болат Ахметовпен сапарлас болу бақыты бұйырды. Мен сол жолы адамгершіліктің асқан бір жоғары үлгісін көрдім. Жұмыс бабымен Мәскеуге бардық. Балалы-шағалы аспиранттың қалтасында артық ақша қайдан болсын! Алғаш Мәскеуге барасың дегенді естігенде басшылыққа кіріп осыны ескерткім келген, бірақ менің қамқор ағам бұл мәселені де шешіп қойыпты. «Ұшаққа билет дайын» — дегенді айтты хатшы қыз. 
       Ол кісі менің ғана емес сол кезде осы салаға келген әрбір жастың болашағынан зор үміт күтетін және айтқызбай-ақ жағдайларын түсінуге, қолынан келсе көмектесуге тырысатын.Химия ғылымдары институтында Жұбанов келгенше 99 орыс жүрсе, ол институтқа басшылық еткен жиырма жылда 99 қазақ жасы келіп түрлі жаңалықтар ашты.Ол біздің жағдайымызды әр он күн сайын арнайы келіп біліп тұратын. 
Зертханадан шықпайтын кезіміз, бәрі қызық, оның үстіне ғылыми жұмысымызды уақытында аяқтау жауапкершілігі бар мойнымызда. Бірақ денсаулыққа зияны болғандықтан зертханада жұмыс істеуге күндізгі 16.00-ге дейін ғана рұқсат берілетін. Бір күні жастар жиналып жұмыс уақытын түнгі 12-ге дейін созу туралы өтініш айтып хат жаздық. Директор өтінішімізді жерде қалдырмай рұқсатын берді.
       Болат Ахметұлының жұмыс істеу, басқару стилі ерекше еді. Кеңес дәуірінің темірдей тәртібін бұзбай-ақ мәселені ешкімге зиянын тигізбей, ұлттық мүдде тұрғысынан әділ шеше білетін. Ол өте мейірбан, жұмсақ адам, солай бола тұра талапшыл болды. Жауапкершілік жүктей алатын, лауазымына, атақ-даңқына қарамастан жаспен жас, үлкенмен үлкенше сөйлесіп, баурап алатын. Бізге сенетін, ал біз шынайы әкелік қамқорлықты сезінетінбіз.
Ол бізге елдің болашағы деп қарады. Сол себептен де бізді осы саланың мықтылары саналатын Мәскеу, Ленинградтағы жоғары оқу орындарының оқытушылары, дәрежесі үлкен ғалымдарымен таныстыруды міндеті санайтын.Ол бізді барған жерінде туған баласын ертіп жүргендей ертіп жүрді, достарымен таныстырады. Ал, достары есімдерінен ат үркетін өз ісінің білгірлері, кандидаттар, докторлар, академиктер, генерал-лейтенанттар… шетінен кіл мықты.
       Мына жағдай әлі есімнен кетпейді. Мәскеуге алғаш барған сапарымыз. Болат Жұбанұлының әр минутының орны бар, жұмыс кестесі түзілген. Бара салып Болат ағам менімен дүкен аралап, бастан-аяқ киіндірді. Мойныма галстукты өз қолымен тағып берді. Галстукті тұңғыш рет осылай тақтым, содан кейін галстуксіз жүрген емеспін. Қазір ойласам ол кісі «мен үлкен ғылыми ортаға қазақты әкеліп тұрмын» деп ойлаған екен ғой. Ұлтқа деген құрмет, ұлт болашағына деген сенім деп осыны айту керек! 
       Кейін де кандидаттық жұмысымды қорғау мақсатымен жүргенімде де көп қолұшын берді. Ресейден қолүзбеген уақыт, орыстың менмін деген химиктерінің бәрімен таныстырды. Мұндай қамқорлықты бір мен ғана емес, сол жиырма жылда институтта қызмет істеген кіші, аға ғылыми қызметкерлердің бәрі көрді десем, жаңылыса қоймаймын. Қазір солардың бәрі Қазақстанның түкпір-түкпірінде химия саласында, өндіріс орындарында, жоғары оқу орындарында тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет етіп жүр. Менің жастарға үнемі «болашақты ойласақ Жұбановша ойлап, қазақты сүйсек Жұбановша сүю керек» деп айтатыным сондықтан. Менің бүгінгі жеткен жетістіктерімнің негізінде Болат Жұбановтың тектілігі мен мейірімі, үлкен жүрегі жатыр. Мен Ахметұлынан қайырымдылықты, жомарттықты үйрендім. Жұбановтың жүріс-тұрысының өзі сол кездегі жастар үшін өнеге еді.
Әбдімұса ҚУАТБЕКОВ,
химия ғылымдарының докторы, академик.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика